Талғарда да тарихтың ізі қалған…

Талғарда да тарихтың ізі қалған…

Заман да, адам да қайта жаңғырып жатқанда Талғардың ежелгі тарихына тағы бір барлау жасап қойсақ артық болмас. Себебі тарихы тереңнен сыр шертетін Талғар қаласына қатысты қолымызға түскен кез келген анықтамалықты ашып қарасақ, Талғар қаласының бұрынғы аты ТАЛХИЗ болғандығы және ХІІІ ғасырлық тарихы бар қала екендігі айтылады. Расында да солай ма? Өйткені, VIII-IX ғасырлардың жазба деректерінде Талхиз деген атпен белгілі бүгінгі Талғар қаласының маңайына жасалған археологиялық зерттеулер шаһардың өте көне мекен екенін дәлелдеп отыр.  Міне, осы сауалдардың анық-қанығын білу үшін Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі, жазушы, этнограф Нұрлан Сәрсенбаев мырзаны әңгімеге тартқан едік.

 

EPSON MFP image

— Сіздің тарихи Отанға оралғаныңызға екі жыл болыпты. Соның ішінде Талғарға келгеніңізге жарты жыл. Осы уақыт ішінде тарих-шежіре, тіл, салт-дәстүр, мәдениет туралы қыруар сүбелі зерттеу мақалаларын жариялап жүрсіз. Ал Талғарға келгелі бірден өңірдің өткеніне бас сұғып, тарихын зерттеп, қағаз бетіне түсіріп жатқан жайыңыз бар. Жалпы Талғар деген атау қалай қойылыпты, соны түсіндіріп берсеңіз?

