Тізгін және 100 күн

Тізгін және 100 күн

Қоғамдағы кез келген қадам көпшіліктің назарынан қалыс қалмайтыны белгілі. Ендеше «халықтан асқан сыншы жоқ» деген халық даналығының астарын осыдан іздеген жөн болар. Әрбір істің жай-жапсарын, атқарылу деңгейін, алдағы бағыт-бағдарды бағамдауда да ел лайықты бағасын беріп отырады. Бұл ретте, қас-қағым сәттей өте шыққан жүз күнде не істелді және алдағы уақыттың еншісінде не істелмекші, жалпы ауданымыздың жаңа басшысының алғашқы аяқалысы мен жоспарлары жөнінде төртінші билік өкілі ретінде сұхбат алып, оқырманға ұсынуды жөн көрген едік.

-Қайдар Әлиханұлы, мемлекеттік қызметте кез келген басшының жаңа қызметке тағайындалғаннан кейінгі алғашқы жүз күніне жұртшылық тарапынан баға берілуі жазылмаған «заң» немесе қалыптасқан қағида десе болады. Басшылық тізгінді қолға алған күннен бастап үш айдан аса уақыт өтті. Осы уақыт аралығында ауданымыздың тыныс-тіршілігімен қаншалықты танысып үлгердіңіз?

— Ел басқару оңай шаруа емес. Аудан әкімі болып тағайындалғаныма үш айдан асты. Десе де, мен үшін Талғар ауданы бөтен емес. Қасиетті Талғар топырағында туып-өстім. Балалық шағымның қызыққа толы күндері де осында өткен. Аудан тізгінін қолыма алғанға дейін Кеңдала ауылдық округінің әкімі болып, одан кейін аудан әкімінің орынбасары болып мемлекеттік қызметте еңбек етіп жүргеніме 4 жылдан асты. Ауданымыздың тыныс-тіршілігі маған бұрыннан таныс. Басшылық қызмет сеніп тапсырылғаннан кейін жауапкершілік жүгі еселене артып, жұмысқа білек сыбана кірістім. Енді мен бір ауылдық округ үшін ғана емес екі жүз мыңнан аса тұрғыны бар бір аудан үшін жауаптымын. Сол себепті жұмысымды барлық ауылдарды аралаудан бастадым. Осы 3 ай ішінде 10 ауылдық округтағы 46 елді мекенді аралап шықтым. Жергілікті тұрғындармен кездесіп, олардың мұң-мұқтаждарын тыңдап, проблемалық мәселелерді көзбен көріп, жазып алдым. Ендігі мақсатым осы мәселелердің шешу жолын қарастырып, ел игілігі үшін жұмысқа кірісу. Атқаратын істерімнің ауқымы артып, жоспарларым жүйеленді деп ойлаймын.

— Игі бастамаларды жүзеге асыру үшін білікті кадрлар керек екені белгілі. Алғашқы 100 күнде аудан басшысының өкімімен қанша басшының қызметі ауысты?

– Әрине, іс тетігін білікті маман шешеді. Кез келген басшы айналасына өз ісінің білікті мамандарын жинайтыны рас. Себебі білімі жетік, еңбекке ынтасы жігерлі, жауап­кершілік жүгін арқалай алатын, халықтың мүддесін алдыңғы орынға қоятын азамат қана мемлекеттік қызметші, әрі аудан әкімінің сенімді өкілі бола алады. Сол себепті мен қызметке келгенде сенімімді ақтай алатын, білімді де білікті, іс-тәжірибесі мол, елмен етене араласып, өз саласының қыр-сырына қанық мамандарды жұмысқа тарттым. Ең алдымен екі орынбасарымды тағайындадым. Бірі — Ермек Толқынов. Талай жылдар бойы бірге қызметтес болып еңбек етіп келдік. Ауданымыздың ауылшаруашылығы бөлімін басқарған білікті маман. Ермек Маңғазұлы ауданымыздың барлық проблемаларын жақсы білетін азамат. Сол себепті бірлесе жұмыс жасауға шақырдым, сенімімді ақтайды деп ойлаймын. Ал Барлық Төреханов – мемлекеттік қызметте іс-тәжірибесі мол маман. Барлық Әдепханұлына өте жауапты салаларды жүктеп отырмын. Әсіресе ауданымыздағы өзекті мәселелерді қамтитын тұрғын үй коммуналдық шаруашылық бөліміне де жауапты осы азамат. Сонымен қатар аудандық тұрғын үй коммуналдық шаруашылық бөлімі, ішкі саясат бөлімі, жер қатынастары бөлімі мен сәулет және қалақұрылысы бөлімдеріне де жаңа басшы тағайындадым. Алдағы күндері бұл басшылар да өз міндеттерін тиянақты атқарып, сенімге селкеу түсірмейді деген ойдамын. Қазақта: «Жалғыз ағаш орман болмас, жалғыз адам қорған болмас» деген тәмсіл бар. Аудан әкімі жалғыз өзі бір ауданды басқарып, барлық істі еңсере алмасы анық. Сондықтан осындай орынбасарларым мен бөлім, мекеме басшыларының қолдауымен ғана жұмысымыз алға жүріп, ел игілігі үшін қызмет ете аламыз.

