Конференцияда келелі мәселелер бекітілді

Конференцияда келелі мәселелер бекітілді

Күні кеше Тұздыбастау ауылдық Мәдениет үйінің үлкен залында «Nur Otan» партиясы Талғар аудандық филиалының кезектен тыс ХХVІІ конференциясы өтті. Конференцияға аудан әкімі, аудандық партия филиалының төрағасы Серікжан Ерекешев, саяси кеңес мүшелері, БПҰ-ның төрағалары, партия белсенділері және бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдері мен белгіленген өкілеттік нормасына сәйкес сайлаған делегаттардың 41-і қатысып, 4-і белгілі себептермен қатыса алмады.

Күн тәртібінде «Nur Otan» партиясының Талғар ауданы бойынша сайлауалды бағдарламасын бекіту туралы, Алматы облыстық мәслихатына дебат қорытындысы бойынша кандидаттарға дауыс беру туралы, «Nur Otan» партиясынан Талғар аудандық мәслихатының депутаттарын сайлау бойынша партиялық тізімді бекіту туралы, «Nur Otan» партиясы Алматы облыстық филиалының кезектен тыс ХХVІІ конференциясына делегаттарды сайлау туралы төрт мәселе қойылды. Жұмыс регламенті бекітілген соң конференцияның барлық шешімдерін ашық және праймериз электрондық жүйесі бойынша дауыс беру арқылы бекіту жөніндегі ұсыныс құпталып, жұмысшы органдардың құрамы бекітілді. Мандат, редакциялық комиссия және хатшылықтың ұсынылатын құрамы саяси кеңес бюросының отырысында келісілгендіктен құрам жобасы көпшілікке алдын ала таратылып беріліп, бірауыздан бекітілді.
Күн тәртібіндегі бірінші мәселе «Nur Otan» партиясы Талғар аудандық филиалы­ның сайлауалды бағдарламасын бекіту туралы баяндама жасау үшін аудан әкімі, «Nur Otan» партиясы аудандық филиалының төрағасы Серікжан Ерекешев сөз алып, партияның сайлауалды бағдарламасымен таныстырып, ауданымызда алдағы уақытта атқарылатын ауқымды істер легін баяндап, болашақтың еншісіне қойылған жоспарларымен бөлісті. Күн тәртібіндегі бірінші мәселе бойынша қабылданатын Қаулының жобасы бұрынырақ таратылып берілгендіктен «Nur Otan» партиясының Алматы облысы Талғар аудандық филиалы бойынша сайлауалды бағдарламасын бекіту туралы Қаулы қолдау тапты. Күн тәртібіндегі екінші мәселе Алматы облыстық мәслихатына және Қазақстан Республикасы Парламент Мәжілісіне үміткерлерді сайлау негізінде ұйымдастырылған пікірсайысты жүргізу үшін мінберге аудандық партия филиалының эксперті Әук Дархан шақырылды. Беделін бәске, белін тәуекелге тіккен он екі үміткер өздерін және сайлауалды бағадарламаларын ортаға салды. Елімізде карантин ережелерінің әлі де сақталуына байланысты пікірсайыс көрсетілімі партия филиалының әлеуметтік желідегі ресми парақшалары арқылы көрсетіліп отырды. Үміткерлер жеребе арқылы кезектерін анықтап, сайыс ережесіне сай кезек-кезек пікірсайыстың бірінші раундында өздерін таныстырып, сайлауалды бағдарламаларын ұсынды.
Сайлауалды бағдарламаларда аудан экономикасын көтеру, әл-ауқатын арттыру, білім, денсаулық сақтау салалары мен халықты әлеуметтік қамтуға қатысты, жастарға жете көңіл бөлу сынды көптеген өзекті мәселелер айтылды. Ал екінші раундта өз араларында сұрақ-сауалдар қойып, пікір алмасты. Үміткерлердің жария пікірсайыс кезінде көрсеткен тегеуріні, көтерген мәселелері олардың партияластарының сеніміне ие болып, ел игілігі жолында жұмыс істеуге даяр екендіктерін көрсетті. Делегаттар пікірсайысты қорытындылау үшін үміткерлерге праймериз электронды жүйесі арқылы дауыс берді. Алматы облыстық мәслихатына және Қазақстан Республикасы Парламент Мәжілісіне ең көп дауыс жинаған алты үміткер бірауыздан бекітілді. Содан кейін күн тәртібіндегі үшінші мәселе бойынша Талғар аудандық мәслихатына «Nur Otan» партиясы атынан ұсынылатын үміткерлердің партиялық тізімі бекіту мәселесі қаралды. Үміткерлер тізімі алдын ала таратылып берілгендіктен дауысқа салынып, көптің қолдауымен бекітілді. Күн тәртібіндегі соңғы мәселе «Nur Otan» партиясы Алматы облыстық филиалының XХVIІ кезектен тыс Конференциясына делегаттар сайлау болатын. «Nur Otan» партиясы қоғамдық бірлестігі Алматы облыстық филиалының кезектен тыс ХХVІІ конференциясына аудандық партия филиалының төрағасы Серікжан Ерекешев, «Алатау» БПҰ төрағасы Қуатбек Смағұлов, «Белбұлақ» БПҰ төрағасы Аслан Қасымбаев, «Гүлдала» БПҰ төрағасы Мақсат Махамбетқали, «Нұра» БПҰ төрағасы Сеитқұл Донбаевтар делегат болып сайланды. Күн тәртібіндегі барлық мәселе егжей-тегжейлі қаралып, көпшіліктің қолдауымен бекітіліп, конференция жұмысы сәтті аяқталды.

Перизат Нұрқаева,
«Талғар»