— Ата – бабаларымыз «Халықсыз – тарих жоқ, тарихсыз – халық жоқ» деген сөзді бекер айтпаса керек. Аумалы-төкпелі заман кесірінен көп тарихымыздан көз жазып қалдық. Біз өткен тарихымызды толықтап қайта жазу үшін ескіден жеткен сарғайып кеткен қолжазбалардан, хандық ордада сақталған жылнамалардан, тарихшылар мен ақын – жазушылардың шығармаларынан, ауызша айтылған аңыз – шежірелерден көптеген құнды деректерді кездестіреміз.
Тарихи деректерге негізделгенде, Ұлы Жібек жолының бойына орналасқан Қазақстан жерінде ертеде көптеген әйгілі қала – қалашықтар болған. Мысалы, Тараз, Құлан, Аспара, Алматы, Талхир, Отырар, Түркістан, Сауран, Сығанақ, Сарайшық т.б. қалаларды атауға болады. Ұлы Жібек жолы бойындағы ежелгі қалалардың бірі – Талхир қаласы тоғыз жолдың торабына орналасқан, ортағасырлық ірі қала, кейде «Рустем» қорғаны деп те аталған екен.
Жер жанаты Жетісу өлкесінің Алатау бөктеріндегі Талғар ауданының тарихы тым алыста жатыр. Авторы белгісіз парсы тілінде 982 – 983 жылдары жазылған «Худуд әл – Әлем» («Әлем шекаралары») атты кітапта түркілер мекен еткен Тонг және Талхир (Талғар) қалаларының аттары жазбаға түскен. Аталған шығармада бұл елді мекендер жікілер мен қарлұқтардың шекарасында болып, Ыстықкөлге жақын маңда орналасқаны айтылған. Бұл шығармада Орта Азия мен Қазақстан жайлы құнды деректер кездеседі. Көрнекті шығыстанушы, академик В. В. Бартольд: «Бұл шығарманың маңыздылығы сол, бізге жеткен араб тіліндегі географиялық шығармаларға қарағанда мұнда түркілер қармағындағы жерлер туралы және жалпы Орта Азиядағы мұсылман емес елдер жайлы анағұрлым толық әрі егжей – тегжейлі анықталған» (К. Байпаков, «Қазақстанның ежелгі қалалары», Алматы, «Аруна Ltd.», 2005 жыл, 55-бет), — деп жазады.
Талғар Қазақстандағы тарихы ұзақ ежелгі қалалардың бірі. Талғар атауы туралы ғалымдар мен зерттеушілер әр түрлі көзқарастарын айтып келеді.
Бірінші дерек, «Талхиз, Чжи – Муэрр – Жетісу өлкесіндегі ежелгі қала. Жазба деректерде X ғасырдан бастап “Талхиз” деген атпен белгілі. XIII ғасыр орта шенінде Іле ойпатында болған шетел саяхатшыларының жазбаларында биік шыңды таудың етегіндегі сұлу қала – “Чжимуэрр” деп жазылған. В. Рубруктің “Шығыс елдеріне саяхат” кітабында да осылай келтірілген» («Жетісу энциклопедиясы», «Арыс» баспасы, Алматы, 2004 жыл, 556 – бет).
Екінші дерек, «Талхиз деген атауды зерттеген ғалымдар бұл атау көне түркінің “донгар” сөзінен алынғанын, мағынасы “Жоғары мұзды тау” деген ұғымды білдіретіндігін анықтады» (Салтанат Жасбатырқызы, «Талхиз… Сосын Талғар», «Ана тілі» газеті, 3 – мамыр, 2012 жыл).
Үшінші дерек, «Назарымызды Талхир (Талхиз) атауы бірден өзіне тартар еді. Бәрінен бұрын оның дыбыстық құрамы бізге жақсы таныс. Талғар сөзімен үндес, ұқсас. Талхир (Талхиз). Бұл атау қаншама ғасырды басып өтіп бізге жетіп отыр. Сол сияқты Талғар (топонимі) да – өте көне сөз. Екі түбірден құралған бұл атаудың «ғар» («гор») бөлігі үнді еуропа тілдеріне жатады. Және «тау» деген ұғымды білдіреді» (К. Байпақов, «Қазақстанның ежелгі қалалары», Алматы, «Аруна Ltd.», 2005 жыл, 56-бет).
Төртінші дерек, «Археологиялық зерттеу нәтижесінде IX – XIII ғасыр аралығында Талғар өзенінің сол жағында “Байбұлақ” ауылы маңында “Талхиз” қаласына серіктес “Тонг” қаласының орны табылып отыр. “Тонг” қаласы “Талхиз” қаласына тығыз байланысты болған, ара қашықтығы бір жарым – екі шақырымға жетпейтін жерлерде орналасқан. Жалпы “Талхиз” және “Тонг” деген атаулар Махмұд Қашқаридің сөздігінде “Аттың ертоқымы” деген мағынада келтіреді. Сонда осы екі қала екі таудың аралығына орналасқандықтан “Тау аралық ойпаттағы қала” деген мағына береді» (Маржан Пірімбетова, Әуелбай Сәтбайұлы, «Талғар тарихы – ұрпаққа мұра», Талғар, 1998 жыл, 22-бет).
Біз жоғарыда дәлел ретінде келтір­ген деректерге сүйене отырып
«Тал­ғар» деген атаудың қазақша мағынасы «Биік мұзды тау», «Биік тау», «Биік шың» дегенді білдіреді.
— Жер жаннаты Жетісу өлкесіндегі Талғар өңірінің тарихы талай-талай ғасырдан сыр шертеді. Азды-көпті ғалымдарымыз да зерттеп, еңбектерін қалдырған.

Сіз Талғардың ежелгі тарихы туралы қандай тың деректер таба алдыңыз?

