Айдың-күннің аманында Қайнар ауылдық округіне қарасты Көктал ауылында жарық жиі өшетін болған. Электр тапшылығы еселеп артқан мына заманда жарқырап тұрған жарықтың ескертусіз, әп-сәтте, жалп етіп өше қалуы көкталдықтардың ашу-ызасын тудырды. Әсіресе, жарықтың 8-наурыз мерекесі қарсаңында өшкені Көктал ауылы тұрғындарының жанына батқан.
– Бір апта жарықсыз отырдық. Өздеріңіз ойлаңыздаршы, барлығы электрге тәуелді болып тұрғанда, бір апта тұрмақ, бір сағат жарықсыз отыру қаншалықты азап екенін. 7-наурыз күні таңғы 5-те өшіп, кешкі 19.00- де жанды. Келесі күні де күндіз бір өшіп, бір жанып әуреге салды. Дәл осылай бір апта өшіп-жанып тұрды. Трансформаторлық станция жекеменшіктің қолында болған соң өз дегенін қылып отыр ма сонда? «Айғаным» ықшам ауданындағы диспетчерлерге звондасақ, «біз білмейміз» деген жауап аламыз. Электр жарығының әр киловатына 28 теңгеден төлеп келе жатқаныма жеті жыл болды. Бұл кәдімгідей қалтамызға салмақ. „Неге қымбат?“ десек, коммуналдық төлемдерге қосылатын қаржы бағаналарды жаңалауға жұмсалады дейді, бірақ жаңаланған бағана көрмедік. Жарықтың өшуі де сол ескірген техникадан болып отыр ғой! Одан қала берді екі жыл қатарынан «потеря» дегенді төледік. Бірінші жылы — 300 теңгеден, екінші жылы — 400 теңгеден. Бұл не үшін десек, «жаңа тұрғын үйлер үшін электр сымын тарттық, бағаланар орнаттық, соның ақысы» деп жауап берді. Тіпті, квитанциялық кітапшаны да 100 теңгеден сатып аламыз. Қып-қызыл шығынға батырып отырған мұндай жекеменшіктерге тосқауыл жоқ па сонда?
— дейді ашынған ауыл тұрғыны Ақерке Ержанқызы.
Жолдың, газдың «жырын» жырлап, әкімдіктің табалдырығын тоздырған жұртқа енді электр жарығының әуресі қосылды. Қуат көзі кенет болмай қалса, талай адамның еңбегі зая кетті деген сөз ғой бұл. Жалпы 200-ге жуық түтіні бар Көктал ауылы ескі және жаңа болып екіге бөлінеді. 50-60 үй орналасқан зират маңындағы байырғы тұрғындар да, 130-дан астам үйі бар жаңа көшенің жұрты да электр жарығын 28 теңгеден төлеп келеді екен. Қайнар ауылдық округ әкімі Нұрболат Манапбаевтан да, «АлматыЭнергоСбыт» ЖШС-нен де оңды жауап ала алмаған халық бұл мәселені аудан әкімі Қайдар Әлиханұлының алдында көтерді. Көктал тұрғындарының электрден әбден зәрезап болғандары соншалық, бірінші жанайқайларын содан бастады. Қайнар ауылдық округіне ел алдында есеп беруге барған аудан басшысы халықтың назынасын мұқият тыңдап, былай деп жауап берді:
– «Цифрлы Қазақстанға» бет бұрған мемлекет үшін ауылдардағы жарық сапасын қалпына келтірудің маңыздылығы айтпаса да түсінікті. Бүгінде электр торабына жауапты компаниялар жекеменшік болғандықтан, кей мәселелерді ашып айту қиын. Бірақ, әкімдік жауапты тұлғалармен бірлесе әрекет етуге ұмтылады. Бұл жерде тұрғындардың да ауызбіршілігі керек. Тиісті құжаттарды 100 пайыз жинап, АЖК-мен («Алатау жарық компаниясы») келісім-шартқа отырса, электр жарығын төмен тарифпен төлеуге мүмкіндік бар. Сондықтан, тұрғындар істі өздерінен бастауы керек. Құжаты дұрыс емес тұрғындар болса, жергілікті әкімдік көмектесуі керек.
Осы жөнінде ауыл тұрғыны Ақерке Ержанқызынан сұрап едік:
– Біз де осыны дұрыс шешім деп қолдаймыз. 100 пайыз тұрғындардың 30 пайызының ғана құжаты тура болып шықты. Ватсапта арнайы чат құрып, «тездетіңіздер!» деп асықтырып жатырмын. Қазақтарда немқұрайдылық басым ғой! Үй салуды біледі, құжатқа келгенде селқос қарайды. Енді бірдің кесірі басқаға тиіп отыр. Үкімет беріп отырған көмекті дұрыс пайдалануға ерінеді. АЖК-ға шетінен өтуге болмайды екен, олар тек 100 пайыз дайын болғанда ғана қабылдай алады.
Осы жерде «электр желісінің жекеменшіктің иелегінде болғаны қаншалықты дұрыс?» деген сауал өз-өзінен туындайды. Олар, яғни, жеменшік компания, мемлекетке қарағанда өз пайдасы үшін жұмыс істейтіні бесенеден белгілі. Дамыған елдерде бекітілетін коммуналдық тарифтер арнаулы сарапшылардың қатысуымен талқыланып, тұрғындарға ұсыну сияқты амалдар қолданылады екен. Бәлкім, бізде де осы жолға өту керек шығар?!
Меруерт Мәулетқызы, тілші