ҚЫЗ-КЕЛІНШЕКТЕРГЕ СҰЛУЛЫҚ СЫЙЛАП ЖҮРГЕН ТАЛҒАРЛЫҚ МОДЕЛЬ

ҚЫЗ-КЕЛІНШЕКТЕРГЕ СҰЛУЛЫҚ СЫЙЛАП ЖҮРГЕН ТАЛҒАРЛЫҚ МОДЕЛЬ

Баян небәрі 18 жаста. Бірақ, осыған қарамастан, ол үш бірдей мамандықтың иесі. Мектеп қабырғасында жүріп, модель болған бойжеткен, карантинде біраз жұрт жұмыссыз қалғанда, үйінде құр жатпай, визажистің оқуын оқып алады. Әрі Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің студенті. Баян Талғар қаласындағы сұлулық салондарының бірінде бүгінде визажист болып нәпақасын тауып жүр. Өзінің айтуынша, күніне кем дегенде 2-3 адамды бояндырады екен.

Жалпы сұлулыққа деген құштарлық Баянның бала кезінен қалыптасқан. Отбасында 3 қыз, 1 ұлдың кенжесі болғандықтан да болар, анасына, әпкелеріне көп еліктейді. Олардың айна алдындағы қозғалыстарын, өздерін ретке келтіре отырып, сәнденгендерін көріп, өсті. 5-6 жасынан бастап қуыршақтарын бояндырып, киіндіріп жүрген бойжеткен болашақта осы саланың маманы болғысы келетінін бірден түйеді. Әрине оңы-солын танитын 18 жасар азаматша үшін ақша табу деген қалыпты жағдай көрінетін шығар. Бірақ, біздің кейіпкеріміз үшін ол ләззат алатын жұмыс.

– Ойлай бергеннен ештеңе шықпай­тынын түсінетін адамның бірімін. Сондықтан, бірден әрекетке көшемін. Туған-туыстарымның дем беріп, үмітімді жалғап жіберетіні де мені жігерлендіреді. Еліміз карантинге жабылып, мүлдем бейхабар болып қалдық қой. Сол сәтті мен өз пайдама жараттым. Талғардағы белгілі визажистердің бірі — Айжан Сарыбаевадан макияждың қыр-сырын үйрендім. Ол кісінің жұмыстарын үнемі Инстаграмнан қадағалап, қызығып жүретінмін. Нәтижесінде, міне, бір жылдан астам сол кісінің қол астында сұлулыққа құмар жандарға сұлулық сыйлап келемін,

— деп бастады Баян Бектұрсын бізбен әңгімесін.

Мүлде бос уақыт қалдырғанды ұнатпайтын бойжеткен күн тәртібін алдын ала жоспарлап жүреді. Кішкентай кезден бірнеше жұмысты қатар алып үйренгендіктен, студентке қазіргі қарбалас қиындық тудырмайды. Бірнеше жұмыс демекші, Баян 13 жасынан тойда ән салып, би билеп, ақша тапқан. Арасында модель болып та жұмыс істейді. Яғни, ата-анасы мен әпке-ағасына ауыртпалық түсірмейді.

– Менің ойымша, барлық адам бел­гілі бір жолдарды жүріп өту ар­қылы шыңдалады. Еңбекке ерте араласқандықтан болар, мен де қазір өз қатарластарымнан басқаша ойлаймын. Термен келген ақшаның маңызын түсінемін және соған сай дәрежеде еңбегіме адал болғым келеді. Қарбалас тірліктен шаршамауымның себебі – адамдарға қуынаш сыйлаймын ғой. Олардың менің макияжыма ризашылығын көрген сәтте шабыттана түсемін. Жұмысыма деген сүйіспеншілігім артады. Болашақта да осы сүйікті ісім арқылы талай жүрекке жылу, қуаныш сыйлаймын деген ниетім бар.

Бүгінде елімізде жастарды қолдауға баса көңіл бөлінген. Яғни бизнеске ниеті бар жастардың кәсібін ашуына зор мүмкіндік қарастырылған. Баян да болашақта өзінің сұлулық салонын ашқысы келеді. Жас та болса өзінің жобасының дамуы үшін мықты командадан бөлек, білім мен ізденіс керек екенін жете түсінеді. Сол үшін танымал стилист-визажистерден, бьюти-блогерлерден сабақ алу ойында бар және сұлулық индустриясына жаңалық әкелгісі келеді. Әзірге тек онлайн білім алып жүр. Әлемдік деңгейдегі визажист болғысы келетін талантты да талапты жастарға біз қашан да тілекшіміз!

Меруерт Мәулетқызы, тілші
@meruertbolek