— Талғар өңірінде ілгері – кейінде сақ, үйсін, қаңлы, қарлұқ, түркеш, дулат секілді іргелі тайпа – ұлыстар мекендеп келген. Ұлы Жібек жолындағы маңызды сауда орталығы болған Талғар қаласы сақ және үйсін мемлекеттерінің басқаруындағы жер еді. «Үйсіндердің негізгі территориясы Іле алқабында болды, олардың батыс шекарасы Шу мен Талас арқылы өтеді-дағы, қаңлылармен (кангуй) шектеседі. Шығысында ғұндармен ортақ шекара болды, ал оңтүстігі олардың иелігі ферға­намен (Дуанмен) ұштасып жатады» («Қазақстан тарихы», Алматы, «Дәуір» баспасы, 1994 жыл, 45-бет). Үйсіндердің күшті мемлекет болғаны туралы ертедегі Қытайдың елшісі Чжан Цянь «Қазір үйсіндер күшті елге айналыпты. Халқы 630 мың адам, әскері 188800 жауынгерден құралған» («Қазақ мәдениетінің айдыны», «Шыңжаң жастар – өрендер» баспасы, 2006 жылы мамыр, 5-бет) деген құнды дерек айтады. Үйсін мемлекеті өз заманында Қытай елімен қою қарым – қатынаста болған. Талғар өңіріндегі Бесшатыр маңынан қазып алынған бұйымдар осының айқын дәлелі болып отыр.
Ұзындығы 7 мың шақырым болып келетін Ұлы Жібек жолы Орта Азия мен Қазақстан жерінен басып өтіп, атақты бай – көпестер жібек, кездеме, шай, айна – тарақ, қант, ыдыс – аяқ, аң – құс терілері, алтын, күмістерін түйе керуендеріне артып дүниенің түкпір – түкпіріне апарып сауда жасайтын.
Тарих талай ғасырды артқа тастады. Үйсін – Қаңлы мемлекеті ыдырағаннан кейін Түркеш қағанаты (704-756 ж.ж.) тарих сахнасына бой көрсетті. Түркеш қағанаты тұсында қарлұқ тайпалары бірте – бірте күшейе бастады. Әсіресе 746 жылдары Алтай мен Тарбағатай өңіріндегі қарлұқтар Жетісу жеріне қара құрымдай қаптап көшіп келіп қоныстанды. Түркеш қағандығының ішкі жағындағы талас – тартыс, берекесіздік қарлұқтарға үлкен орай әкелді. Ішкі күрес барысында түркештер ырықсыз орынға түсіп қарлұқтарға қарсылық көрсету қуатынан айырылды. Осылайша Қарлұқ мемлекеті (756-940 ж.ж.) билік басына шығып дәурен сүрді. Сонымен Талғар өңіріндегі Талхир (Талхиз), Тонг, Жақсылық, Шеңгелді сияқты Ұлы Жібек жолындағы сауда орталықтары болған қалалар Қарлұқ қағанатының басқаруына өтті.
Шыңғыс хан қолына билік алған алғаш­қы жылдарда қазақ даласындағы сауда едәуір өркендеген еді. Тарихи аңыздарда баяндал­уынша: «Шыңғыс хан жорыққа шыққанда тарихнама жазатын жылнамашы алмай шығады. Өз іштерінен тарихнама жазатын адам таппағандықтан Қытайға шабарман жіберіп, 3 күн ішінде жылнамашы алдырады. Шыңғыс ханның барлық әскерлері Талғар өзені бойында 3 күн тынығып, жолында кездескен елді мекендерді қиратып өткен. Олардың орнындағы обалар қазіргі Байбұлақ, Береке, Кеңдала, Талдыбұлақ, Бірлік, Алатау, Қызыл-Қайрат ауылдарының төңіріндегі орындар жатыр» (Нұрсадық Сарғожаев, «Талғарым – тау бесігім», Алматы, «Білім» баспасы, 2011 жыл, 16-бет). Шыңғыс ханның ат тұяғы жеткен аймақтарда болған соғыс салдарынан Ұлы Жібек жолы бойындағы қазақ даласындағы Тараз, Құлан, Аспара, Отырар, Түркістан, Баласағұн, Талғар сияқты қалалардың қолөнері, мәдениеті, сауда қарым – қатынасы көрнекті дәрежеде тоқыраған.

— Тарихи деректерге зер сала қарасақ, IX ғасыр мен XIII ғасырдың аралығында Талхир (Талғар) қаласы Ұлы Жібек жолы бойындағы аса ірі экономикалық, саяси және мәдени орталық болған екен. Осыған тоқталсаңыз?

