ТАЛҒАРДА «МАХАББАТ, ҚЫЗЫҚ МОЛ ЖЫЛДАР» ТЕЛЕСЕРИАЛЫ ТҮСІРІЛІП ЖАТЫР

ТАЛҒАРДА «МАХАББАТ, ҚЫЗЫҚ МОЛ ЖЫЛДАР» ТЕЛЕСЕРИАЛЫ ТҮСІРІЛІП ЖАТЫР

«Құдай-ау қайда сол жылдар,

Махаббат, қызық мол жылдар?

Ақырын-ақырын шегініп,

Алыстап кетті-ау құрғырлар…», — деп Абай өлеңімен басталатын Әзілхан Нұршайықовтың «Махаббат, қызық мол жылдар» кітабын оқымаған жан кем де, кем шығар.

Меңтай мен Ерболдың махаббатына ғана емес, адамдық қасиеттеріне сүйсініп, олар жүріп өткен жақсы жолдарды армандамағандар да жоқтың қасы болар, сірə. 1970 жылы 52400 данамен, келесі жылында қайта 60 мың дана, кейін орыс тіліне аударылып 100 мың данамен жарық көріп, талайдың жүрегіне сəуле шашып, үмітін оятып, өмірге көзін ашқан бұл өміршең шығарманың ғұмыры əлі жалғасып келеді. Маңызы артпаса, кемімеді. Содан бері əртүрлі баспадан он шақты рет қайта басылып шығыпты. Себебі онда асыра сілтеп, əсірелеу жоқ, шынайы өмір өрнектері салынды. Сол үшін де ол осы күнге дейін көзқарақты оқырманның қимас қазынасына айналды.

«Ақиқат пен аңыздың» авторы өзі жайлы естеліктерінде былай дейді: «Аудиторияда 30 қыздың ортасына топ ете түстім. Жан- жағыма қарасам, қызғалдақтай құлпырған кереметтей қыздар. Өзім жүдеу, соғыстан қайтқан бетім.

Аяғымды тəлтіректей басып барып, ең шеткі партаға сылқ етіп отыра кеттім. Солай отырып университетті бітіріп шықтым. Əрине оқу маған оңай болған жоқ. Сонда «1-Алматыға» вагоннан сексеуіл, көмір түсіріп күн көрдік. Артымда қарайласатындай ешкімім жоқ. Əке-шешемнен айрылып қалғанмын. Қиналған кездерімде талай рет оқуды тастаймын дегенімде осы қыздар: «Сіз дарынды адамсыз, дарыныңызды біліммен ұштастыруыңыз керек», – деп қиналғанда қолұшын беріп, көмектесіп, университетті бітіріп шықтым. Кейін өзімді іштей сол қыздарға қарыздар санап, қарызымды қалай қайтарамын деп ойлап жүретінмін. Сөйтіп мен сол курстас қыздарыма арнап «Махаббат, қызық мол жылдар» романын жазып шықтым. Бұл кітаптың шығу тарихы осындай. Барлығы өмірден алынған».

Басты кейіпкер атының Ербол болуы оның қияметке толы сұрапыл соғысты көргені болса, Есенов атануы оның сұм соғыстан дене мүшесі түгел, аман-сау оралуына қатысты екеніне күмəн жоқ. Ал сол Ербол Есенов классик жазушы Әзілхан Нұршайықовтың өзі екенін алғы буын білгенімен, кейінгі жастардың көбінің одан хабары да жоқ болар. Бастан-аяқ шынайы суреттеумен өрілген шығарманың тек шындық екенін, болған оқиғадан алынғанын оқырман да сезіп отырады, тіпті кейіпкерлермен бірге жүргендей күй кешеді. Ал осындай ғажайыптың кітап күйінде қалмай, телесериалға айналуы қуантарлық, қос қолдап құптарлық жай.

