Кәсібіне адал жан

Кәсібіне адал жан
Заманына қарай кәсібі де дөңгелей жөнелген бүгінгі қоғамнан Талғар ауданы да тыс қалып жатқан жоқ. Тұрғындарға қызмет көрсететін түрлі сұлулық салондары мен шаштараздар, өзге де сән қуған бикештердің сұрауын өтейтін орталықтар ашылып жатыр. Солардың қатарында уақытпен санаспай, тұтынушылардың талғамына сай жұмыс істейтін шаштараз Еркегүл Жүнісова да бар. Қоғамда жұмыссыздықты желеу етіп, сең соққан балықтай сенделіп жүрген замандастарына үлгі болсын деген мақсатпен жуырда Еркегүлдің жұмыс орнына бас сұғып, аз-кем пікірлесіп қайтқан едік.

Еркегүл Талғардағы №1 орта мектепті тамамдаған соң Алматыдағы Шет тілдер және іскерлік карьера университетінің журналистика мамандығына түседі. Оқу орнын ойдағыдай аяқтап, алғашқы еңбек жолын аудандық «Талғар» газетінде бастайды. Ақпарат ағыны қайнаған ортада жүрсе де өзі қалаған кәсіпті меңгермегенін уақыт өте келе түсіне бастайды. Сән әлемін үлкен өнер деп қарайтын талғарлық бойжеткенді сол саладағы соны жаңалықтар қызықтыра бастайды. Ақыры әпкесінің ақылымен шаштараз кәсібіне бет бұрады. Ойланбастан танымал шаш үлгісін жасайтын шеберлердің курстарына жазылып, дәрістеріне қатысады. Шеберлік сабақтары арқылы шаш қиюдың, күтудің, үлгілерінің қыр-сырына қанығады. Бұл үйренгендерін тәжірибе арқылы шыңдап, өз ісінің шебері «Биба» салонының жетекшісі Бибігүл Құсаинованың қол астында өз жұмысын бастайды.

– «Адам өмірде екі нәрседен қателеспеуі керек» дейтін еді ғой үлкендеріміз. Соның бірі мамандық таңдау. Десе де бүгінде өз орнымды тапқаныма өте қуаныштымын. Бұл кәсіптің де бір басына жетерлік қиындықтары көп. Ең алдымен алдыңа мінезі алуан түрлі адамдар келеді. Олардың бет пішіндеріне қарай түс таңдап бояу, қию үлкен төзімділік пен шыдамдылықты талап етеді. Сондай-ақ ыждаһаттылық пен ептілік те маңызды рөл атқарады. Сонымен қатар шаштаразға қажетті құрал-саймандарың да сапалы әрі талапқа сай болуы қажет, — дейді Еркегүл әңгімесінде.
Бүгінде «Золотое яблоко» сән салонында жұмыс істеп жатқан шаштараз бойжеткенге жүгінушілер қатары көбейіп, тұрақты тұтынушылары да іріктеліп келеді. Өйткені тек сапаға жұмыс жасайтын маманға жас та, қарт та дән риза. Бірақ қазір еңбектің заманы екендігін ескерген Еркегүл бұл білгенімен тоқтап қалмақ емес. Жаңарып отыратын шаш үлгілерін үйреніп, үнемі ізденіс үстінде жүреді. Сонымен қатар «Атамекен» демеушілер көмегі арқылы «Бастау бизнес» жобасына өтініш қалдырып, жеке кәсібін дамытқысы келеді. Іске сәт дейміз. «Еңбек етсең ерінбей, тояды қарның тіленбей» деген уәлі сөз Еркегүл Жүнісова сынды еңбекқор жастарға қарап айтылса керек.
Меруерт Мәулет,
«Талғар»