Парасат биігіндегі тұлға

Парасат биігіндегі тұлға

Дана халқымыздың көрегендікпен айтқан осы бір ұлағатты тәмсілі қай кезең, қандай дәуірде өзінің мәні мен мағынасын жоғалтқан емес. Әрине халқы үшін адал қызмет етіп барында, нарында сол халқының болашағына арнайтын біртуар перзенттері осынау аталы сөзге лайық екенін заман талабы тудырған уақыт ағымы қажет еткен өмір көші оның болмыс бітімі дәлелдеп келе жатқаны белгілі.

Осы бір ұлағатты ұғымға Алатау бөктерінде де лайықты азаматтар бар екенін көзіммен көріп, олардың қоғам алдындағы қалтқысыз қызметіне куә болған соң да өзіндік ой пікірімді білдіріп қойғанды жөн санадым. Мен газетке қызметке орналасып, алғаш жұмысқа кіріскен күндерімде қоғамдық кеңестің тобымен бірге аудан ішін аралауға шықтым. Сол кезде кеңестің төрағасы Қалимолда Байболов еді. Жұмыс барысында ол кісімен дидарласа келе білімі жетілген, ақылы толысқан, тәжірибесі жинақталған, ақ ниетті ақжарқын жан екенін бірден аңғардым. Айтқаны ақыл, шешкені әділ, сөзі бұйрық емес, киелі кеңес. Аңқылдаған ағаның баурап алар бауырмашылдығы басым. Ақ жүректі, ашық мінезді. Қашан көрсеңде көпшіліктің ортасында кішіге аға, үлкенге іні болып жатырқамай, жатсынбай араласуы, табиғи мінезі, тәлімді тәрбиесі болар.

Жетісу, Талғар өңірлерінде жарты ғасырға жуық ерен еңбегімен дараланып, жетпіс жастың шыңына шықсада еңбектен еңсесін әлі алшақтатпаған еліне, жеріне туын тігіп қажыр қайратын сол атажұрт, атамекенінің жақсылығына, көгеріп көктеуімен әлеуметтік тұрғыдағы өсіп-өркендеуі жолына жұмсаған жомарт жанның бірі, тіпті бірегейі десе де артық болмайтын ардақты азамат. Қалимолда Байболов — жүзден, мыңнан бір көрінетін көптің бірегейі. Қатардағы қарапайым көп дүрмектің ішінен дара көрінетін дарынды тұлға.

Ауданымызда аудан экономикасын көтеруде елеулі еңбек еткен қарапайым еңбек адамдары көп. Десе де Қалимолда ағаны ауданның көзі қарақты, көкірегі ояу ел-жұрты білімді де білікті азамат ретінде жақсы таниды десек қателеспейміз. Ұйымдастырушылық қабілетімен ауданның экономикасы мен халықтың әл-ауқатының көтерілуіне сүбелі үлес қосқанын ешкім жоққа шығара алмайды. Құрметті еңбек демалысына шығып, зейнеткер атанған ағамыз қазіргі таңда Талғар қаласында тұрады. Зейнет демалысына шықса да тұрған мекені мен туып-өскен жерінен қол үзе қойған жоқ. Қай кезде де елінің, жерінің жақсылығына сүйініп, кемшілігіне күйініп жүретін Қалимолда ағаның еңбек жолдарына да тоқталып өтейік.

