«Қазақ тілі» қоғамына – 30 жыл

«Қазақ тілі» қоғамына – 30 жыл

Биыл аудандық «Қазақ тілі» қоғамының құрылғанына 30 жыл толып отыр. Еліміз егемендігін алып, тәуелсіз мемлекет болып әлемге жар салып жатқан дүбірлі кезеңде қазақ ұлтының жанына сүйеу, рухына тіреу болатын басты мәселесінің бірі – мемлекеттік тілі болғаны рас.

Мемлекеттік тіл мәртебесіне ие болған қазақ тілі – ұлттық руханиятымыздың өзегі іспеттес. Қазақ тілін дамыту, оқытудың деңгейін арттыру мәселесі қазіргі күні де көтеріліп, осы орайда түрлі шаралар атқа­рылып жатқаны баршамызға белгілі. Қазақ тілінің қолдану аясын кеңейтіп, мәртебесін көтеру – еліміздің әрбір азаматының абыройлы міндеті. Десек те, өз елімізде өзге тілде шүлдірлеп жүрген қандастарымыз бен елімізді мекен етіп, пана тауып отырған өзге ұлт өкілдерінің де мемлекеттік тілімізді мойындағысы келмей отырғандығы қынжылтады. Тіл адам баласының басты қазынасы болғандықтан – тіл байлығы елдің елдігін, ғылымы мен әдебиетін, өнеркәсібін, мәдениетін, қоғам-құрылыстары мен салт-санасының, мұрасының қай дәрежеде екенін танытатын дәлелді көрсеткіші. Сондықтан да әр халықтың ғұмыры – оның тілінде. Барлық қазақстандықты біріктіретін – қазақ тілі. Ел егемендігін сақтап қалу үшін ұлттық құндылықтар мен мемлекеттік тілге ерекше ықылас қажет. Осыдан тура 31 жыл бұрын, яғни 1989 жылдың 22 қыркүйегінде қазақ тілі «мемлекеттік тіл» мәртебесіне ие болып «Тіл туралы» заң қабылданған болатын. Кейін егемендік алған соң 1995 жылғы Ата заңымыздың 7 бабына сай «Қазақ тілі – мемлекеттік тіл» болып айқындалды. Әрі қарай – 1997 жылы «Қазақстан Республикасындағы тілдер туралы» заң қабылданып, республика аумағындағы тілдердің қолдануының құқықтық негіздері, барлық тілдерге бірдей құрметпен қарау қамтамасыз етіліп, мемлекеттік тіліміздің мәртебесі белгіленген болатын.
Жетпіс жыл бойы отаршылдардың үстемдігінде болып, өзге тілге тәуелді болған халқымыз бұл күнді ғасырлар бойы күткен еді. Бұған дейін билік құрған орыс тілін тұғырынан тайдыру оңайға соқпады. Өзге тілдің бәрін біліп өз тілімізді құрметтеуге келгенде ақсағанымыз рас. Осы тұста 1989 жылы «Қазақ тілі» қоғамы құрылып, тәуелсіздігімізге толайым жол салғандай болды. Қоғам бірден қанатын кең жайып, еліміздің барлық өңірінде өзінің жергілікті ұйымдарын құра бастады. 19 облыстық, 200-ден аса аудандық, мыңдаған бастауыш ұйымдар құрылды. Қалалық, облыстық, аудандық, ауылдық ұйымдармен бірге ірі мекемелерде біріккен комитеттер ұйымдастырылды. Ел арасында тіліміздің өрісін кеңейту жолдарын тынымсыз насихаттады. Осындай нақты іс-әрекеттер нәтижесінде қоғам ел алдында бедел алып, халықтық қозғалысқа айналды. 1990 жылы біздің ауданымызда да «Қазақ тілі» қоғамы құрылды. Оған тіл жанашыры, ауданымыздың Құрметті азаматы, педагог Әуелбай Сәтбайұлы төрағалық етті. Қоғамға мүше болған аудан азаматтарының қатары артты. Қоғамдық ұйым мемлекеттік тілдің қолдану аясының кеңеюіне, мәртебесінің артуына көп септігін тигізді. Әсіресе, Тіл туралы заң мен Мемлекеттік бағдарламаның қарқынды жүзеге асуына өлшеусіз үлес қосқаны рас. Әуелбай Сәтбайұлы қоғамның жұмысын жақсы жолға қойды. Мемлекеттік тілді менсінбеген мекеме басшылары мен басқа да жеке тұлғалардың санасын серпілтті. Насихат жұмыстарын қарқынды жүргізді. Әуелбай Сәтбайұлы өмірден озған соң «Қазақ тілі» қоғамына сол кездегі аудандық аурухананың бас дәрігері Мұхтар Әлімұлы төрағалық етті. Бұл уақытта да тіл жанашырлары қарап жатпады. Тілдің қолдану аясын тексеру мақсатында түрлі рейдтер ұйымдастырып, тіл