Алғашқы он жылдық — 1991-2001
Үш ғасырдан астам уақыт «ұлы державаның» боданында болып, тек орталықтың айтқанымен жүруге мәжбүр болған қазақ елі үшін егемендікке қол жеткізген алғашқы жылдар күрделі кезең болғаны рас. Қазақ елінің Тәуелсіздігін бірлі-жарым ел болмаса, алпауыттар мойындай қоймаған кез еді. Одақ құрамынан еншісіз бөлінген жас мемлекет үшін қолда бары — Жер Ананың қойнауындағы шикізат қана болатын.
Тәуелсіздіктің алғашқы жылдарында Найля Үмбетова Талғардағы облыстық ауылшаруашылық орта буынды мамандар дайындау және қайта даярлайтын 3 айлық қысқа мерзімді курсты басқарып отырған болатын. Ол уақытта мамандар еліміздің 5 облысынан келіп, білімін жетілдіріп жүретін. Одақтық және облыстық байланыстар үзілгеннен кейін, оқушылар саны азайып, осы мектепте халыққа қызмет көрсететін 1 айлық ақылы қысқа мерзімді жұмысшы курстары ашылады. Курстарда бухгалтерлік есептен – Вера Нагорная, компьютерді үйренуден – Михаил Ким, косметологиядан – Лариса Черных сабақ беріп, Илона Давыдованың әдісімен ағылшын тілін үйрете бастаған-ды. Тәй-тәй басқан егеменді елімізбен бірге осылайша тіршілік жалғасып, білім ошағы да жаңашылдыққа бет бұрды.
1994 жыл еліміз үшін қуанышы мен қиындығы қатар келген кезең болған. Қазақстан — мемлекет ретінде шекарасын айқындап, әлемдік картадан 9-шы орынды иеленді. Көк Туымыз желбіреп, Елтаңбамыз бекіді. Әнұранымыз шарықтап, төл теңгеміз тұғырына қонды. Әйтсе де, егемен ел ретінде етек-жеңді жиып, тізгінді қолға алған кез оңай кезең болмаған. Кеңес дәуірінің жүйесіндегі кеңшарлар мен ұжымдық бірлестіктердің тоз-тозы шығып, жекеменшік ұғымы жайлап ене бастаған. Өкіметке ауыз ашып үйренген халықтың басым көпшілігінің жекеменшікке, нарықтық қатынасқа сенімсіздікпен, үреймен қараған кезі еді бұл. Елде аласапыран болып, ауылда да, қалада да сергелдең. Тәуелсіздігіміздің қадір-қасиетін түсініп, бағалап жатуға қара халықтың мұршасы болмаған. Бұл жылдар барша посткеңестік елдер үшін ең қиын уақыт еді. Осы уақытта білім беру мекемелерінен мұғалімдер, ауруханалардан дәрігерлер мамандығын тастап, басқа салаға кетті. Әлеуметтік тұрақсыздық, жұмыссыздық орын алған уақыт болатын. Бірақ, Найля Бейсенбайқызы бастаған ұжым еңсесін тік ұстап, кез келген жерде, кез келген жиында бұрынғыдай қысылмай, жасқанбай өз ана тілімізде еркін сөйлейтін болған. Ойын ана тілімізде ашық айту мәртебесіне жеткенінің өзін үлкен бақытқа балады. Дәл осы тұста, яғни, Тәуелсіздігіміздің үшінші жылында Талғар ауылшаруашылық колледжінің директоры Виктор Молотков Ресейге көшетін болып, аудан әкімі Әлихан Тойбаевтың ұсынуымен, облыстық ауылшаруашылық басқармасының бастығы Төкен Ұзақовтың қолдауымен, Найля Үмбетова өзі түлегі болған оқу орнына басшылық қызметке тағайындалады.