— Ұлы Жібек жолы бойында орналасқан ежелгі қалалардан Түркістан, Тараз, Отырар, Қойлық, Алмалы, Сауран, Суяб, Алматы, Талғар, Сығанақ т.б. жылдардың өтуімен сауда, дін орталықтары ғана болып қалмай ғылым және мәдениет алмастыратын орталыққа айналған болатын. Ежелгі Талғар қаласы Ұлы Жібек жолындағы ең ірі, бай, мәдениетті қалалардың бірі еді. Талғар қаласынан қазып алынған құмыра ыдыстар, шырақ, қола айна, күміс, мыстан жасалған ақшалар, ожау, қасық, қанжар, қой, сиыр, жылқы қатарлы төрт түлік малдардың сүйектерінің табылуы ежелгі Талғар қаласының өркениеті дамыған сауда, мәдениет алмастыратын орталықтардың бірі екенін аңғартады. Талғардан табылған Иран мыс табағы, Иран айнасы, Иран құмырасы т.б. сол дәуірдегі қолөнер бұйымдары адамзат өркениетінің ерте заманнан ерекше дамығандығының айғағы болып табылады. Бұл XII – XIII ғасырдан қалған баға жетпес құнды жәдігерлік болып есептеледі.
Әйгілі ақын, ғұлама ғалым Жүсіп Баласағұн Жібек жолы бойына орналасқан қалалардағы бес саусағынан өнер тамған шеберлер туралы «Қолөнермен айналысатын шеберлер әлі де бар. Оларды өнері тамған саусақтары асырайды. Дүние сұлулығының тізгінін ұстап тұрған да солар. Әлемдегі ғажайып атаулының бәрі солардың шеберлерінің нәтижесі», — дейді. Әсіресе Жібек жолы бойында орналасқан Талғар, Алматы, Алмалы, Тонг сияқты қалаларда X – XII ғасырлар аралығында қолөнермен шұғылданатын шеберлердің саудасы өте жанданып дамыған еді.
Ежелгі Талғар қаласының орны туралы «Талғар, Талхиз орта ғасырдағы қала. Ол – Алматы қаласының шығыс жағында 25 километр жерде Талғар өзенінің оң жақ жағалауындағы қала барлық жағынан дауалмен қоршалған бұрыштары мен қабырғаларында мұнаралары бар, әрі дауал сыртын айнала ор қазылған» («Қазақ Кеңес энциклопедиясы», (1 том ), — деп жазса, академик Карл Байпақов «Талхирдың орталық бөлегі – ауданы 9 гектарға жуық төртбұрышты алаң. Қала жан – жағынан биік қамалмен қоршалған. Қазір олар үстін шөп басып, бұта жапқан топырақ үйіндісіне айналған. Қамалдың бұрыштары сәл ілгері шығыңқырап тұратын биік мұралармен бекітілген. Қауіпсіздік үшін қаланы айналдыра терең ор қазылған. Ал батыс жақ тұсын өзеннің құлама тік жары қорғаған. Қамал қабырғаларының орта тұстарында қарама – қарсы қондырылған қақпалары болған. Оларды бір – бірімен байланыстырып жататын ұзын көшелер қаланы төрт бөлікке бөлген. Орталық бөлігінен бір – біріне жалғастырыла біртекті құрылыстар салынған. Қамалдың жер бетіне шығып жатқан қалдықтарына қарағанда, ауданы 200-ден 500 шаршы метрге дейін жететін тікбұрышты ғимаратқа ұқсайды. Олар орталық алаңнан гөрі оңтүстікке және батысқа қарай көбірек шоғырланған» («Аруна Ltd», 2005 жыл, 57-бет), — деп түсінік жазған.
-Талғарда да талай-талай тарихтың ізі қалған. Қазақтың ұлы ғалымы, атақты этнограф, саяхатшы Шоқан Уәлиханов Талғар өңіріне атбасын бұрып отырықты халықтың әдебиетін, тарих-шежіресін, салт-дәстүрін зерттеген екен. Осы туралы тарихи деректерге тоқтала кетсеңіз?