Бүгінгідей қолы бостың бəрін жіпсіз байлап қоятын қаптаған үнді мен түрік сериалдың «исі» де жоқ кезде кітаптың өзі қат еді ғой. «Жақсы кітап оқудан тозады» дегендей, қолдан-қолға өтіп оқылатын кітаптың бұрыштары мүжіліп, тозған парақтары жамалып-жасқалып, жапсырылып, үлбіреп тұратын, тіпті оның бастапқы иесі кім екені де ұмытылып қалатын. Иесі керек қылып кітабын іздегенде соңында ізін таппай, кезегі келгенде келесі біреуден алып оқитын. Дүкенге сатылымға түскен кітаптардың да «қаны жерге тамбай», кезекпен анталаған жұрт «пышақ үстінен үлестіріп» əкететін уақыт еді ғой ол. Оқығандарын өзара қызу талқылап, кейбірі күйінген, кейбірі сүйінген жерлерін беті мен қай абзац екеніне дейін жаттап алып, əңгіменің майын тамызып жатқа соққанда оқымағандар мен оқи алмағандардың өкініші оянып, аузы ашылып, қалай ұйып тыңдап отырғанын білмей қалатын. Осының бəрін бүгінгі жастарға айтсаң аңыздай көреді. Өйткені, өкініштісі сол, жаппай кітап оқу үрдісінен кетіп қалдық. Оның орнын заман талабына сай электронды техникалық құралдар алмастырып, əркімнің қолында қалағанын жалғыз нүктемен басып қарай беретін, ішіне күллі əлемді сыйдырған алақандай ғана смартфондардың дəуірі жүріп тұр.

Қазіргі уақытта адамзат үшін мəңгілік жəне ең маңызды тақырыпты арқау етіп, əлі күнге ұрпақтан-ұрпаққа жалғасып келе жатқан құнды шығарманың екінші тынысы ашылды. Олай дейтін себебіміз, Facebook парақшасында аз болса да, айтары бар жазбалар қалдырып отыратын «QAZAQSTAN» Ұлттық телеарнасының журналисті Айдос Жұқанұлы дүйім елден «Махаббат, қызық мол жылдардың» бақандай 20 сериялы телесериалға айналғалы жатқанын жазып елден сүйінші сұрады. Ол өз парақшасында: «Абай туралы алғаш рет сериал түсіруді қолға алдық. Өзі алты бөлімнен тұрады. Əл-Фараби жайлы жеті бөлімнен тұратын сериалды түсіріп болдық. Қазір дыбыспен əрлеп, монтаждап жатырмыз. Сосын бар ғой, сосын біз Əзілхан Нұршайықовтың романы желісімен «Махаббат, қызық мол жылдарды» 20 серия қылып түсіре бастағанымызға біраз болды. Қымбат жоба енді. Айтпақшы, бұларға кастингті жазғытұрым жариялағанмын осы парақшамда. Түсе алмай қалсаңыздар, өз обалдарыңыз өздеріңізде! «Махаббат, қызық мол жылдарға» 14 облысымыздан келіп қатысуда.

Айта берсем көп! «Замандастар» 100 бөлім, 20 бөлімдік «Шабдалы 18», «Нағыз əке» « Қанатсыз құстар — 2» « Инелік », «Шілдеде жанған шырақ», «Соңғы аялдама», «Таңшолпан», «Айнымас Айғаным», «Менің мектебім» деп кете береді. Бəрі көп сериалы» – деп жазба қалдырды. Оқырман қауым сəттілік тілеп, өз ойларын ортаға салып, асыға күтетіндерін жазып жатты. Бірақ біз таң қалдық. Рас, өзіңіз ойлаңызшы, қанша керемет болғанымен, бір ғана повестің бақандай 20 сериалы кино болатынына бірден «алақайлап» қуанып, сене салуға бола ма? Осы орайда көкейде көптеген сұрақтардың жылт бергені аян. Сондықтан білікті маман, білетін адамдардан сериалға қатысты маңызды ақпарларды барынша сұрап-білуге тырыстық. Іске ден қойған мамандардың сөзге сараң болатыны анық қой. Ол дұрыс та. Бəрін барлығы алдын ала біліп алса ертең қызық болмай қалады ғой. Оған түсінікпен қарадық.

