«ТЕҢГЕ ҚҰЛДЫРАП ЖАТЫР, АЛ ОТАНДЫҚ ТЫҢАЙТҚЫШ БОЛСА НАРЫҚТА ЖОҚ!» ТАСЫМАЛДАУШЫ КОМПАНИЯЛАР ДИҚАНДАР ҮШІН ҚИЫНДЫҚТЫҢ КӨКЕСІ ЕНДІ БАСТАЛҒАНДЫҒЫН АЙТАДЫ

«ТЕҢГЕ ҚҰЛДЫРАП ЖАТЫР, АЛ ОТАНДЫҚ ТЫҢАЙТҚЫШ БОЛСА НАРЫҚТА ЖОҚ!» ТАСЫМАЛДАУШЫ КОМПАНИЯЛАР ДИҚАНДАР ҮШІН ҚИЫНДЫҚТЫҢ КӨКЕСІ ЕНДІ БАСТАЛҒАНДЫҒЫН АЙТАДЫ

Биыл Талғар ауданында 32 мың 200 гектар жерге ауыл шаруашылығы дақылдарын егу жоспарланған. Оның 13 мың 500 гектарына — дәнді дақылдар, 4 мың 600 гектарына — майлы дақылдар, 2 мың 900 гектарға — картоп, 2 мың 700 гектарға — көкөністер, қалғанына бақша дақылдары мен жем-шөп өсіру көзделген екен. Күн жылынып, жер құрғаса болғаны, әне-міне, көктемгі дала жұмыстары басталады. Алайда, шаруалардың ауыртпа­шылы­ғы әлдеқашан басталып кеткен.

Өйткені, Украинадағы жағдай­дан соң тұқым, пестицид пен микротыңай­тқыш­тардың бағасы екі, тіпті үш есеге дейін көтеріліп кетті. Еліміздің өсімдікті паразиттерден, түрлі аурудан қорғау үшін қолданатын химикаттарға дейін сырт елден сатып ала­тын­ы жасырын емес. Талғар ауда­нының шаруаларын егістікке қа­жет­ті минералды тыңайтқыштар мен тұқыммен қамтамасыз ететін бірнеше дистрибьютор бар. Олар өнімді көтерме бағамен сатып алады да, сосын оны тек Талғарға ғана емес, Қазақстан бойынша сатады. Сондай фирмалардың бірі — «Алем Агро Холдинг». Франция, Германия, Испания, Италия, Украинадан жүгері, пісте, рапс, көпжылғы шөптер мен жоңыш­қа тұқымдарын алып, сатумен айналысатын компанияның Алматы облысы бойынша аймақтық менеджері Айдын Бастаубаев Украинадағы жағдай­дың бағаға әсер еткендігін ашық айтып отыр. «Саяси ахуалдың салдарынан логистикалық мәселе туындады», – дейді ол.

– Сол себепті, өнімнің тек 30 пайызын ғана жеткізіп үлгердік. Ол өнімдерді доллар бағамы 430 болып тұрған кезде алдын ала төлеп қойған шаруалар сол ескі бағамен алып жатыр. Ал жаңа тасымал басқа бағамен келеді.

Мысалы, жүгерінің тұқымы бұған дейін бір қабына, яғни 25 келісіне 70 мың теңге болса, енді оның бағасы 80-85 мың теңгеге көтерілуі мүмкін. Ол өндіруші мен тасымалдаушының, әрі тасымалдаушы мен сатып алушының келісім-шартқа отырған күндегі валюта бағамына байланысты. Ал теңге болса, күн санап құлдырап жатыр. Мәселен, 10 наурыздағы түстен кейінгі уақыт бойынша ақша айырбастау орындары 1 долларды 517-ден сатып алып, 519 теңгеге сатты.

Дистрибьютор бағаны көтермеске амалымыз жоқ дейді. Өйткені, шетелдік компаниялар ақшаны теңгемен алмайды. Сауда тек доллармен, еуромен ғана жасалады. Яғни, теңге сырт мемлекетте жүрмейді. Тасымалдаушының айтуын­ша, теңгенің құнсызданғаны сонша, жолға жұмсаған қаражаттың өзін ақта­май­ын деп тұр.

Қазір қалған 70 пайыз өнім жолда тоқтап тұр. Біразы зауыттан енді шығады, бір бөлігі басқа мемлекеттер арқылы келе жатыр. Енді ол өнімдердің бағасы басқа болады. Жаңа курспен сатылады. Доллармен сол баға қалады, бірақ теңгеге ауыстырғанда айыр­машылық болады.