— Қазақтың ұлы ғалымы, атақты саяхатшы Шоқан Шыңғысұлы Уәлиханов (1835- 1865) өзінің қысқа ғұмырында көптеген әдеби, тарихи, географиялық ғылыми еңбектер жазып қалдырған. 1854 жылы Шоқан Уәлиханов Талғар өңіріне келіп отырықты қазақтар туралы аңыз- әңгіме, тарих- шежіре жазып естелік қалдырған. Тарихи деректерде айтылуынша Шоқан сол жылы Талғар өңірін басып өтіп Ойбалтабай, Қырбалтабай елді мекендердегі Құрман ақсақалдарынан « Албан шежіресін» жазып алған екен.
Ұлы ғалым Шоқан «Жоңғарияға саяхат» атты атақты еңбегінде «Мен, Талғар, Есік және Түрген өзендері аңғарындағы мекендерде болғанымда, елдің отырықшы болып егіншілікпен айналысып жатқанын байқадым, ал Талғар өзені өңірінде көптеген қорған төбелерді кездестірдім және отырықшы қазақтардың егін алқаптарын көрдім. Сөйтіп егіншілікпен айналысқан қазақтың үйінде қондым» (280- бет), — деп жазады.
1856 жылы Шоқан Омбыда жүрген кезде атақты саяхатшы- географ Семёнов Тянь — Шанскиймен танысып, кейін келе тонның ішкі бауындай сырдесте досқа айналды. Ол Жетісу, Тянь-Шань өлкелерінде атақты ғалыммен бірге болып, ғылыми жұмыстар жүргізеді. Жас ғалым Шоқан Қытайдың Құлжа қаласында үш ай тұрып, бұл қала туралы зерттеу алып барып, құнды шығармалар жазған еді.
Орыс үкіметінің тапсыруы бойынша Шоқан Қашқария экспедициасын басқарды. Ол кезде 22 жастағы Шоқан қазақша киім киіп, өзін саудагер Әлімбай деген атпен атап, 5 айдай Қашқар мен Алтышаһар елінде тұрып, сол елдің тарихын, этнографиясын зерттеп құнды мәліметтер жинайды.
Шоқан Қашқарға сапарға аттанудан бұрын Талғар маңында тұрған Ақжол деген жігітті сенімді серіктерінің бірі ретінде таңдаған екен. Бұл туралы мынандай деректерді кездестіруге болады. «Ш.Уәлиханов – Қашқарға сапарына өзіне серік етіп, Талғар өзені бойындағы ауылдың бірінде тұрған Суан елінен шыққан Ақжол Бөлеков деген жігітті ерткен. Ақжол көне шежірелерді жақсы білетін, зерделі жігіт Шоқанға ұнап, өзінің Қашқар жайлы жазған қағаздарын алып келуге сенімді деп Ақжолды ерткен» (Нұрсадық Сарғожаев, «Талғарым- тау бесігім» , Алматы, «Білім» баспасы, 2011 жыл, 30- бет). Шоқан бастаған Қашқарға жол алған керуеннің құрамында 40 неше адам болған, солардың ішіндегі ең қолынан іс келетін Ақжол Бөлеков екен. Айтуларға қарағанда Ақжолдың атасы Бөлек (1707 — 1794) ұлы жүзге аты шыққан әйгілі батыр болыпты. Ол батырлығымен қоса шешен, ықпалды ел билеген би болған екен. Шоқан 1858-1859 жылдары Қытайдың Қашқар өңіріне барып ғылыми зерттеу жұмысымен шұғылданады. Оның «Алты шаһарға сапар» атты құнды еңбегі сол реткі сапардың туындысы. Шоқан қысқа ғұмырында Орта Азия халықтарының тарихын, салт- дәстүрін беріле зерттеген ғалым. Сонымен бірге қазақ, қырғыз халықтарының тарихы, ауыз әдебиеті, салт- дәстүр, тілі, діні туралы материалдар жинап көлемді мақалалар жариялады. Әсіресе, қазақтың жас ғалымы қырғыз халқының «Манас», «Семетей» сынды сүбені жырларын жазып алып, тұңғыш рет әлемге әйгілеп, «Манас» ғылымының негізін қалады.