Оқу орны -Талғар қаласының төрінде, Қазақстанның Конституциясын тұңғыш жазған Тұрар Рысқұлов пен елімізді қырық жылдай басқарған Дінмұхамед Қонаев аталарымыздың атындағы көшелердің қиылысында орналасқан. 1918 жылы құрылған қасиетті қара шаңырақтың тарихы мемлекет тарихымен тікелей байланысты. Білім ұясында ел басқарған, халқына адал қызмет жасаған ағалардың ізі қалған. Техникум қабырғасында 1942 жылы Бауыржан Момышұлы қатарында соғысқан 8-гвардиялық Панфилов дивизиясының 1073 Талғар полкі жасақталған. Полк, дивизия құрамында техникум түлегі, кейіннен директор болған А.Нүсіпбеков те елін қорғады. Бұл туралы аты аңызға айналған Бауыржан атамыз өзінің «Артымызда Москва» атты кітабында жазып кеткен болатын. Отызыншы жылдары техникумға басшылық жасаған оқу орнының түлегі, майдангер – ұстаз Мәсімхан Бейсебаев ел басқарудың қай жерінде жүрсе де, өзі білім нәрімен сусындаған оқу орнын бір сәтке де назардан тыс қалдырмай, қалыптасып, дамуына өте үлкен үлесін қосып, қолдап жүрген еді. Ол кісі 1964 жылдан зейнеткерлікке шыққанға дейін Қазақ ССР Министрлер Кеңесінің төрағасы қызметін атқарды. Осы істердің нәтижесінде- 1997 жылғы 3 қарашада Қазақстан Республикасы Үкіметінің № 1485 Қаулысының негізінде Мемлекет қайраткерінің есімі оқу орнына беріліп, ескерткіш тақтасы қойылған. Бұл игі іске колледждің түлегі, мақтан тұтар ел тұлғасы, Заманбек Батталханов, қоғам қайраткері Асанбай Асқаров пен жұбайы Фатима Асанбаевалардың колледжге М.Бейсебаев есімін беруге қолдау көрсетіп, колледж жанынан мұражай ашуға ықпалдасқан еді. Найля Бейсенбайқызы бұл азаматтардың зор еңбектерін еш уақытта ұмытпайтынын айтады.
«Тегінде адам адамнан ақыл, ғылым, ар, мінез деген нәрселермен озады. Одан басқа нәрсемен оздым ғой демектің бәрі бекер», деген Абай атамыздың нақыл сөздерін қызмет барысында жадынан шығармаған жаңа басшы өзіне сеніп тапсырылған жоғары жауапкершілік жүгін шамасының келгенінше адал атқаруға, жұмысты тиянақты орындауға тырысты. Ол қызметке кіріскен уақытта ұстаздар жалақысын, студенттер шәкіртақысын, зейнеткерлер зейнетақысын ала алмаған уақыт еді. Білімнің қадірі кетіп, оқитын бала саны азайып, педагогикалық жүктеме жоқтығынан кәсіби дәрежесі жоғары, білікті ұстаздар ала дорбаны арқалап, бала-шағаны, қарт ата-аналарын тастап, Қытай, Түркия, Польша елдеріне нәпақа табу жолында бас сауғалап кетіп жатқан болатын. М.Тэтчердің: «Үй салуға бір жыл, сарай салуға бес жыл, ал психологияны өзгертуге бір ұрпақ қажет», дегені бар. Тәуелсіздігіміздің алғашқы жылдарында ұстаздар мен оқушылар психологиясын, таным-талғамын өзгерту мақсатында бірқатар істер атқарылған. Найля Бейсенбайқызы болашақ ұрпақтың санасын оятып, тәуелсіздігіміздің тарихын әсте ұмытпауға, оның қадіріне жетіп, құрметтеп, егеменді еліне деген сүйіспеншілігін арттырып, ұлттық рухын сақтау мақсатында білек сыбана кірісіп кетті. Оқу орнындағы әдістемелік кабинетте Лидия Гадомскаяның жетекшілігімен Республикалық орталық ашылып, кәсіби білім алу бағдарламасы құрастырылды. Еліміз бойынша осы колледжде тұңғыш рет ана тілінде топтар ашылды. Соның ішінде бағадарламамен қамтамсыз ету мамандығы бойынша Қойшыбай Қарынбаевтың еңбегі ерекше болғанын бәрі біледі.