Қалимолда Байболов 1950 жылдың 14 ақпанында Талдықорған облысы, Ақсу ауданы, Діңгек (Есеболатов) ауылында дүниеге келген. Қазақтың мемлекеттік ауылшаруашылығы институтын «инженер-механик» мамандығы бойынша бітірген. Еңбек жолын 1971 жылы Ақсу ауданындағы №135 кәсіптік-техникалық училищесінде шебер-оқытушы болып бастайды. 1973 жылдан Ақсу ауданының «Діңгек» кеңшарында машина-трактор шеберханасының меңгерушісі, шаруашылықтың бас инженері болып, 1988-1992 жылдары аудандық «Казсельхозтехника» бірлестігінің директоры, Ш.Уәлиханов атындағы кеңшарының директоры қызметтерін атқарады. 1992-2001 жылдары Ақсу ауданы әкімінің бірінші орынбасарынан аудан әкімі қызметіне дейін көтеріліп, 2001 жылдан бастап Талғар ауданы әкімінің бірінші орынбасары, 2008 жылы аудандық ауыл шаруашылығы басқармасының бастығы болды. Ақсу ауданында әкімдік қызметте жүрген шағында атқарылған жұмыс барысымен бұқара халықты хабардар етіп отыру мақсатында ең алғаш рет ел алдында есеп береді. Содан кейін бұл есепті баяндама бүкіл бөлім басшылары мен әкімдердің міндетіне айналып, дәстүрге айналып, бүгінде жалғасын тауып келеді.

Үкіметтің «Ерен еңбегі үшін» және бірнеше мерекелік медальдарымен, Елбасының, ҚР Ауылшаруашылығы министрлігінің, облыс әкімдерінің көптеген «Мақтау Грамоталары» және «Алғыс хаттарымен» марапатталған. КСРО спорт шебері. Алматы облысының, Ақсу және Талғар аудандарының «Құрметті азаматы». Құдай қосқан қосағы Жамал Қожанқызымен елу жыл отасып, Бауыржан, Ержан, Сержан есімді асықтай үш ұл тәрбиелеп өсіреді. Қазіргі таңда тәтті немерелеріне ардақты ата-әже болып отыр.

Талай басшылық қызметті атқарған Қалимолда Байболов ең алдымен Талғарға келіп, ауданының елімен, жерімен танысуды жөн көреді. Ауыл шаруашылығының майталман маманы, әрі басшысы атанған Қалимолда ағаға енді, ауданда ауыл шаруашылық бөлімін басқару жүктеледі. Алматы қаласы халқын көкөніспен қамтамасыз ету керек. Бұл жоғары жақтың талабы. Оның тоғыз-он жыл бойғы соңғы еңбегіне енді жаңа резервтің көзін ашу керек. Ол үшін білгір мамандармен ақылдаса отырып жылыжай салу ұйғарылады. Жылыжай технологиясы өзінше күрделі. Оны көп мамандар жете білмейді де. Көрші Қытай елінен үйренуге тура келді. Сондықтан екі жақтың келісімі бойынша Қалимолда Байболов бастаған біраз адамдар сол жаққа сапар шегеді. Алғаш ауданда 172 жылыжай құрылысы басталып, оның 42-сі іске қосылады, 2012 жылы 281 тонна өнім жиналып, ол Алматы қаласы тұрғындарына қыстың қыраулы кезінде-ақ жөнелтіледі. Талғар және Талдықорған қала халқына қымыз сату сол жылдары басталады. Қазақстан Республикасы 2015 жылғы 2-қарашадағы «Қоғамдық кеңес туралы» Заңның 9-бабының 5- тармағына сәйкес Талғар аудандық Қоғамдық кеңесінің құрамы туралы аудандық мәслихаттың 2016 жылғы 4-наурыздағы № 56-312 сессиясының шешімімен аудандық қоғамдық кеңестің құрамы бекітіледі. Оның төрағалығына Қалимолда Байболов сайланады.