Ғалымдардың айтуынша Шоқан жазып алған «Манас» дастанының жалпы көлемі үш мың жолдан асады екен. Талай- талай қауіп- қатерді бастан кешірген Шоқан 1859 жылы наурыз айында Қашқардағы сапарынан елге аман- есен оралады. Қашқар сапарынан оралған ғалым Талғар өңіріндегі Бесшатырға қарай атбасын бұрады. Өйткені Бесшатыр деген обалар тізбесі туралы Шоқан тұңғыш рет Ақжол Бөлековтан естіген еді.
«Шоқан Уәлиханов Қашқардан қайтар сапарында Іле өзенінің оң жағында орын алып жатқан Бесшатыр деген үлкен- үлкен обаларды көріп кеткісі келіп, Іледен өтер өткелде Дулат елін билеген Әли сұлтанға кез болады. Әли сұлтан елге танымал , шешен кісі болған екен. Шоқан Әли сұлтаннан Бесшатыр жайлы әңгіме сұрайды, сонда ол кісі былай деп әңгімелеген екен: «Бесшатыр» деген сөз болған жоқ, Біріншіден, Бесшатыр емес, ол Бас шатыр. Кезінде Тәуке хан қанжығалы Бөгенбайды үш жүздің жасағының бас сардары етіп сайлапты. Содан бас сардар Бөгенбай – Матай Қоянкөз, Үшқалқан бойындағы қалмақтарды біраз жерге ығыстырып, қазақтар сол жеңісті тойлауға Іле жағасында бас сардарға арнап Бас шатыр тіккен жері осы үлкен обалардың тұсы екен. Тәуке хан мен Бөгенбайдың дәурендеген тұсынан қалған бас шатырды, қазір ел Бесшатыр деп кетіпті, — дейді Әли сұлтан» (Нұрсадық Сарғожаев, «Талғарым- тау бесігім» , Алматы, «Білім» баспасы, 2011 жыл, 29- бет).
Шоқан Уәлихановтың өміріне зер сала қарасақ, бала кезінен бастап саяткерлікке құмарттып, аңшылықты ерекше ұнатқан екен. Кейін оның досы Г.Н.Потанин: «Шоқан қазақтардың қызық көретін бұл салтымен бала кезінен -ақ шұғылданған болуы керек, өйткені ол сұңқарды қалай баптап- күтудің әдісін және де қазақтардың жалпы аңшылық кәсібін өте жақсы білетін»,- деп қатты таңырқапты. Ол жас кезінен халық ауыз әдебиетінің үлгілерін ерекше ықлас қойды. Ол бала кезінің өзінде ел ішінен «Қозы Көрпеш- Баян сұлу», «Ер Көкше» сияқты қиссалардың бірнеше нұсқасын жазып алған.
Шоқан үздіксіз еңбектену арқылы ғылымның әр саласын қалам тартып, тұңғыш рет қазақ поэзиясын жанрға, түрге, өлең құрылыс ерекшелігіне қарай жіктеп, түрік халықтарының әдебиетін, тарихын, дәстүрін, тілін, дінін зерттеуге тың жол ашты.
Шоқан қазақтың ұлы ғалымы, шығыстану­шы, тарихшы, этнограф, саяхатшы, фольк­лорист, аудармашы т.б. даңықты атақтардың иесі болып, әлем таныған атақты ғылым ғұламасы ретінде танылды. Қазақтың біртуар ұлы ғалымы Шоқан Уәлиханов 1865 жылы сәуір айында Алтынемел жотасының етегіндегі Көкшетау деген жерде мәңгілік келмес сапарға аттады.

— Сұхбатыңызға рахмет. Шығармашылық ізденісіңіз жандана берсін!

Меруерт Мәулет,
«Талғар»