«QAZAQSTAN» Ұлттық арнасының əрдайым ұлт құндылықтарын ұлықтап, ұрпаққа ұлағат етіп келе жатқаны жайлы айтылар ойлар, шертілер сырлар, жазылар естеліктер, талай заманнан бергі тарау-тарау тарихқа арқау болар шығарылымдары өз алдына ғой. Оны реті келгенде аузы дуалы, айтары бар, қаламын қару, қағазын қалқан еткен қауым айтып та, жазып та жүр. Ал осыдан елу жылдай бұрын жазылған жалғыз кітапты 20 сериалы телесериал-ға айналдырамыз деген жаңалықтары сананы селт еткізбей қоймады. Қалай сонда, кімнің идеясы, кімдер кімнің рөлінде ойнайды екен, режиссері кім екен, қайда түсіріліп жатыр, Ербол мен Меңтайды ойнаған актерлер қай жақтан екен? Осылай да болады екен-ау дедік. Өйткені жалғыз кітапты 20 сериялы телесериал қылмақ тұрмақ, 20 томдық кітаптан 1 сериялы деректі фильм жасай алмайтындар бар ғой, шындаса. Сонымен таң қалдырған жаңалықтың тамсандырған телесериал боларына сеніп, көппен бірге күтуге бел байласақ та, өзімізді қызықтырып, ойымыздың мазасын алған сұрақтар-дың жауабын іздеуге тырыстық. Құрметті оқырман, бұл сіз үшін де қызық екені даусыз. Ендеше нені білдік, нені біле алмадық, осыған тоқталайық.

Фото: maratov.kz

Сонымен «QAZAQSTAN» Ұлттық арнасының тапсырысымен Ұлы Отан соғысының 75 жылдығына орай қолға алынған тың идеяны іске асыру мақса-тында сериалды түсіру «MG Prodution plus» кинокомпаниясына жүктелді. Олар өз кезегінде «WWW.CINEXUS.KZ» сайтында кастинг жариялап, телехикаяда ойнайтын актерларды таңдау көрермен қауымның онлайн дауысы арқылы жасалатынын хабарлады. Халық жүрегінен орын алған тарихи романның желісімен түсірілетін телехикаяның түсірілуіне қолдау білдірген жəне түсірілімге тікелей қатысқысы келгендердің қарасы аз болмағаны айтпаса да бен 30 мамыр аралығында еліміз бойынша өткізілген кастингтің қорытындысын жариялады. Онда кастингке қатысушылар мен қолдау білдірушілерге алғыс айта келе: «Кастингке видео арқылы тапсырыс жібергендердің саны – 2818 адам болса, фото арқылы тапсырыс саны – 4553 адамды құрады. Барлық тапсырыстар саны – 7371 адам. Осы күнге дейін барлық үміткердің фото-видеолары бірнеше рет қаралып, сараптаудан өтті. Ең көп дауыс жинаған үміткерлер Алматы қаласына шақырылып, видео түсірілімнен өтті. Кастинг барысында халықтың дауысымен қатар үміткер-лердің актерлік шеберлігі де ерекше назарға алынды. Себебі, «Махаббат, қызық мол жылдар» тарихи сериалы біз үшін де, сіздер үшін де көптен күткен маңызды жəне өте жауапты жоба. Өкінішке қарай, көп үміткерлер видеотүсірілімге шақырылған кезде келе алмады. Сондай-ақ Ерболдың рөліне бірінші орынды жеңіп алған Аманбаев Бегайдар өз еркімен түсірілім-нен бас тартты» делінген. Бұл жерде кастинге талғарлықтардың да таласы болғанын айта кетуіміз керек. Олардың ішінде «аты бəйгеден келіп», оза шапқаны талғарлық Ермек Тұрғанбек болды.