1996 жылы Тәуелсіздігіміздің 5 жылдығында колледжде білім алып жүрген ауыл жастарын ынталандыру мақсатында елімізде үздіксіз білім беру жүйесі енгізілді. Колледж Мемлекеттік аграрлық университеттің бірінші сатысы ретінде серіктестік жұмысын бастады. Осы бағытта университеттің ректоры Кенжеғали Сағадиев пен оқу ісі жөніндегі проректоры Рахымжан Елешов зор еңбек сіңірген. Сол жылдары колледждің 50 үздік түлегі емтихансыз, жоғары оқу орнының екінші курсына тегін қабылданып, ата-аналарының еңсесін көтеріп, тәуелсіз елімізге деген сенімділігі артқан.
-Тәуелсіздіктің алғашқы жылдары қазақтың кіндігі байланған алтын қазық аулымыздың еңсесі түсіп, құлдырай бастаған болатын-ды. Елбасымыздан бастап, жақсының бәрі ауылдан өсіп-өнгенін ескерсек, қазақылықтың қаймағы бұзылмаған ауылдарымыздың жағдайы, болашағы баршаны алаңдатқаны рас. Сол жылдары ауылдан қалаға арман қуып келген бір жасөспірімнің маған: «Апай, біз оқып қайтеміз, біздің «қаш-қаш», «жол-жол» деген жұмысымыз бар, ол – базар» дегені әлі есімде. Сонда мені « жастардың ертеңгі күні не болады?», «олардан қандай ұрпақ, қандай болашақ күтеміз?», деген мәселе қатты толғандырды. Ауыл жастарының бірі қалаға оқу, енді бірі жұмыс іздеп келіп, түскені түсіп, тапқаны тауып, таппағаны еңсесі түсіп ауылға қайтып жатты. «Ел боламын десең, бесігіңді түзе!» демекші жастарды қамқорлыққа алу қажеттігі туындады. Осы мәселенің шешіміне облыстық білім басқармасының бастығы Шәмша Беркімбаева атсалысып, 1995 жылы колледж қабырғасынан лицей ашылып, өзі келіп тұсауын кесті,- дейді Найля Бейсенбайқызы өткенді еске алып.
Коммунистік партия ыдырап, идеология құлдыраған шақта аяғын енді нық басып келе жатқан жас мемлекетімізде қабылданған Заңдар білім беру мен тәрбие саласына үлкен бағдаршам болып, болашаққа сенімділікті нығайтты. Жастардың шетелде білім алуына жағдай жасалып, олардың заман талабына сай білікті маман болуына жол ашатын халықаралық «Болашақ» стипендиясы тағайындалды. Талай жастар әлемнің маңдайалды оқу орындарында білім ала бастады. Десек те, осы жылдары өңірлердегі балалар үйіне, қарттар үйлеріне, интернаттарға қаржы бөлуге мүмкіндік болмаған кез болды. Демография төмендеп, кей мектептерде бала саны азайып, 1 сыныпқа да жетпегені бар. «Бартер», «жалға беру», «карточка» ұғымдары да осы кездері пайда болған еді. Үйлерде жарық сөніп, жылу берілу тоқтап, зейнеткерлер, аудан тұрғындары ереуілге шығып, орталық көпірді жауып, қозғалысты тоқтатқандары да Найля апайдың есінде. Осы жылдары аудан көлемінде идеологияны жүргізіп отырған аудан әкімі Кенжебек Омарбаев пен Ханымжан Солтанқұлова, Нұрсейіт Құдықов, Петрос Мосикян сынды азаматтар ел алдына шығып, бұның барлығы уақытша қиындықтар екенін түсіндіріп, жарқын болашаққа деген сенімділіктерін нығайтып, халықты сабырға шақырыпты. Сол кезде қасиетті шаңырақта білім алып жатқан жастарға, ата-аналарына, ұстаздарға да осы жағдай түсіндіріліп, олардың бойында өз еліне, ұлтына деген париоттық сезімді арттыру мақсатында игі істер атқарылып жатқан.
1997 жылы колледж жанынан Қазақ – Америка-Израиль мамандарының бірлескен Кеңес орталығы ашылды. Оның басты мақсаты – ауыл экономикасында іскерлік бастамаларға ұмтылған фермерлер мен шағын орта бизнес өкілдеріне кеңес беру болды. Сондай-ақ колледж Израиль елшілігімен де байланыс орнатып, оқытушылардың білім деңгейін жетілдіру курстарын ұйымдастырды. Ал, Американың Винрок халықаралық институтының қызметкерлері бизнес-жоспар жасау, компьютерлік сауаттылыққа үйрету, маркетинг және менеджмент салалары бойынша озық тәжірибелермен алмасты.
