ТАЛҒАР АУДАНЫНЫҢ БАС ИМАМЫ: ҚАДІР ТҮНІН ҚАРСЫ АЛУҒА ОРТАЛЫҚ МЕШІТКЕ 400-ДЕН АСТАМ ЖАМАҒАТ ЖИНАЛДЫ

ТАЛҒАР АУДАНЫНЫҢ БАС ИМАМЫ: ҚАДІР ТҮНІН ҚАРСЫ АЛУҒА ОРТАЛЫҚ МЕШІТКЕ  400-ДЕН АСТАМ ЖАМАҒАТ ЖИНАЛДЫ

Қасиетті Рамазан айында барша мұсылман асыға күтетін Қадір түні екі жылдан кейін мешіттерде атап өтілді. Бұл түні мешіттер уағыз-насихат, викториналық сұрақ – жауап, нәпіл намаздар оқу, сәресі беру секілді шаралар ұйымдастырды. Талғар аудандық «Әбу бәкір Ас – Сыддық» мешіті биыл бірінші рет Қадір түнін жамағатпен өткізді. Тұрғындардың санасында «Қадір түні Қыдыр ата келеді. Дастархан жайып қою керек. Мешітте күту керек» деген сенім қалыптасқан. Осы тұрғыда біз Талғар ауданының бас имамы Нұржан Пірәліұлымен сұхбаттасқан едік.

«Қадір түні – тағдырлар өзгеретін түн. Бұл түнді құлшылықпен, ғибадатпен өткізген дұрыс. Мешітте таң атқанша отыру деген міндет жоқ. Құран оқып, зікір айтып, нәпіл намаздар оқып, дұға жасап, Алла Тағаладан кешірім сұраумен өткізген абзал. Мешітке келуге мүмкіндік болмаса, үйде алақан жайып дұға жасауға да болады. Дұға – мұсылманның қаруы. Сол себепті, барынша дұға жасап қалу керек. Осы түні жер бетіне түскен періштелер мүміндерді айнала қоршап, Алланың кешірімін сүйіншілейді. «Періштелер және Жебірейіл (ғ.с.) ол кеште Раббыларының рұқсаты бойынша барлық іс үшін түседі» деген аят бар. Демек, Алланың қалауымен құлшылық, ғибадаттар қабыл болып, дұға кері қайтарылмайды,»-дейді Нұржан қажы.

Бас имамның айтуынша, биылғы Қадір түнін орталық мешітте қарсы алуға 400-ден астам тұрғын келген. Солардың бірі – Сәуле. Баласын ерткен келіншек Алла Тағаладан анасының денсаулығы үшін шипа сұрайтынын айтты. «Қадір түнінде жасалған дұғалар қабыл болады дейді ғой. Сол себепті, ауруханада жатқан анама дұға жасайын деп келдім», — деді мешітке ұлымен келген ана. Ал Ермек есімді тұрғын әр жыл сайын Қадір түнін мешітте өткізуге ұмтылатынын айтты. Намаз оқу білмесе де, дұға жасап, уағыз тыңдап қайтады екен.


Қадір түнінен кейін төрт күннен соң ораза да бітеді. Артынша Ораза айт тойланады. Биыл Рамазан айының Ораза айты — 2 мамыр күні. Бұл күні Алланың разылығы үшін бір ай бойы ауыз бекіткен жандар ауыздарын ашып, оразасын тоқтатады. Рамазанмен қимай қоштасқан халық бір-бірін құттықтап, келесі оразаға аман – есен жетуге тілек етеді.

Айнұр Махамбетқызы, тілші