мәртебесін асқақтататын игілікті шаралардың өтуіне мұрындық болды. Мұхтар Әлімұлының көмекшісі ұлтжанды аудан азаматы Нұрсұлу Өскенбаеваның еңбегі ерекше еді. Өзге ұлт өкілдеріне дейін қазақша сөйлетіп, тіл тағдыры үшін барын салып күрескен қайсар жан еді. Әттең, өмірден ерте озды. Бүгінде ауданымызда «Қазақ тілі» қоғамы мен аудандық мәдениет және тілдерді дамыту бөлімінің ұйымдастыруымен Нұрсұлу Сатыбалдықызы атындағы жыр мүшәйрасы дәстүрлі түрде өтіп отырады. Мұхтар Әлімұлы қоғамды тоғыз жылдай басқарып, жарна мәселесіне дейін жақсы жолға қойып, ауданымыздың қоғамдық өмірінен ойып орын алып беріп, артындағы ізбасарларына тапсырды. Бүгінде «Қазақ тілі» қоғамына тіл жанашыры, педагог Рая Байшықова төрағалық етіп отыр. Облысымыздағы көптеген қоғамдар өз жұмысын тоқтатып, жабылып жатқанда аталмыш қоғам ауданымызда өзіндік орнын жоғалтпай, тілі­міздің мәртебесін асқақтатуға, жас ұрпақ тәрбиесіне зор үлес қосып келеді.
Өткен аптаның бейсенбісінде аудандық «Қазақ тілі» қоғамының ұйымдастыруымен аудандық кітапхананың балалар бөлімінде аудандық «Қазақ тілі» қоғамының құрылғанына 30 жыл толу мерейтойы мен тіл жанашыры Әуелбай Сәтбайұлын еске алуға арналған кездесу кеші өткен еді. Қос шараға аудандық мәдеиет және тілдерді дамыту бөлімінің басшысы Фарида Бегенбаева мен бас маманы Ұлбосын Ақжігітова, «Қазақ тілі» қоғамының төрағасы болған Мұхтар Әлімұлы, тіл жанашырлары, ақын, ардагер журналист Мұса Жанәділов пен ардагер ұстаз Даша Қожабекова, ақын-сазгер, Тіл оқыту орталығының директоры Камнұр Тәлімұлы, аудандық кітапхананың директоры Махамбет Хармысов, балалар кітапханасының меңгерушісі Гүлбаршын Шурабекова, оқушылар үйінің әдіскері Қарлығаш Ақылбекова, жырау Набат Ойнаровалар арнайы шақырылды. Кешті қоғамның әдіскері Гүлнар Мамырова жүргізіп отырды. Елімізде карантин шараларының әлі де сақталуына байланысты зал тола көрермен жинап, кең көлемде кеш өткізуге рұқсат етілмегендіктен санитарлық нормаларды сақтай отырып, шағын ғана тіл жанашырларының басын қосқан кешті аудандық мәдеиет және тілдерді дамыту бөлімінің басшысы Фарида Бегенбаева ашып, «Қазақ тілі» қоғамының аудан өміріндегі орны туралы айтып, туған тілімізге әлі де өз деңгейінде көңіл бөлінбей отырғандығын алға тартты. Содан кейін кезекпе кезек сөз алған Мұхтар Әлімұлы, Мұса Жанәділұлы, Даша Ұлтанбекқызы, Камнұр Тәлімұлы қоғам құрылған күннен бастап бүгінгі күнге дейін атқарылған қыруар істі, тілдің өркендеуіне қосқан үлесін ауыз толтыра әңгімелеп берді. Қоғамның алғашқы төрағасы Әуелбай Сәтбайұлының ерен еңбегін тілге тиек етті. Туған тіліміздің тұғырын биіктету жолындағы аға буынның үлесі мен өз тілінен безген қандастарымыздың олқы қылықтарын еске алды. Қалай десек те бүгінгі күні мемлекеттік тіл мойындалып, қолданыс аясы кеңейіп, өз деңгейінде ұлықталып келеді. Осының барлығында тіл жанашырларының қосқан зор үлесі жатыр. Кездесу кешін қорытындылаған «Қазақ тілі» қоғамының төрағасы Рая Байшықова қоғамның бүгінгі тынысын сөз етіп, кездескен қиындықтарды еңсеріп, игі істерге қолдаушы болып жүрген алдыңғы буын аға-апаларымызға алғысын білдіріп иықтарына зерлі шапанын жауып құрмет көрсетсе, кейінгі буын өкілдеріне «Алғыс хаттарын» табыс етіп, сый-сияпат жасады. Әсерлі кешті жыршы Набат Ойнарова шәкірттері Айым Бексұлтан мен Мадияр Дастанұлының орындауындағы әсем әндерімен, жыр, термелерімен әрледі. Кездесу кешінен кейін Ә.Сәтбайұлының рухына Құран бағышталып, жиылған қауым ақ дастарханнан дәм татып тарасты.
Перизат Нұрқаева,
«Талғар»