«Қозы Көрпеш –Баян сұлу» күнінің ресми түрде «ғашықтар күні» аталғанына биыл 23 жыл толыпты. Махаббат үлгісіне айналған Қозы мен Баян күнін алғаш 1999 жылы қоғам және мемлекет қайраткері Дархан Мыңбай ұсынған.
Ол жастар ұйымдары, оқу орындары мен бұқаралық ақпарат құралдарын ұлттық ғашықтар күнін мерекелеуге шақырды. Ал, 2011 жылы Алматы әкімдігінің жастар саясаты басқармасы 15 сәуірді – Ұлттық ғашықтар күні ретінде өздерінің ресми шараларына қосты. Десе де, Қозы мен Баян күні, әлі де болса, «Әулие Валентин» мерекесінің алдына шыға алмай жатқандай. Қазақ жастарының махаббат символы болған Қозы мен Баян күнін жастар неге ерекше серпінмен атап өтуге қауқарсыз? Жалпы, осы мерекенің жалпылама сипат алып, кеңінен таралмауына не кедергі? Бұл туралы біз жастардың өзінен сұрап көрдік:
Қайрат Темірлан, студент:
-Ғашық болу, сезім күнін атап өту — біздерге қызық! Менің аға — тәтелерім «Әулие Валентин» күнін тойлап, ұнатқан жандар бір-біріне сезімдерін білдіріп, сыйлықтар сыйлап жататыны есімде қалыпты. «Қозы – Көрпеш – Баян сұлу» күні жастар арасында айтылады, оқу орнында дайындықтар жүреді, шаралар болады. Осылайша, тек сол күні атап өтіліп, ұмытылып кетеді. Бәлкім, бұл күнді сонша ресмилендірмей-ақ, еркін атап өтуге мүмкіндік беру керек шығар. Мысалы «Әулие Валентин» күні жақындағаннан жастарда бір серпін, күту сезіледі. Өтіп кетсе де, соның әсерінен шыға алмай, еске алып жүреді.
Димаш Бақыт, студент:
-Мен өз басым «Қозы Көрпеш – Баян сұлу» күнінің болғанын, атап өтілгенін қалаймын. Мен «Әулие Валентин» күнін тойламаймын. «Қозы Көрпеш — Баян Сұлу» күніне басқаша өң беру керек сияқты. Олай болмаған жағдайда, тек аты бар, бірақ атап өтілу деңгейі төмен мереке қатарында қалып қояды деп ойлаймын.
Аружан Марат, 2 курс студенті:
-Менің өзіме «Әулие Валентин» күні қызық! Дәл осы күні ерекше сезім білдірушілер болады, дүкен сөрелеріне ерекше сыйлықтар келеді, тіпті, қызықты кинолар көрсетілімі болып жатады. Мүмкін осындай жан-жақтығымен қызықтыратын шығар? Ал, Валентиннің кім екенін, оның аты неге осындай мереке күніне айналғанын білмеймін.
Бізбен сөйлесіп, пікірін білдірген студент жастар осылай ойларын ашық жеткізді. Олар «Қозы Көрпеш – Баян сұлу» күніне жаңаша сипат жетпейтіндігін айтуда. Әрине, оқу орындары түрлі поэзия, концерттік кештер өткізеді. Бірақ, осындай сезімге толы күні де арнайы шаралар ұйымдастырылса. Өйткені, ұлттық ғашықтар күнінің реңін ашатын ерекшелік керек –ақ!
Осы орайда, айта кетсек, Талғар ауданында соңғы 3 айда 311 неке қиылған. Жаңадан отбасы құрғандардың 70 пайызы — 30-35 жасқа дейінгі жастар болса, қалған 30 пайызы — 35 жастан асқандар.
Айнұр Махамбетқызы, тілші