Ерекше есеп бөлекше болды

Ерекше есеп бөлекше болды
Қазақстан Республикасы Президентінің Жарлығына сәйкес, қазіргі кезде егемен елімізде барлық деңгейдегі әкімдердің есеп беру жиыны өтуде. Әлемді жайлаған індеттің салдары ел алдында жылдық есеп беруге де әсер етпей қоймады. Алайда халықтың амандығын алға тарта келе амалын тауып айырықша форматта өткізу жоспарға енді. Аудан және ауыл әкімдерінің бірлескен 2020 жылдың қорытынды есептері Белбұлақ ауылдық округі бойынша да онлайн форматта өтті.
Алдымен Белбұлақ ауылдық округінің әкімі А.Қасымбаев округ деңгейінде жыл ішінде атқарылған жұмыстар жайлы баяндама жасаса, аудан әкімінің у.м.а. Қайдар Әлиханұлы аудан көлемінде атқарылған жұмыстарына есеп берді.
Әкімдердің баяндамасының негізінде тұрғындардан интернет желісі арқылы келген сауалдарға тоқталатын болсақ:
Талдыбұлақ ауылының тұрғыны Айбек Мәкенұлы халық санының артуына байланысты Талдыбұлақ ауылына мектеп салып беруді сұраса, сол ауылдың тағы бірнеше тұрғыны кәріз жүйесін күрделі жөндеуден өкізуді өтінді.
Мақпал Жөкенова, Жеңісгүл есімді желі қолданушылар газ құбырын тарту бағасының шарықтап тұрғанына шағымданса, Мақсат Кенебаев, Балауса Ізбасар есімді тұрғындар Бірлік ауылына қарасты бейіттің таулы аймақта орналасқанын, қарт адамдардың жотаға шығуы қиын екенін алға тартып, жер сұрауда.
Бибінұр Хамитқызы Талдыбұлақ ауылына қарасты Момышұлы көшесіндегі ТП трансформаторлық қосалқы станцияларын АЖК теңгеріміне өткізіп беруді өтінген болса, Үлкен Алматы каналының тазалығына көңілі толмайтын тұрғындар да табылды.
Сонымен қатар көшедегі қаңғыбас иттердің көбейгендігі көптің көкейіндегі сауалдардың бірі болса, Талдыбұлақ ауылына қарасты жаңа құрылыс мөлтек ауданының тұрғындары жарықтың, судың, жолдың тіпті кейбірі үйлерінің құжатын жасай алмай жүргендерін жеткізді.
Орынтай шағын ауданының тұрғыны Ержанова сол аймақтағы заңсыз орын тепкен бетон зауыты өз жұмысын жалғастырып жатқандығына наразы. «Құжаттары жоқ, жұмыс бағыты айқын емес. Әкімшілік қызметкерлері тексеріс жасап, хаттама толтырып, шешім шығарса да бүгінгі күні зауыт өз жұмысын тоқтатқан жоқ. Таза ауамен тыныстағымыз келеді», — деп шырылдаған тұрғынның жан айқайы жауапсыз қалды.
Әлеуметтік желі арқылы келіп түскен сауалдарға Қайдар Әбдіхановтың берген жауабының қысқаша мазмұны мынадай болды:

– Биылғы жылдың жоспарында оншақты мектепті күрделі жөндеуден өткізіп, жаңа мектептің жобалық сметалық құжатын дайындау жоспарда бар. Алдағы уақытта жаңа мектеп бой көтереді. Газ құбырын тарту мәселесімен «Тәуекел» компаниясы айналысып жатыр, баға мәселесі бойынша шағымдар көп, соларды назарға алып халыққа қол жетімді бағаны қалдырамыз. Кәріз жүйесін жөндеуге бюджеттен қаржы бөлінді, алдымыздағы жарты жылдықта ол шаруа реттеледі. Ал, Талдыбұлақ ауылының жаңа бой көтеріп жатқан үйлерінің құжаттарына байланысты, алдымен көше аты берілсе, кезең-кезеңімен құжаттардың барлығы реттеледі. Қаңғыбас иттерді аулау жұмыстары жүріп жатыр, биыл 300 ден аса ит ауланды. Иттерді атып өлтіруге тыйым салынғандықтан оларды аулап, арнайы орталыққа қамайды. Бұл бойынша инстаграмм әлеуметтік желісінде @talgar.vetstansyia парақшасында көрсетілген нөмір арқылы хабарласып шағымдарыңызды жеткізсеңіздер болады, – деп жауап берген басшы ZOOM арқылы Белбұлақ ауылының азаматтарымен байланысқа шығып, арыз-шағымдарын тыңдады.

А.Құрманғалиева есімді Белбұлақ ауылының тұрғыны ауыз су мәселесін, Талдыбұлақ ауылының тұрғыны Б.Әріпбаев есімді азамат Тебереков пен Ладушкин көшесінің жарық мәселесін көтерді. Сонымен қатар Талдыбұлақ ауылынан Ермек Есіпбаев есімді тұрғын Мақатаев, Момышұлы, Әуезов көшелерінің жөндеу жұмыстары жайлы ақпарат алғысы келетінін айтты.

– Талдыбұлақ ауылының ауыз суын тарту жұмыстары қазіргі таңда жүргізіліп жатыр, 2021 жылдың мамыр айында толығымен аяқталады. Жалпы Талдыбұлақ ауылының 60 көшесіне жарық түсіп, орталық көшелерге жөндеу жұмыстарын жасаймыз. Жобалық сметалық құжаттарын даярлап экспертизаға жолдадық, — деген Қайдар Әлиханұлы есепті кездесуді тәмамдады.

Айнаш Әлдибек,
«Талғар»