Елімізде ұлық мереке – Абай күні! Бүгінгі тұңғыш рет аталып өткелі отырған мереке – жаңа Қазақстанның халықтық тойы. Тек қазақтар емес, кіндігі осы қасиетті жерге байланған барша қауымның, қазақстандықтардың ел ертеңі үшін алаңдар, «Мен Отаныма не бердім?» деп өз ары алдында есеп берер күні. Мына өзгермелі, алмағайып, індетті заманда, іләйім тұңғыш рет тойланып отырған Абай күні – Абай мерекесі халықтар достығы мен бірлігіне, береке мен ырыс-құтқа баршамызды кенелте берсін!
Жаңа жылдың алғашқы айының басында жарық көрген «Абай және XXI ғасырдағы Қазақстан» атты бағдарламалы мақаласында Қазақстан Республикасының Президенті Қ.-Ж.К.Тоқаев: «Абай Құнанбайұлы ғұлама, ойшыл, ақын, ағартушы, ұлттың жаңа әдебиетінің негізін қалаушы, аудармашы, композитор ретінде ел тарихында өшпес із қалдырғаны сөзсіз. Оның өлеңдері мен қара сөздерінде ұлт болмысы, бітімі, тұрмысы, тіршілігі, дүниетанымы, мінезі, жаны, діні, ділі, тілі, рухы көрініс тауып, кейін Абай әлемі деген бірегей құбылыс ретінде бағаланды…
Абайдың шығармаларына зер салсақ, оның үнемі елдің алға жылжуына, өсіп-өркендеуіне шын ниетімен тілеулес болғанын, осы идеяны барынша дәріптегенін байқаймыз… «Ғылым таппай мақтанба» деп, білімді игермейінше, биіктердің бағына қоймайтынын айтты. Ұлы Абайдың «Пайда ойлама, ар ойла, Талап қыл артық білуге» деген өнегелі өсиетін де осы тұрғыдан ұғынуымыз қажет…
Бұл тұжырымдар қазір де аса өзекті. Тіпті бұрынғыдан да зор маңызға ие болып отыр. Себебі ХХІ ғасырдағы ғылымның мақсаты биікке ұмтылу, алысқа құлаш сермеу екенін көріп отырмыз. Ал біздің міндетіміз – осы ілгері көшке ілесіп қана қоймай, алдыңғы қатардан орын алу», – деген болатын.
«Абай және Алаш» деген тақырыпты біз екі аспектіде, яки қос бағытта сөз етпекпіз. Алдымен Әлихан Бөкейхан, Ахмет Байтұрсынұлы бастаған Алаш арыстарының Абай мұрасын қадір-қасиет тұтып, оны жариялауға қол ұшын беруі, жалпақ жұртқа насихаттап таныстыру, жалақор-бәлеқорлардан шырылдап қорғауы туралы айтар болсақ, келесі сөзіміз Абайдың кіндігінен тараған ұрпақтарының Алаштың азаттық идеясына беріле қызмет етуі және осы жолда құрбан болған қайғылы тағдырлары сөз етіледі.
І. Алаш қайраткерлерінің Абайтануға қосқан үлесі
Әлихан Бөкейханов 1907 жылы «Записки Семипалатинского Подотдела Западно-Сибирского отдела Императорского русского географического общества» деп аталатын кітапта Абайға некролог жазып, алғаш рет өмірбаянын жазып, фотосуретімен бірге бастырды. Абайдың тұңғыш жинағын шығаруға да қол ұшын созған Ә.Бөкейхан болатын. Міржақып Дулатов 1914 жылы «Қазақ» газетінде жазады: «1909 жылы Абайдың балалары мен інілерінің ризалығы һәм Әлиханның ыждаҺатымен Абай кітабы Петербургте «Бораганский» баспасында басылып шықты. Сондай-ақ, Ә.Бөкейхан 1918 жылғы «Абай» журналында «Абайдың өнері һәм қызметі» және «Абайдан соңғы ақындар» деген мақалаларын жазып, өзінің азаматтық борышын толық өтеді.
ІІ. Абай ұрпақтарының репрессияға ұшырауы
Кеңес үкіметі Абай ұрпақтарының кейбірін соттап, қудалады. Кейбірі қысымға ұшырап, әртүрлі жағдайда өмірден озды. Сексенінші жылдары елден кеткен ұрпағынан әзірге хабар-ошар жоқ. Абай әулетінен екінші дүниежүзілік соғысқа барған оншақты адамнан екеуі ғана қайтып оралған. Олардан ұрпақ қалмаған.
Абайтанушылар ақынның Әйгерімнен туған тұңғышы Тұрағұл – Тұраштың қатты қудаланғанын айтады. Тұрағұл әкесі туралы деректерді кейінге жеткізген санаулы адамның бірі болған. Мұхтар Әуезов те Абай туралы жазғанда Тұрағұлға сілтеме жасаған. 1909 жылы Абайдың інісі Ысқақтың баласы Кәкітаймен бірге ақын шығармаларының тұңғыш жинағын жарыққа шығарғанын жоғарыда айтып өттік.
Алашорда мүшесі болғаны үшін Тұрағұл 1922 жылы Әлихан Бөкейханов, Міржақып Дулатовпен бірге төрт айға қамалады. 1927 жылы қайта тұтқындалады. 1928 жылы дүние-мүлкі кәмпескеленіп, өзі жер аударылды. Шымкенттегі Тұрағұл жерленген жер кейін фосфор өндірісіне айналдырылады.