Фото: maratov.kz

 Режиссер Ернар Мəліков: «Талғар ауданына қатысты айтар болсақ, түсірілім жұмысына қажетті аумақтарды таңдауда Алматы облысының барлық аймақтарын аралап шықтық. Тау баурайында орналасқан тамаша табиғаты бар Талғар қаласының таңдалуы кездейсоқ емес. Мəселен, басты рөлді ойнайтын Ермек Тұрғанбек осы ауданның тумасы. Ол өзіне берілген рөлді бастан-аяқ ойнап шығады. Бұл актерді кастинг талаптарына саймын деген сайдың тасындай мың жігіттің ішінен таңдап алдық десек артық айтқандық емес. Режиссерлер мен кастинг директорларының арасында Ерболдың рөлін кім сомдайды, кімге береміз деген сияқты көптеген талас-тартыс та болды. Ермектің бар болмысы мен келбеті, мінезі, тіпті қимыл-қозғалысына дейін басты кейіпкермен дəлме-дəл келіп, Əзілхан Нұршайықовтың жас кезімен сойып қаптағандай сəйкестігі таң қалдырды. Сондықтан басты рөлге Ермек Тұрғанбекті бекітуге барымды салдым деуге болады. Түсірілімнің басты орнының бірі ретінде Талғар маңы таңдалғандықтан сол кездегі əкім марқұм Жолан Омаровқа осыған байланысты жұмыс бабымен жолыққаны мызда алғаш кездескен кезде-ақ жақсы жаңалықты қуана құптап, қолдан келген көмегін аямайтынын жеткізді. Дереу орынбасары Дəркен Нұржанұлына тапсырма беріп, сол жердегі «Қарлығаш» компаниясына қарасты ғимаратта жұмыс істеуге мүмкіндік алдық. Ол жерде университеттің алды, сол кездегі университет дəлізі секілді декорацияларды жасап, атақты 30-шы аудитория-ны толық жабдықтап шықтық. Талғар қаласында орналасқан сол кездегі талаптарға сай келетін ескі неке сарайында да кезекті түсірілім жұмыстары жасалды. Сондықтан жаны жəннатта болсын, ол кісіге айтар алғысымыз зор, құрметіміз шексіз.

Меңтайды 5000 қыздың ішінен таңдап алдық десек өтірік емес. Ерекше бір қуанарлық жаңалықты айта кеткім келеді. Біздің Меңтайымыз – Нарқыз Айдарова мен Ерболымыз – Ермек Тұрғанбек түсірілім алаңында танысып, табысып, бұйыртса, жақынарада бас құрап, отау тігіп, шаңырақ көтермекші. Құдай қаласа, осы 2020 жылы, 20 қыркүйекте тойға барамыз деген жақсы жаңалығымыз бар. Тек рөлдерін сомдауда ғана емес, өмірде де бір-біріне сай ма, сай келген жұптың бақытты шағына куə болып жатқанымыздың өзі – біз үшін үлкен жаңалық, қуаныш болып отыр. Ендігі жерде оларға Алла əрдайым жар болып, бақыттары тасып, бақтары жансын деген тілек қана бар бізде. Біз «Махаббат, қызық мол жылдарды» кітаптан киноға ауыстырсақ, олар шынайы өмірмен жалғап жатыр. Бұл өте сирек болатын жағдай əрі біздің жетістігіміз деп те айтуға болады.

