Рух отымен жазылған шығармалар

Рух отымен  жазылған  шығармалар

«Тірі адамның рухында, жүрегінде, қанында қоғам өмірі көрініс табады, ол қоғамның дертімен ауырады, соның қасіретінен азап шегеді, қоғамның саулығымен гүлденеді, соның бақытымен көсегесі көгереді»- деп ұлы сыншы В.Г.Белинский ой түйгендей, осы аптада аудандық орталық кітапхананың оқырмандар залында белгілі қоғам қайраткері, публицист-жазушы, кезінде КСРО-ның тоталитарлық-отаршыл жүйесіне қарсы шыққаны үшін 1970-1990 жылдар аралығында үш рет қапас түрмеге қамалып, есімі 1977 жылы «Әлемдік саяси тұтқындардың Хельсинки тізіміне» енген, аңыз-адам Қожа Ахмет Хасен Каримжанұлымен кітап оқырмандары жүздесті.

Аудандық мәдениет және тілдерді дамыту бөлімінің бастығы Фарида Бегенбаева қоғам қайраткері, ұлт қаһарманы Қожа Ахмет Хасен Каримжанұлының бұрын жарық көрген: «Ереуіл атқа ер салмай», «Ғасырларға жалғасқан жаңсақтық», «Орыс тілі көне түрік тілі ме?» атты рух отымен суарылған шығармаларына шолу жасап, ұлт қайраткері Қожа-Ахмет Хасеннің ұлт тәуелсіздігі мен бостандығы үшін күрескен ерлік істері туралы баяндады.

Жылы шырайда өткен кездесуде жазушы Қожа Ахмет Хасен 2019 жылы «Білім» баспасынан жарық көрген «Тарих туралы мақалалар» кітабы мен 2021 жылы «Арыс» баспасынан жарық көрген: «Тюрки на востоке» атты кітабының тұсауы кесіліп, тарих қойнауына сапар шегетін екі туындының қазақ тарихы үшін ұлы теңізге тамған тамшыдай болса да, үлкен маңызға ие болатынын кітап оқырмандары сезінді. Ақын, сазгер, ұлтжанды азамат, дарынды публицист Хасен Қожа Ахмет «Намысымның құлымын» атты өлеңінде:
«Сұрасаң шын атымды-Темір жолды,
Өйткені, анам пойыз жолға туды.
Ай өте іс-сапармен әкем келіп,
«Хасен» деп аянменен қайта қойды» – деп өзі жырлағандай, қазақ аспаны көгінде рух найзағайы болып жарқылдаған Қожа-Ахмет Хасеннің екі кітабы енді қазақ оқырмандарының сүйіп оқитын құнды шығармасына айналатыны сөзсіз.

Тұрсынбек Жалғасбаев,
«Талғар»