Талғар аудандық «Самға -Н» мүгедектер бірлестігі мүмкіндігі шектеулі жандардың құқығын қорғау және олардың еркін жүріп-тұруына кедергісіз ортаның қалыптасуы жайында мәселе көтеріп, дөңгелек үстел өткізді.
Жиынға компетенцияны дамыту орталығы «ITeachMe» қоғамдық қорының директоры Бегалиева Захира Оңғарбайқызы, аудандық жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімінің басшысы Райхан Джулимбетова, аудандық орталық аурухананың орынбасары Мұхтар Апатанов, «Жергілікті қауымдастықтардың тұрақты дамуы» қоғамдық қорының жетекшісі Елена Кеңесова, Алматы облыстық мәслихатының депутаты Әсел Болатқызы, аудандық мәслихат депутаттары Ержан Егибаев, Жасұлан Айтқалиев, Дмитрий Беков, аудандық жастар ресурстық орталығының жетекшісі Замира Қалымбетова, «Жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар» бөлімінің бас маманы Жұлдыз Алтаева және БАҚ өкілдері қатысты.
Бірлестік мүшелері арнайы комиссия құрып, мемлекеттік ұйымдар мен қоғамдық орындарға монинторинг жүргізіп, тексеру барысында жүріп-тұруы қиын жандардың бірқатар мекемелерге кедергісіз кіріп-шығуына, шақырту тетіктерінің қол жетімді жерде орналаспағандығына көз жеткізгендіктерін арнайы фотосуреттер арқылы көрсетті. Сондай-ақ мүгедек жандарға арналған пандустардың, көз жанарынан айырылған жандардың жүретін жол жолақтарының ескіріп, қолайсыздық туындататыны жайлы ақпараттарды көпшілік назарына ұсынды. Осыдан-ақ мүгедектерге деген мүсіркеу мен олардың өміріне деген көзқарасты аңғаруға болады. Инклюзивті қоғам қалыптастыру үшін қоғамда жанашырлық пен мейірім көзқарасы басым болуы керек емес пе?
Өз кезегінде сөз алған «ITeachMe» қоғамдық қорының директоры Захира Оңғарбайқызы атаулы топтағы жандарға арналған жол жолақтары, мен жүріп тұруға арналған пандустардың жасалу құрылымдарына сипаттама жасады. Мүмкіндігі шектеулі жандардың қоғамдағы орны, оларды бөлектемей деңгейлес адамдардың қатарына жатқызу керек екендігін баса айтты. Өзге де жиынға қатысушылар өз ойларын ортаға салып, пікір алмасты.
«Самға -Н» мүгедектер қоғамдық бірлестігінің мүшелері Талғар қаласынан Алматыға қатынап оқитын 13 студентпен бірге ата-анасынан ерте айырылып, өзі де зағип жандар қатарынан табылатын 21 жасар Асқар Болтанның өз күшімен «Спорт және туризм академиясының» грант жеңімпазы екенін айта келе, оқуға қатынау үшін инватаксидің көмегіне зәру екендерін жеткізді. Ауданымыздағы инватаксилердің қызметі ауданнан тыс бағытқа шықпайтыны көпке аян. Алдағы уақытта осы мәселені тағы да қарастырып немесе басқа көлік қарастырып осы студенттерге көмек көрсету мақсатында депутаттарға ұсыныс жасалды.
Сонымен қатар бірлестік мүшелері мүмкіндігі шектеулі, көмекке мұқтаж жандарға қол ұшын созып, олардың білім алуларына, денсаулықтарын түзеп, әртүрлі әлеуметтік көмек алуларына, психолгиялық қолдау көрсетуге жағдай жасап, ауданымыздағы осал топ мүшелеріне қамқорлық көрсету мақсатында жеке оңалту орталығын ашуды көздейтіндерін жеткізіп, депутаттардан қолдау сұрады.
Депутаттар мән-жайдың анық-қанығын сұрастырып, шешілу жолдарын қарастыратынын, құжат рәсімдеуде ақыл- кеңестерін беріп, қолдан келгенше көмектесуге уәде берді.
Статистикаға сүйенер болсақ бүгінде Талғар ауданы бойынша 16 жасқа дейінгі 1,2,3 топтағы мүгедектердің саны – 1532 болса, ересектердің саны 3725 адам. Бұл әлеуметтік деңгейі төмен, толық емес отбасыларын, көпбалалы аналарды қоспағандағы көрсеткіш. Қорытындылайтын болсақ қаншама жан әлеуметтік қолдау мен көмекке зәру екенін ойлай беріңіз.
Өткен жылы ҚР Премьер-Министрі Асқар Маминнің төрағалығымен өткен Үкімет отырысында мүгедек адамдарды әлеуметтік қорғау туралы мәселе қаралған болатын. Осы бағытта атқарылып жатқан жұмыстар туралы еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Біржан Нұрымбетов: «Мүгедек адамдардың құқығын қамтамасыз ету және әлеуметтік қорғау Үкімет қызметіндегі маңызды міндеттердің бірі», — деген болатын.
Ал «Самға -Н»мүгедектер қоғамдығы бірлестігінің мүшелерінің мойнына үлкен жауапкершілікті ала отырып, осы бағытты барынша жандандыру мәселесіне білек сыбана кірісіп отырғандары қуантарлық жағдай. Десе де, көп түкірсе көл болатынын да ескере отырып, ауданымыздағы «атымтай жомарт» жандардың бұл мәселеден тыс қалмаса екен дейміз. Жесірін қаңғытпаған, жетімін жылатпаған елдің ұрпағы болсақ бұл мәселені аяқсыз қалдырмас деп сенім білдіреміз.
Айнаш Әлдибек,
«Талғар»