Соңғы кезде «Дельта» (үнді штамы) деп аталатын коронавирустың мутацияланған түрі басқалармен салыстырғанда ауыр екенін ескертіп, дабыл қағушылар көбейіп кетті.
Мұны тіпті ҚР Денсаулық сақтау министрі Алексей Цой да растап отыр. Шынымен де қауіпті ма? Вирусологтардың айтуынша, «Дельтаның» басқа мутацияларға қарағанда бірнеше өзгешелігі бар.
Олар:
бұл түрін қайта жұқтыру қаупі коронавирустың басқа нұсқаларына қарағанда әлдеқайда жоғары;
Шотландияның мәліметінше, «Дельта» нұсқасын жұқтырғандар «Альфа» нұсқасына қарағанда ауруханаға орта есеппен екі есе жиі түскен;
«Дельта» нұсқасының иммун жүйесінен, әсіресе, антиденелердің реакциясынан «айналып өту» бейімі жоғары;
Үнді штамын кейбір ПТР-сынақтары анықтай алмайды;
1 адамнан орта есеппен 3-4 адамға таралатын болса, бұл штамм 5-6 адамға бірден жұғады және 7 күнге созылатын қысқа инкубациялық кезеңмен ерекшеленеді.
Белгілері — іш буындарының қатты ауруы, сондай-ақ, есту қабілетін жоғалту осы штамға тән. Негізгі белгілері тұмауға ұқсайды — бас, тамақ ауруы, мұрыннан су ағуы және дене қызуының көтерілуі. бірақ иіс сезу қабілеті жоғалмайды, көп жағдайда жөтел болмайды.
«Спутник V» вакцинасының үнді штамына қарсы тиімділігі туралы әзірге деректер аз. Алайда «Спутник V» де «AstraZeneca» вакцинасы сияқты векторлық екенін ескерсек, вакцинаның екі дозасын алғанда ғана тиімділік артады екен. Яғни, елде вакцина алмаған адамдар неғұрлым көп болса, коронавирустың жаңа түрінің таралуы да соғұрлым жоғары болады.
«Талғар-ақпарат»