Інісі Мекайіл (Абайұлы) 1931 жылы Семей түрмесінде сотсыз атылып кетті.
1928 жылғы 19 қарашадағы қаулыда Тұрағұлдың 36 бас малының, 7 бөлмелі үйінің, 6 қанат киіз үйінің және бір кілемінің тәркіленгені айтылады. Ол қуғында жүріп 1934 жылы Сарығашта қайтыс болған.
Тұрағұлдың ұлы Жебірейіл (Абайдың немересі) – Жебеш Ресейде оқып жүргенде қудаланады. Абайтанушы Қайым Мұхаметхановтың жазуынша, шолақ белсенділер 1928 жылы «Тұрашы кеткен соң, Жебеші де қалмасын» деген мақала жариялайды. Осыдан кейін Жебеш Шымкенттегі әкесіне барып, Ташкентте оқиды. 1930 жылы ол ауруға шалдығады. «Жебештің нашарлағанын естіп Тұрағұл Ташкентке барып, Мұхтардың (Әуезовтің) үйіне тоқтайды. Ол кезде Даниял Ысқақұлы Кәкітаев та Ташкентте тұратын. Жебештің жазылмасына көздері жеткен соң Мұхтар мен Даниял Жебешті ауруханадан алып шығып, бір оңаша үйге орналастырады. Дәл сол күні Мұхтар мен Даниял тұтқынға алынып, түрмеге жабылады. Бірнеше күннен кейін Жебеш қайтыс болады» деп жазады Қайым Мұхаметханов.
Қайым Мұхаметхановтың Тұрағұлдың тұңғышы Ақлиманың айтқандарына сүйеніп жазуынша, Тұрағұлдың тағы бір ұлы Зұбайыр 1933 жылы екі баласымен бірге Қырғызстанда қайтыс болады. Тұрағұлдың інісі Мекайіл – Мекештен қалған Ғұзайыр мен Ғалишер соғыстан қайтпаған. Кенже інісі Ізкайылдың Тоқтамыс – Тоқташ деген ұлы да соғыстан оралмаған.
Ишағы Жағыпарқызының айтуынша, Жебештің соғыстан мүгедек болып келіп, 1990 жылы Алматыда қайтыс болған ұлы Алыпарыстан – Алпаштан ұрпақ жоқ.
Тұрағұлдың екі қызы – Ақлима – Ақыш және Мәкен болды. Осы Ақлиманың күйеуі Сәнияз Медеуұлы 1931 жылы Мекайілмен бірге Семей түрмесінде атылып кеткен. Қуғын-сүргін кезінде Сәнияздың әкесі Медеуді де, немерелері Сәнияз бен Мәукілді және Абайдың ұлы Мекайілді қамап, үкіметке қарсы шықты деп, сотсыз бір түнде атып тастайды. Ал Тұрағұлдың екінші қызы Мәкеннің күйеуі Ұлықбек Мұқаметжанов екі рет қамалады. Біріншісінде «байдың қызын алды» деген айыппен, екіншісінде «Алашордашының қызын алған, келіншегі Шәкерім әндерін айтады көрінеді» деген шағым бойынша бірнеше ай тергеу абақтысында болған.
Құнанбайдан тарайтын Майбасардың ұрпақтары жаппай қуғын-сүргіннен қашып Ресейге кетіп қалды, Тәкежан ұрпақтары Ұзынағашта болды, кейбірі Меркеге жер аударылды.
Абайдың екі әйелінен Ақылбай, Әкімбай, Әбдірахман, Мағауия, Тұрағұл, Мекайіл, Ізкайіл деген ұлдары, Райхан, Гүлбадан, Кенжеш деген қыздары болған. Әкімбай жеті жасында қайтқан. Ақылбай мен Мағауия әкесімен бір жылы – 1904 жылы қайтыс болған. Әбдірахман 1895 жылы дүниеден озса, қалған ұлдары отызыншы жылдары қуғын-сүргін кезінде әртүрлі жағдайда опат болған. Райхан ертерек, Гүлбадан 1932 жылы бақилық болған. Кенжеш туралы айтылмайды. Әбдірахманның қыздан тараған ұрпағы бар.
Жалпы Абайдың кіндігінен таралған жоғарыда аталған ұлдарынан бөлек немере ұрпағынан тағы бірнешеуі қуғынға ұшыраған, бірнешеуі майдан даласында қайтыс болған, кейбірі хабарсыз кеткен, біреуі Семей полигонында әскери қызметте болып, соның зардабынан қайтыс болған.
Саяси қуғын-сүргін құрбандары музейі алдағы уақытта бұл тақырыпты тереңдете зерттеп, осы музей қабырғасында оны қалың жұртшылыққа таныстыратын болады.
Қорыта айтқанда, Ел басшысы Қ.-Ж.К. Тоқаев айтқандай: «Абайдың ой-тұжырымдары баршамызға қашанда рухани азық бола алады. Сондықтан ұлтымызды жаңғырту ісінде оның еңбектерін басшылыққа алып, ұтымды пайдалану жайын тағы бір мәрте ой елегінен өткізген жөн». Жаңа дәуірдің басы, рухани жаңғыруымыздың жаңа сатысы болмақ Абай күні мерекесі құтты болсын!
Меиржан Мусабаев,
саяси қуғын-сүргін құрбандары музейінің меңгерушісі.