Фото: maratov.kz

Еңбекшіқазақ жəне Талғар аудандарының аумағында орналасқан Амангелді, Саймасай, Ақши аулы, Есік қаласы маңында жұмыс жасалып, түсірілім жұмыстары тоқтаусыз жүріп жатыр. Кастинг уақытында 17 телеарна, 38 сайт біз үшін үлкен жұмыс атқарды. Еліміздің түкпір-түкпірінен келген үміткерлердің де үмітін үзбей, мүмкіндігінше қарым-қабілеттеріне қарай эпизодтарда болса да ойнауға мүмкіндік беріліп отыр. Қазір 5 кісі веб-камерамен 2 генераторды қосып жұмыс істеп жатыр. Алда Ұлттық арнаның келісімімен ең əуелі 100 минуттық толық метражды фильмді жасап шығарамыз. Ары қарай сериалға айналдыру жұмыстары жүргізіледі», – деп ағынан жарылды.

«QAZAQSTAN» Ұлттық арнасы, продюсерлер, режиссер мен кастинг директорлары шешімі жəне халықтың дауыс беру нəтижесі негізінде төмендегі рөлдер мына азаматтарға берілді: Тана – Нұрия Бөкенбаева (Орал қаласы), Рита – Надежда Капец (Павлодар), Заман – Əлсейіт Есбатыр (Ақтөбе облысы, Жарқамыс аулы), Дастан – Жалғас Лепесбаев (Жаңаөзен қаласы), Меңтайдың анасы – Иманқұлова Индира (Ақши аулы), Асқар – Əділбек Жанқабылов (Маңғыстау облысы, Жаңаөзен қаласы), Есен — Ерболдың əкесі – Айдос Əуесбаев (Жаркент қаласы), Шалдуар Шалғынбаев – Марат Көккөзов (Ақбөбе қаласы) т.б. Ал Меңсұлу мен Дастанның балалық шағын алматылық Айя Сəрсенбаева мен семейлік Айбар Таңғыт ойнайтын болып шешілген көрінеді.

Телесериалдың режиссері Ернар Мəліков: «Түсірілім жұмыстары 22 маусым-да басталды, қазір екі жарым айдай уақыт болды. 20 сериалы көркем фильм болады деп отырмыз. Телеарнаның бюджеті аз болатындықтан, қаражатқа қатысты да мəселелермен айналысып жатырмыз. Басқасын айтпағанның өзінде, Кеңес үкіметі кезеңі əскерінің киімдері, олардың қару-жарақтары – «ППШ» автоматы, винтовка «Мосина», пулемет «Максим», танкіге қарсы атылатын 45 мм-лік зениттік зеңбіректер, темір жол, цирк арбасы мен кадрларға қажетті көптеген керек-жарақтар, соғыс құралдары қолдан жасалды. Осылардың барлығын шынайы етіп жасауда Еркен Сүлейменов басқаратын көркемдік департаменттің суретшілерінің еңбегі орасан. Мысалы, қазір 1942 жылы соғыста қолданылған зеңбіректі, рельсті ағаштан жасап шықты.

Қиындық деген шаш етектен болғанымен, солай екен деп қарап отырмаймыз. Бар күшімізді салып, терімізді төгіп мəселенің бəрін шешуге күш саламыз. Өйткені келер ұрпаққа жол тартқалы отырған тарихи сериал барынша шынайы, деректі, нақты болуы керек. Олай болмағанда тарихқа қиянат жасаған болып шығамыз. Айтулы жобаға ерекше қолдау көрсетіп отырған қазақ өнерінің жанашырлары – Қазақ Ұлттық Аграрлық Университетінің ректоры Тілектес Исабаев түсірілім тобына арнайы жатақхана беріп, керекті аудиторияларды қолдануға рұқсат етсе, продюсер Арман Əсенов, белгілі режиссер Ақан Сатаев сынды заматтар соғыс кезіндегі эпизодтарға керекті автомат, пулемет сияқты қарулармен қамтамасыз етті. Тапсырыс беріп, ұсыныс жасаған «QAZAQSTAN» Ұлттық арнасы ұжымы мен басшысы Лəззат Танысбайға жəне аты аталған, асығыста аталмай қалғанымен қолдан келген көмегін аяп қалмаған азаматтардың барлығына айтар алғысымыз шексіз!» – деп бірталай маңызды ақпар беріп, ризашылығын да білдірді. Қазаққа қатысты жақсы дүниелердің қай кезде де қолдаушысы болып жүретін жандарға біздің де алғыстан басқа айтарымыз жоқ.

