Қоғам белсендісі облыс басшысымен байланысқа шықты
Жуырда облыс әкімі Амандық Баталов ауданымыздағы қоғам белсенділерін онлайн қабылдап, сұрақтарына жауап берді. Атаулы жиыннан қоғам белсенділері, мәслихат депутаттары, бөлім басшылары, ауылдық округ әкімдері және БАҚ өкілдері бой көрсетті. Аудан әкімінің міндетін уақытша атқарып отырған Қайдар Әлиханұлымен қатар отырған Талғар қаласының тұрғыны Құндызай Хасанова облыс басшысымен онлайн байланысқа шықты. Ауданымыздың мұң-мұқтажын, кем-кетігін назарынан тыс қалдырмайтын қоғам белсендісі көкейдегі көп сұраққа жауап алды. Ол халық атынан көтерілген бұл мәселелерді марқұм Ж.Омаровтың кезінде де айтып, жарты жылдан бері облыс басшылығының қабылдауына түсе алмай жүргенін жеткізе келе келесі мәселелерді көтерді:
Біріншіден, орталық базардың, «Альпина» сауда үйінің маңайында тұратын такси жүргізушілері жол ережесін үнемі бұзады. Тыйым салынған орындарға, жаяу жүргіншілерге арналған жолдарға көліктерін қаңтарады. Солардың кесірінен халық көлік жолына дейін шығып жүруге мәжбүр. Қаламыз қаңғыбас, алқаш, қайыр сұраған келімсектерге толып кеткен. 102 қызмет орталығына хабарлассақ байланысу мүмкін емес. Желі бос болмайды немесе тұтқаны көтермейді. ІІМ-не хабарласып шағым түсіргенде ғана жол полиция басқармасы мен аудандық полиция басқармасы бас көтереді. Жол полиция басқармасының басшысы С.Күдебаевқа фейсбук әлеуметтік желісі арқылы байланысқа шығып едім, ешқандай да кері байланыс болмады. Н.С.Күнтунов хабарласып осы мәселелерге байланысты шара қолданылатынын, жұмыс жүріп жатқандығы жөнінде бірнеше хаттама толтырылғанын жеткізді. Десе де ешқандайда нәтиже көрмедік, баяғы жартас сол жартас.
Екіншіден, ауданымыздағы Кеңдала ауылдық округіне қарасты ауылдарымыздың 80 пайызы саяжай негізінде салынған. Талғар ауданына қарасты бұл аймақтың тұрғындары электр жарығы үшін Еңбекшіқазақ аудандық электр торабына төлейтінінен хабардарсыз. Бұл мәселе сонау Р.Н.Садықованың кезінен бері шешімін таппай келеді. Төлем тарифі тұрақсыз бірде киловатына 27 тг болса, бірде 40 тг болып құбылып тұрады. Облыстың бас энергетигі осы мәселе бойынша жұмыс жасап жатыр деген сыбыс бар, десе де осы мәселе оңынан шешіледі дегенге көңіл сенбей тұр.
Үшіншіден, Өстемір, Төңкеріс, Панфилов, Кеңдала ауылдық округтерінің халқы хабарласып интернет желісінің нашарлығы жөнінде шағымдарын айтады. Еліміздегі пандемияға байланысты онлайн білім алып, оқушылардың уақытымен сабаққа қатысуларына қатты кедергі келтіруде, тіпті интернетпен алысып жүйкелері жұқарғандарын алға тартып отыр.
Төртіншіден, магистралді газ жүйесіне қосылу мәселесі. Талғар қаласындағы Рысқұлов, Лермонтов, ГЭС ықшам аудандарындағы бірқатар көпқабатты және жеке сектордағы үйлер жылу жүйесіне қосылу үшін мемлекеттік бағдарламаға мүлдем енбеген. Тіпті, газ құбырының трубалары да тартылмаған. Қазіргі таңда құбыр тарту үшін 350 мыңнан бастап 550 мыңның көлемінде қаржы талап етуде. Оның сыртында жылу қазандығын орнату жұмыстарымен қоса есептегенде 1 млн. теңгеге дейін шығындалмақ.
Халықтың әлеуметтік жағдайын ескере отырып, 120-130 мың теңгенің көлемінде газ құбырын тартып, қостырып беруге әкімшілікке тапсырма берген екенсіз. Мердігер мекеме өкілдеріне қаржыны жұмысты толығымен аяқтаған соң төлеуге кеңес бергеніңіз де бар. Десе де осы мәселелерді өз бақылауыңызға алып, қадағалауыңызды сұраймын.
Бесіншіден, «Жұмыспен қамту, жол картасы-2020» бағдарламасы бойынша заң бұзушылық орын алуда. Ауданымызда Тұрғын үй коммуналдық шаруашылығы бөлімінің жасаған жұмыстары көңіл көншітпейді. Өйткені жұмыспен қамту орталығы арқылы атаулы бағдарлама аясында 55 адам жұмыспен қамтылды деген ақпаратты алға тартса, іс жүзінде тек 3-5 адам ғана жұмыс істеуде. Сондай жауапсыздықтың нәтижесінде ТКШ (ЖКХ) бөлімінің жұмыстары сын көтермейді, сапасы өте нашар. Сізден өтінерім мердігер компаниялардың «Жұмыспен қамту, жол картасы-2020» бағдарламасы аясында қанша адам жұмысқа тартылып, қанша адам еңбек етіп жатқанын анықтап, сол салаға жауапты адамдардың жұмыс сапасын тексерсеңіздер.
Алтыншыдан, 16.09.2020 жылы «Хабар 24» арнасына берілген жалған ақпарат жайлы болмақ. Яғни, ауданымыздың шалғай аймағында орналасқан тас-құм өңдейтін карьердің сол аймақтың тұрғындарына келтіретін зияны жайлы ақпаратты жоққа шығару. Осы мәселені анықтап, халықтың пайдасына шешіп беруіңізді сұраймыз, — деді сөзін аяқтап.
Одан кейін Нұра ауылдық округінің ақсақалдар алқасының төрағасы Әзімжан Нұрабілов те облыс басшысымен байланысқа шығып, сол ауылдағы құс фабрикасы жұмысының жалғастырылуын сұрады. Егер қайта жұмыс жасайтын болса ауыл тұрғындарына жұмыс көзі ашылатынын тілге тиек етті.
Маңызды мәселелерді көтерген қоғам белсенділерінің шағымдарын ескере отырып, облыс басшысы әр салаға жауапты мамандарға арнайы тапсырмалар жүктеді. Құс фабрикасы жұмысын жалғастыру мәселесі бойынша іс қозғалып, сот шешімінің нәтижесінде белгілі болатынын жеткізді.Жағдайды өз міндетіне алып, бақылауда ұстайтынын айтты.
Түйткілді мәселенің түйінін шешуді облыс басшысының жауапкершілігіне қалдырған қоғам белсенділері оның орындалуын қадағалауды өз құзырларына алып отыр.
Айнаш Әлдибек,
«Талғар»