— Адам баласының шуақты сәттері – жарқын болашаққа сенуге, соған қарай талмай еңбек етуге жігерлендіретіні сөзсіз. Менің басымнан өткен сондай сәттің бірі — 1999 жылы Астана қаласында өткен ҚР Президенті Н.Ә.Назарбаевтың ұлықтау рәсіміне еліміздің жайсаңдары мен жақсылары, көпті көрген ағалары мен аналары, ел басқарған басшыларының қатарында қатысқаным. Президент Ата Заңымызға қолын қойып тұрып, Ант бергенде, Әнұранымыз шырқалғанда туламаған жүрек, көзіне қуаныш пен бақыттың жасын алмаған жан жоқ болды. Осы сапардан шабыттанып келіп, ұжыммен бірге оқу орнында кәсіптік біліммен қатар, халыққа нарықтық қарым-қатынасқа толық түсе алатындай жан-жақты білім беруге кірістік. Егер колледж түлегі, мысалы техник-технолог маманы, өз мамандығымен қатар компьютерлік сауатты болып, бухгалтерлік есепті үйреніп, экономика негіздерін және шет тілін игерсе, ол маманның өз ауылында өз ісін ашуға мүмкіндігі жоғарылап, тұрмыстық жағдайын жақсарта алатынына көзіміз жетті. Осылайша, Тәуелсіздіктің алғашқы 10 жылдығында біздің білім беру мекемесі өзіне берілген мүмкіндікті барынша нәтижелі іске асыра білді,- дейді Найля Бейсенбайқызы.
Екінші он жылдық — 2001-2011
Тәуелсіздіктің екінші онжылдығында білім саласы нарықтық қатынастар жағдайында бәсекеге қабілетті маман дайындауға бейімделе бастады. Оқу орындары, бұл мақсатқа білім беру мен тәрбиелеу жолын жаңарту арқылы қол жеткізді. Осы жолда облыстық білім басқармасының бастығы Тоққожа Естенов «Дипломмен – ауылға» бағдарламасын іске асыратын білім алушыларға жан-жақты қолдау көрсетіп отырса, колледж түлектерінің әрі қарай Қазақ Ұлттық аграрлық университетінде білімін жалғастыруына университет ректоры Тілектес Есполов та өз үлесін қосыпты.
Білікті де білімді басшының өскелең ұрпақ үшін жасаған игі істері билік пен халықтың сенімінен шығып, 2005 жылдан бастап екі шақырылымда облыстық мәслихатқа депутат болып сайланады. Халық пен билік арасын жалғастыру мақсатында біршама істерге мұрындық болып, ел тілегін билікке жеткізіп, ортада алтын көпір орнатуға күш салады. Сол жылдары облыста басшылық қызметтерді атқарған Ардақ Садық, Ермек Келімсейіт, Ерғазы Қошанбеков, Серік Мұқанов, Айтбай Сейітов, Жанболат Жөргенбаев сынды білікті азаматтармен бірлесе жұмыс жасап, көптеген түйінді мәселелерді шешкені де бар. Бәсекеге қабілетті мамандарды даярлауда ұзақ жылдар бойы еңбек еткен ұстаздардың еңбегін бағаланып, аудан және ауыл әкімдерінің көмегімен тұрғын үй салу мақсатында 33 мұғалімге жер телімдері, бау-бақша өсіруге ниетті болған ұстаздарға саяжайлық жер телімін бөліп берген.
