«МЫҢ БАЛА» ЖОБАСЫ ҮЛКЕН МҮМКІНДІК

«МЫҢ  БАЛА» ЖОБАСЫ ҮЛКЕН МҮМКІНДІК

Ғылыми-техникалық үрдістің қарқынды ағымында қоғамның сұранысы терең білімді талап ететінін мектеп оқушылары да сезіне бастады. Онлайн сабақтардың өзі мұғалім мен оқушының ғаламтордың көмегімен бірнеше онлайн платформада өзара қарым-қатынас жасаудың қыр-сырын үйрене бастады.

Қазіргі білім беру жүйесінде мектеп оқулықтарымен шектеліп қана білім алу жеткіліксіз, оқушы да, мұғалім де үнемі үздіксіз ізденісте болуы талап етіледі. Себебі заман, қоршаған орта, өмір сүрудің өзі терең білімді талап етіп отыр. Компьютердің немесе смартфонның «құлағында ойнау» үшін, яғни ақпараттық, танымдық, т.б. құрылғыларды (программаларды) жүктеп еркін пайдалану үшін ешкімнің көмегіне жүгінбей өз бетіңше ізденіп қосылуға толық мүмкіндік бар. Ол үшін оқушының ең алдымен «қолымнан келеді» деген сенімі болу керек, екіншіден, қарапайым ағылшын тілінен сауаты болу керек (on, of, canсel, further). Үшіншіден, электрондық ресурстардың қызметі туралы білімі болуы қажет. Осы мүмкіндіктердің өзі оқушыны өз бетінше терең білім алуға жетелейді. Ең бастысы оқушы қолындағы компьютер не смартфоннан «бөтен» дүниелерді емес, өзіне білім алу үшін пайдалануын қадағалау аса маңызды болып отыр. Осы тұрғыдан алғанда оқушыларды сабақтан тыс «бөтен» дүниелерге елеңдетпейтіндей етіп олимпиадалар мен шығармашылық курстарға дағдыландыру ең тиімді тәсіл деп есептеймін.
Жақында Білім және ғылым министрлігі және Н.Назарбаев Қоры ұйымдастырған «Мың бала» жобасы бойынша олимпиада өтті. №29 мектептен бірқатар оқушылар қатысты. Жалпы ауыл балаларының дарынды мектепте білім алуына мүмкіндік жасайтын шаралардың қатарында «Мың бала» жобасының маңызы ерекше деп бағалаймын. Себебі жобаның жеңімпаздары, яғни бірнеше турдан өткен таңдаулы 1000 бала дарынды мектептер — Назарбаев зияткерлік мектебіне, Білім инновация лицейіне, Республикалық физика-математика мектебіне конкурссыз түсуге мүмкіндік алады. «Мың бала» жобасында математикалық сауаттылық бойынша логикалық және кеңістік есептері, ағылшын тілі, қазақ тілі, жаратылыстану пәндері бойынша тест тапсырды. Әрбір оқушы өз білімін сынады. Бір сағатта 40 сұраққа жауап беру кезінде жылдам ойлау, тиімді жолмен шешу жағдаяттарымен кездесті. Оқушы өзінің білетінін, білмейтінін ажыратты. «Мың бала» олимпиадасы оқушыларға білімнің маңыздылығын аңғартты, оқушылар білімнің қажет екенін түсінді, дарынды балаларға арналған мектептің жетістіктерін көре отырып, алға ұмтылуға ынталанды.
Ауыл оқушыларына арналған осындай білім беретін ұлттық жобалар жиі өткізілсе, Елбасымыз Н.Назарбаевтың «Терең білім — тәуелсіздігіміздің тірегі» деген ұстанымы сөзсіз орындалатынына кәміл сенемін.
Ұстаз ретінде ауыл балаларына жасалған «Мың бала» атты игі бастаманың өркендей беруіне тілектеспін. Жобаны үйлестіруші Асанова Жазира Қанатқызына үлкен алғыс білдіреміз!

Назым Сарсебаева,
Бесағаш ауылындағы №29
жалпы білім беретін орта
мектептің директоры