Аталмыш телесериалдың шеф редакторы Қарлығаш Саматқызының айтуынша, «қазіргі таңда жалпы 14 облыстан электронды кастинг арқылы таңдалып алынған 80-ге тарта актер жұмыс істеп жатыр. Телесериалдың режиссерлері – «MG Prodution plus» кинокомпаниясының басшысы Ернар Мəліков жəне Марина Конарова, Ариэль Әсенова. Олар қазір түсірілім алаңында тынбай еңбек етуде. Сонау соғыс жылдарынан бергі уақытты қамтитын болғандықтан жұмыс өте қауырт жəне қиын. Сондықтан кейбір кемшіліктердің кетуі де заңдылық. Осыған қарамастан, «арық айтып, семіз шығуға» тырысып жатқан жайлары бар. Сондықтан келісім-шарт бойынша түсірілім жұмыстары аяқталып, жоба экранға жол тартқанша маңызды деген кейбір ақпараттарды əзірге жариялай алмаймыз. Ең бастысы ол кісілер өз ісінің шебері болғандықтан жұмыстың сапалы болатынына сенім зор. Түсірілім жұмыстары шілде айында басталған. Бұйыртса қыркүйектің аяғында аяқталуы тиіс. Одан ары монтаждау жұмыстары жүргізілетіндіктен эфирге шығатын уақытты дəл айта алмаймын. Тың дүние тыңғылықты аяқталған соң ғана асыға күтіп отырған көрерменге жол тартады».

Бұл ретте мынаны баса айтқымыз келеді. Қазір жалпы не нəрседе болса да отандық өнімді қолдау деген бір ұран тауып алдық қой. Ол қаттықтан емес, қолдаудың жоқтығынан айтылып жүргенін мойындау керек. Өйткені шетелдік арзан дүниелерге қызығып, барлық жерді, соның ішінде бүкіл телеэкранды, кинотеатрларды солармен толтырып тастадық та, сонша ақша бөлініп, бəлен миллиондаған қаражатқа түсірілетін өзіміздің құнды дүниелер қолдаусыз, ұмыт қалып жататыны рас. Бұған дейін де талай ауыз толтырып айтарлық кинолар мен сериалдар түсірілген. Алайда неге екені белгісіз, бірен-саран телеарналар болмаса, Қазақстан Республикасына қатысты барлық телеарналардан ылғи бір шетелдік «алабажақтар» көрсетіліп жатады. Қазір ондайлардың күні өтті, қызығы бітті. Көз қуантып көретін тың дүниелер болмаған соң теледидар қарайтындардың да саны күрт төмендеп, баласы бардың үйінде тек «Балапан» қосылып тұратыны да өтірік емес. Осы қатарлы көптеген себептерге байланысты отандық сериалдар мен кинолардың көрсетілім рейтингі нашар. Насихат та жоқтың қасы. Сондықтан толағай табыс əкелмесе де, жалпы қазақ киносын қай уақытта да қолдаусыз қалдырмай, барынша мəн беріліп, тұрақты түрде қара орман көрерменнің назарына ұсынылып отырса деген бір тілек бар.

Қауырт жұмыс істеліп жатқанда уақыттың тығыздығына қарамай, арасында хабарламамен болса да сұрақтарымызға жауап беріп жатқан жандарға ризашылық білдіріп, барына қанағат етуге тура келіп тұр.

Мəңгілік мөлдір сезімнің айнасындай болған «Махаббат, қызық мол жылдарға» тағы бір өмір сыйлап, тамаша дүниені тың ойлармен байытып, қызығынан қиындығы көп жұмысқа білектерін сыбана кірісіп кеткен түсірілім тобының еңбегіне табыс тілейміз.

Жанбота Сұлтанмұратқызы

тілші