«Адам естіп-білгені арқылы ғана жетілмейді, еңбекпен іс-әрекет үстінде қалыптасады»,- деп ғұламалар айтқандай, болашағымыздың иесі жастарды теориялық біліммен ғана шектемей, іс-әрекет иесі болатын тұлға ретінде қалыптастыру мақсатында біршама еңбектер атқарылды. Өндірістік қажеттілікке сәйкес кәсіпорындар мен колледж арасында қарым-қатынастың жаңа үлгісін қалыптастырып, әлеуметтік серіктестік орнады. Яғни, өндірістік кәсіпорындар техникалық білікті кадрлар даярлауда үлкен көмек көрсетіп отырды. Болашақ түлектер «Ақжол», «Мичурин» жеміс-көкөніс өңдеу зауыттарында, «Мерседес» фирмасында, «Hyundai Motor Company» сынды ірі кәсіпорындарда тәжірибеден өтіп, біліктіліктерін арттырып, еңбекке орналасуға, шағын бизнестерін ашуға жолдамалар алып жатты. Колледж бірнеше жылдар бойы ауылшаруашылықты дамытудағы «Винрок» халықаралық институтымен және Қазақстандағы «КАТЕРПИЛЛАР С.А.Р.Л» өкілеттігімен, АҚШ, Германия, Польша, Израильмен белсенді жұмыс жасап, Түркия елшілігімен де тығыз байланыста болды. ҚР Сенат депутаты Жомарт Жексембинов, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты Кенжеғали Сағадиевтің қолдауымен колледжге мемлекет тарапынан бөлінген 360 млн. теңгеге күрделі жөндеу жұмыстары жүргізіліп, ұжым мен студенттердің жігермен жұмыс жасауына жаңа серпін берген еді.
Кәсіби мамандарды даярлайтын оқу орнында білім беруді ақпараттандыру үрдісі жақсы жолға қойылды. Оқу орнында бірнеше лингофонды, «Pentium» компьютерлерімен жабдықталған оншақты компьютер сыныбы, жалпы 160 компьютер (9 балаға – 1 компьютер), оның ішінде екі сынып пен бухгалтерияның интернет желісінде жұмыс істеуге мүмкіндігі болды. Ұстаздар «Электронды үкіметті» жүзеге асыру мақсатында ауыл тұрғындары үшін де қосымша білім беру сабақтарын жүргізді. ҚР Білім және ғылым министрі Ж.Түймебаев 2007 жылы Алматы облысының аймағындағы кәсіби білім беретін оқу орындарында интерактивті технологияны оқытуға құқығы бар төлқұжатын табыстады. Министрлік тарапынан оқу орнына 7 интерактивті тақта беріліп, кластар ашылды. Ұстаздардың 90 пайызы ҚР ақпараттың теңсіздікті төмендету бағдарламасының шеңберінде компьютерлік сауаттылықтың толық оқу курсын бітіріп, интерактивті тақтада шеберлік кластарын көрсетті. 2007 жылы колледж ең байырғы оқу орны ретінде Қазақстанның «Гиннесс» рекордтар кітабына енгізілді. 2008 жылдан бастап оқу орнының басқару ісіне Халықаралық Стандарттарға сай – «Сапа Менеджмент» жүйесі енгізіле бастады.
-Атақты ойшыл Әбу Насыр әл -Фараби бабамыздың: «Адамға ең бірінші білім емес, тәрбие беру керек, тәрбиесіз берілген білім адамзаттың қас жауы, ол келешекте оның өміріне зиян әкеледі», деген сөзінің растығын өмір тәжірибесі талай мәрте дәлелдегені белгілі. Білім алушыларға тек кәсіптік білім емес, олардың жан дүниесін рухани жағынан байытуға да ерекше көңіл бөлініп отырды. «Өлгенді әруақтай білген, тіріні құрметтей алады», — деген екен еліміздің парасатты перзентінің бірі Бауыржан Момышұлы. Бұл ұлағатты сөз бүгінгі заманда бәрімізге де негізгі қағида болмақ. Колледж жастарының бойында өз еліне, ұлтына деген патриоттық сезімді арттыру мақсатында үздік оқушылар арасында еліміздің біртуар перзенттері Т.Рысқұлов, Д.Қонаев, Кеңес Одағының батыры Б.Момышұлы, академик А.Нүсіпбеков, М.Бейсебаев, ал 2008 жылдан бастап «Болашақ» стипендия иегерлері Болат Кәрентаев пен Айнұр Сүлейманова атындағы атаулы стипендия байқауы жыл сайын ұйымдастырырылып, жеңімпаздарға ай сайын колледж тарапынан шәкіртақы төленіп отырды. Патриоттық тәрбие беру мақсатында «А.