— Әлеуметтік желіні белсенді қолданатыныңызды білеміз. Аудан әкімдігінің сайты мен әлеуметтік парақшалары, тіпті ұялы телефоныңыз да кез келген аудан тұрғынына қолжетімді. Осы уақыт аралығында әлеуметке қаншалықты жақындадым деп ойлайсыз?

– Әкім халыққа жақын болу керек. «Әкім бол, халқыңа жақын бол» деген даналық сөз бекерге айтылмаса керек. Ақпараттық технологиялар дамыған қазіргі уақытта халыққа етене жақын болудың тиімді жолы осы әлеуметтік желілер. Әлеуметтік желілердің дамуының арқасында қазір кез келген адам өз проблемасын үйде отырып шеше алады. Президентіміздің «Еститін мемлекет» тұжырымдамасы да осыны меңзейді. Әлеуметтік желілерді белсенді қолданатыным рас. Соңғы жылдары, аудан әкімінің орынбасары қызметін атқарған тұста белсенділігім артты. Әсіресе бұл халықпен байланыс жасау үшін тиімді. Жасалып жатқан жұмыстарды ұялы телефоныма түсіріп, желілерге жариялаймын. Тікелей эфирлерге шығып, желі қолданушыларымен таныстық орнатып, ауданымыздағы орын алып жатқан түрлі өзекті мәселелер жайлы хабардар болып жүремін. Ұялы телефонымның нөмірін ашық жариялап, ватсап арқылы тұрғындармен байланысқа шықтым. Аудан әкімі болып тағайындалғаннан кейін оқырмандар саны да, келіп түсетін сұрақтар да екі еселенді. Күніне телефоныма мыңнан аса хабарлама келеді. Бәріне жауап беру мүмкін емес. Десе де ескерусіз қалдырмауға тырысамын. Парақшамды көмекшілеріме немесе баспасөз хатшысына тапсыруыма да болар еді, бірақ мен халықпен арадағы қарым-қатынасты үзіп алмайын деп өзім қадағалаймын. Қазір барлық ауыл әкімдерінің, бөлім басшыларының әлеуметтік желіде белсенділігін арттыр­ғым келеді. Олардың телефон номерлерін әлеуметтік желілерге жариялап та қойдық. Кез келген басшы халыққа қолжетімді болуы керек. Сонда ғана ауылдың тыныс-тіршілігіне қанығып, қарапайым халықты толғандырған мәселелерді біліп жүретін болады. Алдағы күндері әлеуметтік желідегі жұмыс­тарын саралап, басшылардың жұмысына баға беретін боламыз.

— Жүз күндік қызмет барысында ауданымызда қандай өзекті мәселелердің орын алғанын байқадыңыз және оларды шешу үшін қандай жұмыстар қолға алынбақ? Соңғы үш айдағы ауданымыздың даму қарқыны қандай?

— Ауданымыз жер көлемі жағынан да, халық саны жағынан да үлкен аудан. Алматыдай ірі мегаполиспен іргелес жатыр. Сондықтан да біздің ауданда қарқынды даму да бар, шешілуі тиіс өзекті мәселелер де көп дер едім. Басшылық тізгінді қолыма алған күннен бірінші кезекте аудан бюджетіне қосымша қаржы бөлдіруге күш салдым. Себебі көптеген өзекті мәселенің шешімі қаржыға келіп тірелетіні белгілі. Облыс әкімі Амандық Ғаббасұлының қолдауымен белгіленген бюджеттің үстінен тағы 800 млн. теңге қаражатқа қол жеткіздік. Бұл қаржының басым бөлігі ауылдық округтер жанынан бой көтеріп жатқан жаңа құрылыстардың көшелерін жөндеуге жұмсалмақ. Оның сыртында 48 көшені жөндеуге жобалық құжаттарымыз дайын, өткен жылғыдай «Жұмыспен қамту жол картасы» арқылы қаражат бөлінсе, қыруар іс тындырамыз деген ой бар. Ауданымыздағы тозығы жеткен, қуат күші жетпейтін электр желілерін ауыстыру, газдандыру, жаңа мектептер мен медпунктер салу және тұрғындар демалатын орындар, балаларға арналған ойын алаңдарын салу үшін де жұмыстар қолға алынуда. Аудан жұртшылығын алаңдататын ең күрделі мәселенің бірі – ол ауыз су тапшылығы. Талғар қаласы ашық су қоймаларынан су алатындықтан жаз мезгілінде табиғаттың тосын мінезінің кесірінен лай сумен күресетініміз бар. Айтып келмейтін жауын-шашын, тау көшкіні мен лай көшкіні сынды табиғи апаттардың салдары бір қиындық туғызса, арық суының жоқтығынан ауыз сумен бау-бақшасын суғаратын тұрғындардың кесірі де көпке тиіп отыр. Осындай су тапшылығы бүкіл ауданда сезіледі. Бұл мәселені шешу үшін «Казгидробурпроект» мекемесінің мамандарын шақыртып аймақты толығымен зерттеп, скважиналар арқылы ауданды сумен қамтысақ деген жоспар бар. Бұл жоспарды облыс басшысы құптап, жоба әзір болғанда қаражат бөлуге ықпалдасатын болды.

