Жеті атасын білмеген, құлағы мен жағын жер
Отбасы сөзін айтқанда бірден Отан сөзі тіл ұшына келе қалады. Отан үлкен үй болса, отбасы оның кірпіші іспеттес көрінеді. Сондықтан да болар «Отан – отбасынан басталады» деген нақты ұстаным қалыптасқаны. Ұл өсіре отырып жердің иесін тәрбиелеп, қыз өсіре отырып ұлтты тәрбиелей білген дана халқымыз осы отбасы мәселесін ең алғашқы орынға қойып, болашақ ұрпағының тектілігін ғасырлар қойнауынан-ақ біле білген. Бүгінде жаһанның медицина ғалымдары мен генетиктері жеті атадан қыз алыспаудың ұрпақ денсаулығы мен қан тазалығының кепілі екенін жамыра жар салып жатқанда, дала философиясынан нәр алып өскен дана халқымыз мұны әу бастан-ақ тұрмыс салтында жіті қолдана білген.
Жеті ата дәстүрінің тарихын қазып, біраз дүниені қопсытып алғанда мына оқиғаға тап боламыз. XV ғасырда Қазақ хандығы орнап, хандықты Керей мен Жәнібек басқарғаны анық. Бірде, Жәнібек ханның кеңесшісі Жиренше шешен науқастанып, төсек тартып қалады. Танымал емші мен тәуіптерден қайыр болмай, соңында Өтейбойдақ есімді емші Жиреншені аяғынан тұрғызыпты. Жиреншенің «қандай ауруды емдеу қиын», — деген сұрағына «тұқым қуалайтын ауруды емдеу қиынның қиыны», — деген екен. «Ал, оның алдын алуға бола ма», — деген сауалына Өтейбойдақ емші: «жеті атаға дейін қыз алыспау қажет» деп жауап қатса керек. Емшінің айтқанын Жәнібек хан жадына тоқып, жанын салып халқына жеті атаға дейін үйленуге тыйым беріпті. «Кімде-кім жеті атаға толмай үйленсе, өлім жазасына кесіледі», – деген Жәнібектің жарлығы ел арасына таралып кеткен екен. Содан бері қазақ патшалары осы тыйымды өз жарлық заңдарында берік ұстанып келіпті.
Жеті ата — қазақ халқының дәстүрлі салт-санасындағы адамның ата жағынан тегі таратылуының нақтылы жүйесі. Бала өзінен бастап әкесі, атасы, бабасы, т.б., жеті атасының нақтылы есімдерін кішкентайынан жаттап өседі. Бұлардан тараған ұрпақтар бір атаның балалары саналады. Ағайындықтары Жеті атаға толмай жақын-жуықтар бір-бірінен қыз алыспайды. Жеті атаға толғаннан кейінгі күннің өзінде, бір рудың жастары некелесетін жағдай туса, ру ақсақалдары бір пәтуаға келіп, боз биені сойып, баталасып барып рұқсат ететін болған. 16 наурызда аталып өтілетін шежіре күнінің негізгі мақсаты да осында – отбасының тарихы айтылып, жеті атаның шежіресі тарқатылады.
Халқының дәстүрлі салт-санасында ата-тектің жалғасуын реттейтін қасиетті қастерлей білген аудандық кітапхана қызметкерлері атаулы күнді атаусыз қалдырмады. Өңіріміздегі ахуалдың күрделенгеніне орай оқырмандарды шақыра алмаса да қолда бар мүмкіндіктік пайдаланып, онлайн форматта танымдық сабақ өткізді. Шежіреге қатысты кітаптармен көрме жасап, оны жүйелі түрде түсіндіріп өтті. Бұл кітаптардың тегіннен тегін жарыққа шықпағандығын, тарыдай шашылып жүрсек те, біртұтас халық ретінде тарих сахнасынан көрінуімізге тигізген үлесі мен пайдасы, құндылығы, рөлі мен маңызы зор екеніне тоқталып өтті.
– Жеті ата танымының қазақ халқында бағзыдан келе жатқан тамыры терең ұғым екенін арнаулы атаулары дәлелдейді. Жеті аталық рулық жүйенің маңызы мен мәні, қоғамдық рөлі мен маңыздылығы жайлы «Қазақ ұлттық энциклопедиясында» былай делінген: «…өз ата-бабасын жеті атасына дейін білу әрбір қазақ азаматы үшін міндет болған. Мұның өзі қазақтардың этноерекшеліктерін танытуда. Бұл жетіаталық жүйе ел басынан өткен қиын-қыстау кездерде тегінен көз жазып қалмауына және басқа халықтармен ассимиляцияға түсіп кетпеуіне себепші болды. Жеті ата мен ру шежіресін білу көшпелі қоғамда өмір сүрген халықтар үшін өмірлік қажеттілік еді. Жеті атадан үш жүзге дейінгі біртұтас туысқандық бітім бірнеше ғасырлар бойы «қазақ халқы бір атаның баласы, бір тамырдан тараған» деген ұстанымды орнықтырған. Ата-тегіңді, өзіңді тану, кімнің ұрпағы екеніңді біліп, оны мақтан тұту біздің салтымыздың ерекшелігі емес пе? Ендеше, өткен тарихты, шыққан текті білу келешек ұрпақтың міндеті деп білемін. Кітапхана ұйымдастырған іс-шараның мақсаты да осы болды, — дейді кітапхана әдіскері Ризвангүл Токарзаева.
Көрмеде танымал кітаптардың ішінде Қ.Жалайырдың «Шежірелер жинағы» (Алматы, «Қазақстан», 1997), Б.Момышұлының «Шежіре» көптомдық шығармалар жинағы (Алматы, «Өнер» баспасы, 2010), Т.Үсенбаевтың «Қазақ шежіресі» үш томдық шығармалар жинағы, қазақтың ру-тайпалық құрылысына негізделген «Шежіре» кітабы, М.Көпейұлының «Қазақ шежіресі» кітаптары болды. Тарихқа, әдебиетке деген қызығушылығымызды компьютер әлеміне жұтқызып жатқан заманда мұндай тағылымдық сабақтардың маңызы зор екендігі айтпаса да түсінікті. Егер дер кезінде қарсы әдіс-шаралар қолдана алмасақ, интернет әлеміне күллі құндылықтарымыз жұтылып кетуі мүмкін. Тіпті ұлттың тұтас қасиеті жұтылып кетуі мүмкін. Қазыналар үйінде өскен бұл игі шара енжар ұрпақтың емес есті ұрпақтың өсіп-жетілуіне титтей де болса үлесі тисе, ұтарымыз зор болмақ.
Меруерт Мәулет,
«Талғар»