Әкенің қасқабағы – баланың бас сабағы

Әкенің қасқабағы –  баланың бас сабағы

Отанның отбасынан басталатынын ескерген дана халқымыз отбасы тәрбиесіне көп көңіл бөліп, ұлы өссе – ұяттымен, қызы өссе – қылықтымен көрші болған.
Баланың тәрбиесіне әке де, ана да бірдей жауапты. Десе де, әкенің орны көбіне түзде болатындықтан, бала тәрбиесіне ананың ықпалы мол. Ананың даналығы мен парасаттылығы, адалдығы мен білімі басым болғаны маңызды. Сол себептен де ата-бабаларымыз бала тәрбиесін басты орынға қойып, текті қылып өсіруге тырысқан. Сондай отбасының шыққан тегіне, алған тәрбиесіне қанық болғандар қыз алысып, қыз беріседі.
Мәстектен тұлпар артық шаппаса да,

Тексізден текті тумас мақтаса да,- деген нақыл сөздің түп тамырын жете ұғынғандықтан «тексіз» деген сөзге қалуды ар санаған.
Әкенің мысының басымдылығы баланы артық қылықтардан тиып, жамандық жасамауға шақырса, ананың жұмсақтығы мен мейірімі баланың бойындағы бауырмалдылығын оятқан. «Әке көрген оқ жонар, шеше көрген тон пішер» дейді дана халқымыз. Ал қазір осы мақалдың мәні қалды ма?
Отбасының сәтсіздігі ата- анасының моральға қайшы өмір кешуі, бала тәрбиесі мен болашағына деген жауапкершіліктің жоқ болуы бала тәртібінің нормадан ауытқуына әкеледі. «Ұяда не көрсең, ұшқанда соны ілерсің» демекші, көбіне отбасындағы тәрбие бала мінез–құлқына қатты әсер етеді. Сондай-ақ, отбасы жағдайында баланың күн тәртібінің дұрыс ұйымдастырылмауы, сабаққа әзірленуге мүмкіндік жасамауы да себепші болады.
«Жаста берген тәрбие жас қайыңды игендей»- дегендей, тәлім-тәрбиедегі үйлесімділік ошақтың үш тағаны секілді осы одақтың арасындағы тығыз қарым-қатынасқа көп байланысты екенін тәжірибе анық байқатып жүр. «Бала тәрбиесіне уақыт бөлмей, «жұмысбастылықты» желеу ету, тек сылтау ғана. Ұл-қызының материалдық қажетін өтеумен «іс біттіге» санайтындар жетерлік арамызда. Ата-ана мен бала арасындағы алтын көпір тәлім-тәрбие екенін әсте ұмытпағанымыз жөн. Ертеңі бұлыңғыр болмас үшін баланы назардан тыс қалдыруға болмайды. Осындайда ауданның әр ауылдық округінен әкелер мектебі ашылып, бала тәрбиесіне өз үлестерін қосса құба құп болар еді. «Қамысты бос ұстасаң, қолыңды кеседі» демекші, бала тәрбиесін әлсіретіп алмауымыз керек. «Баланы жастан» емес, бесіктен, тіпті, ана құрсағынан бастап тәрбиелеуді атам қазақ ерте ұғынған. Әдетте, адам барлық нәрсені өмірге келген соң үйренеді, көреді, біледі, көңіліне түйеді. Алайда, сәбидің ана құрсағындағы тәрбиесі аса маңызды орын алмақ. Өйткені, бала ана құрсағында болғанда анасы не нәрсені көбірек үйренсе, көбірек білсе, кейін бала да сол нәрсені тез игереді екен. Яғни, «Сүтпен біткен мінез сүйекпен кететінінің» дәлелі.

«Әкеге қарап ұл өсер, шешеге қарап қыз өсер»- демекші ұрпағымыз ұлағатты болсын десек өзімізді тәрбиелеуден бастағанымыз жөн. Кәзіргі әкелерде сес, аналарда ес қалмаған. Үйдегі адуынды әйел мен жасық әкенің тәрбиесін алған ұрпақтың қандай болары да белгілі. Ненің дұрыс, ненің бұрыс екенін кішкентайынан ұрыс арқылы емес, саналы түрде жеткізсе, бала да солай қабылдайды. Ашулы түрде ұрыспен жеткізсе, ол баланың миы қабылдаған күнде де ол ережені бұзса, депрессияға шалдығып, қателігін мойындауға қорқа бастайды. Бәрі осылай түйінделе келе үлкен шешілмес мәселеге айналады. Мысалға алайық, бір түйінді шешудің екі түрлі жолы бар: бірі – қайшымен қию, екіншісі — сол түйінді қалай болса да қолмен шешіп алу. Бірі оңай, бірі – қиынырақ. Біз оңай жолын таңдай салып, жас өмірге балта шаба салып, келте қылмауымыз керек немесе екінші нұсқадағыдай түйінді қинап ашпауымыз керек. Біз о баста не түйінді болдырмауымыз керек немесе он қатты түйіндемеуіміз керек.

Бала тәрбиесінен безіну қазақтығымызға да, иманымызға да жат. Пайғамбарымыз (салааллаһу ғалейһи уә сәлләм) өз хадисінде: «Әкенің балаға беретін ең үлкен сыйлығы – дұрыс тәрбие» деп, әке тәрбиесінің бала өміріндегі мән-маңызын ерекшелейді. Қазақ халқында әке әрдайым ұрпақ тәрбиелеудегі, тұлға қалыптастырудағы маңызды әрі ең байырғы әлеуметтік институт болған. Бүгінде әкелерге тарихи миссия жүктеледі: олар алтын тіні үзіле жаздап барып, қайта ұштасқан ата-баба мирасы мен жас ұрпақ арасын жалғар буынға айналуы, яғни ұрпақтардың асыл сабақтастығын қамтамасыз етуі керек.

Әрбір қазақстандық әкенің қасиетті бір парызы – баласын ақты қарадан, шындықты жалғаннан, жарықты түнектен, жақсылықты зұлымдықтан айыра білуге баулу болмақ.
Заманауи әкелердің біразы баламды асырасам, күнделікті керек-жарағына ақша беріп, қажеттіліктерін өтеп отырсам жеткілікті деп есептейді. Шынында, қазақ халқында әке тәрбиесі сан қырлы және ол физиологиялық, рухани, әлеуметтік, психологиялық, эстетикалық, экономикалық яғни бала өмірінің барлық жақтарын қамтиды. Осы қырлардың ең құрығанда бір-екісі әке назарынан қалыс қалса, тәрбие де толыққанды болмайды.
Дүниеге келе сала әлем сырын ашып, өмір құпиясына қанығуға әуестенетін кез келген бала үшін әке – жолбасшы. Демек, ол баласына өмірлік оң тәжірибесін табыстауға, оның бойындағы қажырлылық пен қайсарлық қасиеттерін ұштауға, білімі мен мәдениетін дамытуға, оның интеллектуалдық деңгейін көтеруге мән бергені абзал. Әке сүйемелдеуімен үлкен өмірге аяқ басқан бала батыл болады, жаңаны тануға ұмтылады. Өз кезегінде әке мақтауына лайық болу үшін бала өз әлеуетін жарқырата жүзеге асыруға ынтығады. Сондықтан да әкенің қасқабағы – баланың бас сабағы.

Айнаш Әлдибек,
«Талғар»