Нүсіпбеков атындағы» тарих, Ұлы Отан соғысының 60 жылдық Жеңісіне орай «Б.Момышұлы атындағы» алғашқы әскери дайындық және Қазақстан Республикасының тәуелсіздігінің 15 жылдығына арналған «Тұңғыш Президент аудиториясы», Астананың 10 жылдығына орай, «Астана — ару қала» кабинеті ашылды. Колледжде жастардың өзін-өзі басқаруда, қоғамдық жұмыстар мен мәдени шараларға қатысуда белсенділіктерінің айғағы «Жастар» Кеңесі мен «Жас Отан» жастар қанатының белсенді жұмыс жасауы дер едік. Елбасының жыл сайынғы Жолдауын қолдау және саяси сауаттылығын жоғарылату мақсатында 2005 жылдан бастап, облыстағы колледждердің арасында бірінші болып, Заңға сәйкес колледж Президенті сайлауы өтіп тұрды. Білім ошағының қабырғасында үздік оқып қана қоймай, қоғамдық жұмыстарға белсене араласқан байқау жеңімпаздары атанған ауыл жастары – бүгінде біздің мақтан тұтар түлектеріміздің қатарында. Олар Тәуелсіздігімізді нығайтуға өз үлестерін қосып, аудан, облыс, республика деңгейінде әр түрлі салаларда қызмет атқаруда. Кейбіреуі тіпті, шет елдерде де білікті маман иелері атанып, «Work and Travel USA – халықаралық алмасу бағдарламасының бірнеше дүркін қатысушылары, спорттық додалардың жеңімпаздары болып жүр. Жастардың Отанға деген мақтаныш сезімдерін арттыру мақсатында «Астана – арман қала» атты байқау ұйымдастырылып, жеңімпаз мұғалімдер мен студенттер, қамкөңіл балалар ару қаламызға тегін жолдамамен барып, саяхаттап тұратын. «Жасыл ел» аймақтық бағдарламасының негізінде колледжде «Табиғат отряды» құрылып, оның мүшелері сүйікті қаламыз – Талғардың жасыл желекті, таза қалаға айналыуына белсене араласты. «Жетім көрсең жебей жүр» қайырымдылық акциясы шеңберінде Талғар қаласындағы «Нұр», «Ақниет» балалар үйлерінің тәрбиеленушілері колледжде тегін білім алуына және диплом алған түлектердің еңбекке орналасуына жағдай жасалатын. Жыл сайын Ораза айында оқытушылар мен қызметкерлерден жиналған пітір садақаға осы балалардың әрқайсысына жеке, өзіне қажетті киім-кешектерін алып беріп тұрды. Әлеуметтік жағдайы төмен отбасынан келген балалардың оқу ақысына 30, 50 пайызға дейін жеңілдіктер жасалып тұрды. Мейірімділік, қайырымдылық қасиеттерді жас ұрпақтың жүрегіне ұялату мақсатында ұжым зейнеткерлеріне және аудан зейнеткерлеріне көмек көрсетіп отырды.
«Есімі мақтан тұтар елі бүгін» атты М.Бейсебаевтың 100 жылдық мерейтойы колледжде басталып, республикалық көлемде аталып өтті.
2009 жылы – «Дана ішінде дара туған» атты А.Нүсіпбековтың 100 жылдығы және 2010 жылы ЮНЕСКО деңгейінде 100 жылдығы аталып өткен Б.Момышұлының «Хас батыры бар халықтың арманы жоқ» атты мерейтойы оқу орнында өз жалғасын тапты. Оқу ғимаратының алдына атамызға арналған бюст ескерткіш орнатылды. Колледжде «Алтын қор – ардагерлермен» тақырыбында іс-шаралар ұйымдастырылып, Елбасы Н.Ә.Назарбаевтың ұстазы Сейітхан Исаев, еліміздің тұңғыш Қорғаныс Министрі Сағадат Нұрмағамбетов, белгілі қоғам қайраткерлері Кеңес Аухадиев, Әріпбай Алыбаев, Ізбасар Балтағұлов, майдангер жазушылар Сейдәлім Тәнекеев, Әзілхан Нұршайықов, Қасым Қайсенов, әскери ғалым Ким Серікбаев, «Бауыржантану» орталығының директоры Мекемтас Мырзахметов, Бауыржан атамыздың ұлы – Бақытжан Момышұлы, келіні Зейнеп Ахметова, Мәскеудегі қызы Елена Бауыржанқызы, қазақ космонавты Талғат Мұсабаев, ардагер ұстаз Ақылия Бекбаева және басқа да көптеген тұлғалармен есте қаларлық, рухани нәр алған кездесулер жиі өтетін.