Алматы облыстық қоғамдық кеңестің төрағасы Әлихан Тойбаевтың өзі тікелей бақылап, әрбір кеңестің көтерген мәселесін біліп, қажет кезінде өзі араласып, басшылық тарапынан белсенділік танытады. Кейбір күрделі мәселені Қазақстан Республикасы Парламент Мәжілісінің депутаттарына да хат арқылы жіберуге мәжбүр болатын, соның бірі-Парламент Мәжілісінің депутаты Әбдіманап Елікбайұлына аудандық қоғамдық кеңесте қаралған ең күрделі үш мәселе жолданған. Олар- ауыз су, республикалық маңызы бар «Алматы – Талғар – Евгеньевка» тас жолы бойында орналасқан Талғар қаласы, Қызыл-Қайрат, Талдыбұлақ, Бірлік, Белбұлақ, Тұздыбастау, Бесағаш ауылдарына 1960 жылы салынған тас жолды кеңейту, үшінші сұрақ – ауданда үш аусыммен оқитын 3 мектепте оқушы саны көбейгендіктен жаңа мектеп салу мәселесі. Одан кейін 2018 жылдың наурыз айында Қазақстан Республикасы Парламент Мәжілісінің депутаты Н.Өксікбаевқа, сонымен қатар Парламент депутаты Зағипа Балиеваға және Парламент депутаты А.Бектұрғановқа да халық тілегі қоғамдық кеңес арқылы жеткен еді. Олар да оң шешімін тапты.
Сонымен қатар Талғар ауданына келгенде Қалимолда Байболов ең алдымен жастар тәрбиесіне үлкен мән берді. Қолы бос кезінде сөмкесін арқалап, спорт кешеніне жүгіретін Қалимолда аға баскетбол спортына қазақ балаларының өте аз келетінін көріп, қынжылған екен. Қазақ балаларының осы спортқа көптеп келуіне ықпал еткен ол мектептегі дене тәрбиесінің мұғалімдері мен жаттықтырушыларымен ақылдасып, ұзын бойлы, сұңғақ денелі, қимылы шапшаң балаларды өз жаттығуларына шақырады. Осы іске жан-тәнімен кірісіп, қасына жастары 50-60-70-ке келген ардагер баскетболшыларды жинап, олармен бірге аптасына үш рет жаттығуларды жүргізуге көшеді. Ақыры бұл жұмыс та өз жемісін береді. Арада бес-алты жыл өтісімен Қ.Байболов баптаған Талғардың жасөспірімдер, жастар, ересектер командалары Талдықорған, Алматы, Қапшағай, Текелі қалаларында өтетін облыстық турнирлерде жарқырап көріне бастады. Қазақ балалары баскетбол ойнай алмайды деген ескі ұғымның тамырына осылайша балта шапқан дарынды бапкер

– Қ.Байболов Талғар жерінде баскетбол ойынының гүлденуіне зор үлес қосты. Бүгінде баскетбол ойынан ардагерлер арасында Қалимолда Байболовтың атындағы облыстық турнир өткізіп отыру дәстүрге айналған.
Тағы бір ерекшелеп айтылатын қасиеті, оның өз ортасындағы жұртпен етене араласып, жасы мен үлкенімен де, қарапайым жұмысшы, қатардағы әріптестерден бастап мемлекеттік деңгейдегі тұлғаларға дейін еркін тіл табыса білу қабілеті, олармен өзін не астамшылығы, не жампойлығы жоқ, бірдей дәрежеде ұстай білуі, бойындағы салмақтылығы мен сабырлылығы, біртоғалығы, өмірдегі және тұрмыстағы қарапайымдылығы. Осының бәрі басқаларды өзіне еріксіз жақындатқызып, сыйлатқызып тұратын.

Мінекей осындай бар болмыс бір бойынан табылатын жарты ғасыр ғұмырын елі мен жерінің гүлденуі жолына арнап, бар бақытын сол адал еңбегінен іздеген өнегелі өмір иесінің жүрген жарқын жолын, атқарған игі істерін, адамгершілігі мен азаматтығын, бауырмашылдығы мен жомарттығын, әділдігі мен адалдығын, парасат-пайымы мен қайраткерлігін кейінгі ұрпақ лайықты бағалап, сол сүрлеумен ізін жалғастырар болса игі еді.

Айнаш Әлдибек,
«Талғар»