Екі жыл үзілістен кейін елдің басын қосқан ең алғашқы ұлы той — Наурыз мейрамын атап өтуге ауданның бас алаңына 5 мыңға жуық адам жиналды. Талайдан бері бұндай аста-төк дастарханның басында басы тоқайласпаған халық бір-бірімен қауышып, төс түйістіріп, ағайынның аманшылығын біліп, өткенге салауат айтып, бір-біріне ақ тілектерін жаудырды.
Жалғыз ғана Талғар қаласының өзінде 34 киіз үй тігіліп, 1700 литр наурыз көже халыққа тегін таратылды. Жалпы, бұл күні дастарханын ұлттық тағамға толтырған киіз үйлер келген кісіден көк тиын алмай, қонақ етті. Жайылған дастарханның төрінде шен-шекпенділер отырып, қызығын қызметкерлер көрген кешегі күн мен бүгінгі берекелі дастарханның көрінісі жер мен көктей!
Халық қарасының көп болатынын күні бұрын ескерген аудан әкімшілігі жылдағыдай бар қызықтың бәрін қала орталығына үйіріп қоймай, «Жастар» стадионына да киіз үй тігіп, қала тұрғындарын барынша қамтуға тырысты. Аудан орталығы ғана емес, ауылдардың да жаңа жылды жаңа серпінде атап өтуі өз алдына бір бөлек.
Талғардағы той аудан әкімі Қайдар Әбдіхановтың құттықтауымен басталып, қаламызға қонаққа келген «Құлан саз» ансамблі және танымал эстрада жұлдыздарының өнерімен өрбіді. Алтыбақан құрылды. Мерекені сағынған халық мәре-сәре болып, ұлттық мерекенің әрбір сәтін ұмытылмас үшін ұялы телефондарына түсіріп алуға тырысты. Ақ жаулықты аналар адыраспан түтіндетіп, «халқымызды бәле-жаладан, қайғы-қасіреттен сақтай гөр!» деп тілек тіледі.
Ұлттық мейрамда ұлттық ойындар да көрініс тапты! Тойға келген ағайынға қазақ күресі, тоғызқұмалақ, арқан тартыс сынды ұлттық ойындар назарға ұсынылып қана қоймай, қатысуына да мүмкіндік берілді. Күні бұрын хабары тараған бұл тойға еңкейген қарттан, еңбектеген балаға дейін күннің суығына қарамастан келді.
Тіпті, жекелеген кәсіпкерлер халық арасына шығып, ең әдемі ұлттық киім киіп келгендердің арасында ұтыс ойындарын ойнатып, түрлі сыйлықтар таратып жатты. Ойда жоқта олжалы болғандардың бірі — Талдыбұлақ ауылының тұрғыны Елмұрат Сағындықов. Айтуынша, жоғарғы деңгейде тойланған биылғы Наурыз ел есінде ұзаққа қалады.
Сахнада айтылған әнге, ұсынылған дәмге ризашылығын танытып, ұйымдастырушылар ісіне жоғарғы бағасын берген қонақтардың шын қуанғанын жүзінен байқау қиын болмады. Келіп жеткен мерекеміз берекемізді арттырып, ағайынның арасындағы ынтымағымыз ыдырамасын,-деген үлкендер жастар үшін мұндай шаралардың маңызы зорын айтып, алғысын білдірді.
Дархан Мақсатұлы, тілші