Фьючерс те 2-3 есеге қымбаттап кетті, — дейді Айдын Бастаубаев. — Селитра былтыр 100-110 болса, биыл 400 болды. Дол­лар соншалықты қымбаттамаған. Сосын Қазақстанның тыңайтқышы жоқ нарықта. Ол қайда? Білмейміз. Нарықта тек шетелдік өнімдер ғана жүр, отандық тыңайтқыш жоқ, — дейді қымбатшылыққа ызаланған менеджер. Былтыр шаруалар ақшадан қиналғанда «Алем Агро Холдинг» тұқым мен тыңайтықышты қарызға беретін болған. Енді биыл диқандарға ондай мүмкіндік жасалмауы мүмкін. Ол тұрмақ, «күздің күні теңге тағы құлдырайтын болса, бұрын­ғы бағамен келісім-шартқа отыра алмаймыз» деп ашығып айтты.

Қымбатшылықтан кейін шаруаларды қинайтыны — құрғақшылық. «Биыл су бола ма?» деген сұрақты талғарлық шар­уалар да қойып отыр. Мәселен, «Айр­шир» ЖШС директоры Асқар Фазылұлы егін егіліп, орылғанға дейінгі ара­лықта төрт рет суғаруға тиісті егіс­тікті су тапшылығы салдарынан бір рет қана суғаратындықтарын айта­ды. Ал «Амиран» ЖШС мал шаруа­шылы­ғы жөніндегі директоры Қамет Бол­ғанбайдың айтуынша, жыл өткен сайын су тапшылығы артып келе жатқаны байқалады. Жаз ортасында, тіпті, су жетпейтін кездер болады дейді ол. Алматы облысының ауыл шаруа­шы­лығы басқармасына қарайтын «Талғарирригация» су шаруашылығы мемлекеттік коммуналдық кәсіпорнының директоры Ма­дияр Мұхаметқалиев «былтыр су тап­шылығын бәрі бірдей тартқан жоқ» деп отыр.

-Рас, былтыр су аз болды. Күн жылы­май, салқын болып, қар ерімеді. Су тап­шы­лы­ғы болды. Ең төменде орналасқан шаруа қожалықтары су тапшылығын сезін­ді. Биыл жауын-шашынды боп тұр. Тауда қар бар. Күннің жылынуына бай­ланысты енді бәрі. Ауа райы қалай болады, солай суарылады. Күн жылынса, су көп болады. «Су жоқ» деуге болмайды, бар, пайдалануға береміз. Былтыр «су бармайды» деген жердің бәріне су бер­гіз­дік. «Егін шықпады» деген ешкім бол­мады.

Жалпы Талғар ауданы бойынша 25 068 гектар жер суарылады. Оның 9 666 гектарын «Талғарирригация» мекемесі Талғар өзенінен алып суарады. Қалған шаруа қожалықтары Д.Қонаев атындағы үлкен Алматы каналынан су алады.

Биылғы көктемгі дала жұмыстары үшін дизель отынының бағасы да 14 теңгеге қымбаттаған. Мәселен, былтыр шаруалар жағармайды 180 теңгеден алса, биыл -194 теңге төлейді. Дегенмен, ауыл шаруашылығы бөліміндегілер бұл бағаны «арзан» деп отыр. Өйткені, жанармай құю бекеттерінде баға бұдан қымбат, 230 теңге.

-Көмек ретінде егістік алқабына сәйкес санап беріледі. Бекітілген жанармай құю бекетінен алады. Талғар ауданын биыл дизель отынмен қамтамасыз етуші – «Петро-ретайл» боп бекітілді,

— дейді ауыл шарушылығы бөлімінің бас маманы Алдияр Әбдрешбаев. Одан бөлек, 1 ақпаннан субсидияға өтініш беру басталған. Яғни, кез-келген шаруа электрондық түрде қолдау сайты арқылы өтінім береді. Онда сатып алған тұқым, химикат, тыңайтқыш пен техниканы сатып алған келісім-шарты мен тағы басқа құжаттарын көрсетеді. Мәселен, былтыр жем-шөпке 214 млн тенге, суға 6 млн бөлінген екен. Субсидияға қаражат алдын ала қарастырылады. Қазіргі қымбатшылықты ескерсек, ол бөлінген ақша шаруалардың барлығына бірдей жете ме деген сұрақ туындайды. Қалай болғанда да, теңгенің құлдыра­у­­ы­на қатысты көктемгі дала жұмыстары алдындағы ауылда қалыптасып отыр­ған осы жағдайға қатысты Ауыл шаруа­шы­лығы министрлігі ләм-мим демей отыр. Яғни, ауыл шаруашылық өнімдерін өн­діру жолында диқандардың бұл қиыншылықтарды өздерінің өткеруіне тура келеді.

Аруна Ортай,
тілші