— Халық саулығы — мемлекеттің басты байлығы. Күні кеше ғана «қызыл аймақтан» шығып, еңсеміз бір көтеріліп қалды. Десе де, арқаны кеңге салуға болмайды. Аудан жұртшылығын қатерлі індеттен сақтандыру үшін тағы қандай жұмыстар жасалуда?

— Бір жылдан аса уақыттан бері коронавирус инфекциясының шырмауынан шыға алмай келе жатырмыз. Бұл індетпен күрес тоқтаған жоқ. Денсаулық сақтау орындарымен бірлесе талғарлықтардың саулығын сақтап қалу үшін карантин талаптарына барынша бағынудамыз. Бүгінгі күні бұл мәселенің ең тиімді жолы – екпе ектіру болып тұр. Әрбір ауылдық округте екпе жұмыстарын жасайтын пункттер ашылды. Жылжымалы медициналық пункттер де өз міндеттерін атқарып жатыр. Екпе ектіремін деген азаматтарға сапалы әрі жылдам қызмет көрсетіліп, тұрғындарды жаппай вакцинация науқанына тарту жұмыстары жүргізілуде. Аудан әкімдігінде күнде штаб отырысы өтіп, барлық мәселелерді талқылап, шешу жолдарын қарастырамыз. Ауданымыз, тіпті облысымыз «қызыл» аймақтан шығып, кішкене босаңсып қалғанымыз рас. Шектеуде тұрған біраз кәсіпкерлік нысандар белгіленген тәртіпке сай жұмысын бастады. Арнайы құрылған мониторингтік топ күнделікті жұмысын жасап, карантин талаптарын бұзған азаматтарға айыппұл салып, ескертулер жасалуда. Жабық алаңдарда бетперде тағу әлі де маңызды. Ара қашықтықты сақтап, өз денсаулығымызға бекем болуымыз керек. «Алла сақтанғанды сақтайды» деген сөзді естен шығармағанымыз жөн.

— Алдағы жұмыс жоспарларыңыз жайлы сөз қозғап, сұхбатымызды сабақтасақ?

— Алда атқарылатын жұмыс ауқымды. Болашақтың еншісіне қойған жоспарларымыз жетерлік. Барлығы да ауданымызды көркейтіп, халықтың тұрмысын жақсартуға бағытталған. Атап айтар болсам, биыл Талғар қаласында 9 қабатты 72 пәтерлі үш үйдің құрылысы басталмақ. Тағы 10 үй салу жоспарда тұр. Көпқабатты үйлерді орталықтандырылған жылыту жүйесіне қосу жұмыстары жалғасуда. Талғар қаласындағы қалған 23 екі қабатты үйлерді және Бесағаш, Кеңдала, Панфилов, Қарабұлақ, Ақтас, Алтындән ауылдарындағы көпқабатты үйлерді көгілдір отынға қосу үшін 30 блок-модулді қазандықтарды орнатуды жоспарлап отырмыз. Жұмыстар осы жылдың аяғында басталып, 2022 жылы толығымен аяқталуы тиіс. Өткен жылы аяқталмай қалған көпқабатты үйлердің аулаларын абаттандыру жұмыстары да жақында өз жалғасын табады. Сонымен бірге осы жылы сол көпқабатты үйлердің сыртын және шатырларын жаңарту бойынша жұмыстар жасалмақ. Бірінші кезекте «Боз­торғай» мен «Мелиоратор» ықшамаудандарының үйлері кіреді. Тағы үлкен жаңалығымыз қаламыздың орталығынан, Абылайхан көшесі бойынан демалыс саябағы мен би алаңы бар саябақ ашуды жоспарлап отырмыз. Бұл жаңалықпен жуырда аудан әкімдігінің парақшасында бөлісіп, суреттерін де салған едім. Қаламызда демалыс орны жоқ екенін тұрғындардан жиі естіп, көріп те жүрмін. Сондықтан да осы екі жобаны жүзеге асырып, ел игілігіне беруге бар күшімді саламын. Әлі де халықпен етене байланыста болып, өз міндетімді адал атқарып, ел сенімінен шығу — басты мақсатым.

— Тізгін ұстаған жүз күндік қызметіңізде талай істің басын қайырып, алға талай міндет қойған екенсіз. Есепті кезеңде талай жүздесу өтіп, біраз іс басталғанын аңғардық. «Ел бастаған жігітті ел қолдаса игі» демекші, талғарлықтар аудан әкімнің ел игілігі үшін атқаратын жұмыстарына зор үмітпен қарайды. Ендеше, іске сәт!

Перизат Нұрқаева,
«Талғар»