Жыл сайын 1-курс студенттері Алматы қаласындағы театрларға барып, рухани мол азық жинап, өнерге деген сүйіспеншілігі артып отырды. Ғ.Мүсірепов атындағы Қазақ Мемлекеттік Академиялық балалар мен жасөспірімдер және М. Әуезов атындағы Қазақ мемлекеттік академиялық драма театры арасындағы мәдени қарым-қатынас ұзақ жылдар бойы сақталып келді,- деп Найля Бейсенбайқызы өзі басқарып келген оқу орынындағы игі істерді тізбектей тілге тиек етті.
«ХХІ ғасырда білімін дамыта алмаған ел тығырыққа тіреледі», дегендей Тәуелсіздік тірегі – білімді ұрпақ. Әлем мемлекеттерімен тереземіз тең болып, жаһандануға қарсы тұра алатын, білімді, білікті, кәсіби шебер маман дайындау жолында тынбай еңбек етіп, тәрбие жұмыстарын тиянақты атқарып, студент жастарды жарқын болашаққа жетелеу жолында директордың тәрбие ісі жөніндегі орынбасарлары Еркін Адамбеков, Гүлжаһан Төлегенова, Салтанат Маликованың еңбектері өлшеусіз екенін де айтып өтті.
Ұлағатты ұстаздың ұрпақ тәрбиесі жолында атқарған істері мемлекет тарапынан еленіп, бірнеше марапаттарға ие болды. Сол кездегі Талғар ауданының әкімі Талғат Өмірәлиевтің қолынан «Құрмет» орденін алып, Ауған соғысының ардагері, генерал Б.Ертаев кеудесіне «Б.Момышұлының атындағы Құрмет белгісін» таққан болатын.
Үшінші онжылдық — 2011-2021 жылдар
Бұл жылдары тәуелсіз еліміз мерейлі мемлекетке айнала бастады. «Қазақстан-2050» Стратегиясы қабылданып, мақсатымыз – озық дамыған отыз елдің қатарына қосылу болды. Экономикалық және рухани тұрғыдан жаңғыру кезеңіне бет бұрдық. Әр сала бойынша қабылданған мемлекеттік бағдарламалар өз нәтижесін бере бастады.
Білім саласындағы ұзақ жылғы тынымсыз еңбегінен кейін 2012 жылы колледжден зейнеткерлікке шыққан Найля Үмбетова бұл саладан қол үзбей, әрі қарай да ұрпақ тәрбиесіне үлесін қосуды жалғастырды. Әріптестерінің қолдауымен Инновациялық білім беру орталығын ашты. Сол кездегі аудан әкімі Райхан Садықова зейнеткер-ұстаздың игі бастамасын жан-жақты қолдап, аудан көлеміндегі барлық жобаларға қатысуына жол ашты. Жыл сайын өтетін педагогтардың тамыз конференциясына ардагер ұстаз ретінде шақырып, жас ұстаздарға еңбек кітапшасын табыстау рәсімін ұлағатты ұстазға тапсыратын. Өзі басқарып отырған колледждің Қамқоршылық Кеңесінің төрайымы етіп тағайындап, ұрпақ тәрбиесіне қосар үлесінің зор екенін аңғартты.
