Отан үшін от кешкен…

Отан үшін от кешкен…
Адамзатты дүр сілкіндірген Ұлы Отан соғысындағы Жеңіс оңайлықпен келген жоқ. Миллиондаған жанның өмірін қиып, үміті мен асқақ армандарын күл-талқан еткен «соғыс» атты қасіретке лағнет айтпайтын адам жоқ! Ұлы Отан соғысы басталған кезде Белоусов Иван Дмитриевич бар жоғы 16 жастағы бозбала еді.
Әскер қатарына әлі де жасы жете қоймаған өзі сияқты жеткіншектермен бірге ол да тыл еңбегіне араласып, майдан үшін қажетті азық-түлік, киім-кешек аттандыруға үлес қосып жүрген-ді. 1943 жылдың көктем айында әлі он сегізге тола қоймаған жас жігіт әскер қатарына шақырылып, отанымызды неміс-фашист басқыншыларынан қорғауға аттанады. Әрине ол бірден шайқасқа кірісіп кеткен жоқ. Алдымен Латвияның Крустпилс қаласына түсіп, онда бірнеше ай дайындықтан өткен жас жауынгер ІІ-ші Прибалтика майданының 305-ші Павлоград Воронеж-Киев шабуыл авиациясы дивизиясында әуе атқышы болып гитлершілдерге қарсы соғысады. Әуеде жаумен шайқасу оңай емес. Оның үстіне соғыстың алғашқы уақытында мұздай қаруланған неміс-фашистерінің әуе техникасы совет ұшақтарынан саны жағынан да, техникалық жабдықталу жағынан да басым болғаны белгілі. Дегенмен, совет ұшқыштарының жанкешті ерлігі мен ұрыс қимылындағы шеберліктері жаудың бетін қайтарып, мысын басты. Әскери тапсырманы орындау үшін әуеге көтерілген әрбір кеңес әскерінің шабуыл авиа­циясының ұшқыштары жанқиярлықпен соғысқаны белгілі. Капитан Себастьяновтың басшылығымен әуе атқышы Иван Белоусов талай-талай әуе шайқастарына қатысып, өжеттік пен әскери шеберлік танытып, әр тапсырманы мұқият орындап отырды. Көк аспаннан елді мекендерде орналасқан дұшпанның жер үсті күштеріне шабуыл жасап, ұшақтағы арнайы құралдар арқылы әуе бомбалары мен снарядтарды жаңбырша жаудырып фашистерді жойып, күшін әлсіретті. Жеңіс күнін жақындату үшін совет ұшқыштары мен әуе атқыштары күндіз де, түнде де, тіпті ауа райын талғамай ұшып, жау ұшақтарының жолын кесіп, қарсы шайқасып, соққы беріп отырды.
Жеңіс күнін Иван Дмитрийұлы Прибалтика жерінде қарсы алды. Бірақ ол бірден елге қайтпады. Соғыс өрті Қиыр Шығыста да тұтанған еді. Ол енді өзінің жауынгерлік борышын Қиыр Шығыста жапондармен шайқаста жалғастырды. Бұл соғыс қысқа уақытта аяқталғанымен, кескілескен шайқастың қиындығы да кем түспеді.
«ІІ дәрежелі Отан соғысы» орденімен марапатталған жауынгер 1950 жылы аман-сау туған жері Талғарға оралады. Елге келіп, бейбіт өмір тіршілігіне араласқан ол 1951 жылы Вера Евдакимқызымен отау құрып, бір ұл, бір қыз тәрбиелеп өсіреді. Соғыс ардагері Иван Белоусов ұзақ жылдар аудан ғана емес облыс аумағына белгілі болған халықтық ансамбль «Ардагерлер хорында» әуелете ән салып, өнерімен көптің ықыласына бөленген жан.
Арада 76 жыл өтсе де соғыстың салған тән мен жан жарасы әлі де жазылған жоқ. Сұрапыл соғыс жылдары ат ауыздығымен су ішіп, ер етігімен қан кешіп қаратүнек фашизмге қарсы жан аямай күрескен ардақты да аяулы соғыс ардагерлері қашанда зор құрметке лайық. «Ер есімі ел есінде» деп тегін айтылмаған. Отан үшін кеудесін отқа тосқан осындай батыр аталарымыздың ерлігі жас ұрпақтың есінде мәңгі сақталады.
Райхан Азимова,
«Талғар»