Орталық қабырғасында балаларды ментальды арифметикаға бағыттайтын «Юсимас» халықаралық академиясының филиалы, компьютерді меңгеру, бухгалтерлік есеп, 1С бухгалтерия, шахматқа үйрету, ағылшын тілі, ҰБТ-ға дайындық, вокал, дизайн, йога, әлем халқының билері, таэквондо және т.б курстар іске қосылып, мамандар даярлауға өз септігін тигізді. Осы жылы Үкіметтік емес ұйым «Кәусар» қоғамдық бірлестігін құрып, әлеуметтік маңызды жобаларға қатысып, облыс көлемінде шалғайда жатқан елді мекендерде Елбасының саясаты мен мемлекеттік бағдарламалар бойынша түсіндіру, үгіт-насихат жұмыстарын белсенді атқарып келеді. Аудандық ішкі саясат бөлімінің басшысы, кейіннен аудандық «Нұр Отан» партиясының төрағасының бірінші орынбасары болған Мейрамгүл Ермағанбетованың басқаруымен және «Ауыл әйелдері» қоғамдық бірлестігінің төрайымы Мария Сихимбаевамен бірлесе ауыз толтырып айтарлықтай істер жүргізді. 2014 жылдан бастап, бұл орталық аудандық жұмыспен қамту орталығының басшысы Райхан Джулимбетовамен серіктестік орнатып, осы күнге дейін ауданымыздың әлеуметтік жағдайын жақсартуға үлес қосып келеді. Жыл сайынғы кәсіптік дайындау бойынша 3 айлық қайта даярлау қысқа мерзімді: «Шаштараз», «Бет әрлеуші», «Тігінші», «Маникюр», «Аспаз», «Кондитер» курстары жүзеге асырылып келеді. «Жастар тәжірибесінің» қатысушылары осы мекемеде тәжірибеден өтуде. Орталық ұжымының пандемия салдарынан орын алған дағдарыс уақытында қолдау көрсетіп, жұмысын алаңсыз жалғастыруға мүмкіндік берген Талғар ауданының «Құрметті азаматы» Нұрсұлтан Сәрсековке алғысы шексіз. Осы уақытқа дейін орталықта 1500-ге жуық әлеуметтік жағдайы төмен, жалғызбасты, көп балалы аналар, мүмкіндігі шектеулі жандар, жұмыссыз жастар қысқа мерзімді курстарда білім алып, өз істерін ашып, жанұялық бизнесін құрды. Бұл ретте оларға «Атамекен» кәсіпкерлер палатасының өкілдері мен психолог мамандар қолдау көрсетті.
Егемен еліміздің Тәуелсіздікке басқан алғашқы қадамын 40 жасында қарсы алып, 30 жылдығында жеті белес 70- ке толып отырған Найля Үмбетованың өткеннен түйгені көп. Отыз жыл аз уақыт емес. Орда бұзар бір азаматтың өмір жолы. Осы аралықта өмірлік сабақ болар түйгені қанша болса, жастардың өміріне азық болар бергені де аз болмады. Еліміздің білім саласына, ұрпақ тәрбиесіне қосқан еңбегі өз бағасын алды. Бүгінде зейнет жасында болса да тәуелсіздігімізді тұғырлы етуге өз үлесін қосып, еңбектен қол үзген емес.Осы адал еңбегін елі де бағалап, жуырда аудан әкімі Қайдар Әбдіханов арнайы қабылдап, мерейтойымен құттықтап, «Құрмет грамотасымен» сый-сияпатын табыс еткен болатын.
-Құдай қазаққа қырын қарамаған. Пейіліне сай етіп, ұлан ғайыр жер берген, асты-үстін толтырып, кен берген. Мейірбан, ақкөңіл адал ел берген, жаны үшін малын, ары үшін жанын садаға ететін ер берген. Міне, бүгін Ұлы көштің алдына шығып, Еуропаның төріне көтерілдік. Мемлекеттік бағдарламаларды жүзеге асыру жолында өзімізге жүктелген міндеттерді жаңа білім қуған жас ұрпаққа алтын көпір болу мақсатына арнап, Тәуелсіздігіміздің тұғырлы болуына өз үлесімізді осылай қосудамыз. Ендігі мақсат – аянбай еңбек етіп, Тәуелсіз Қазақстанымызды Мәңгілік елге айналдыратын жастарға бағыт бағдар беру,- деп әңгімесін аяқтады Инновациялық білім беру орталығының директоры, «Құрмет» орденінің иегері, Талғар ауданының «Құрметті азаматы» Найля Бейсенбайқызы Үмбетова.
Бұл нағыз ел ертеңі үшін елеңдеген, ұрпағының болашағы үшін алаңдаған, нәзік иығымен ердің жүгін арқалап, бүгінде соның жемісін көріп отырған білікті басшы, ұлағатты ұстаздың тәуелсіздіктің отыз жылында еңсерген ерен еңбегі еді. Найля Бейсенбайқызының өнегеге толы өмір жолы көпке үлгі.
Перизат Нұрқаева,
«Талғар»