Жаңа оқу жылы қашықтан оқытумен басталады

Жаңа оқу жылы қашықтан оқытумен басталады

Әлем жұртына қауіп төндірген коронавирус індетінің таралуына байланысты пандемия жарияланып, елімізде бір емес екінші рет карантин енгізілгені белгілі. Қолға алынған сақтық шаралары қатерлі індеттің кең таралып кетпеуіне, эпидемиологиялық жағдайды жақсартуға бағытталғаны анық. Қалай десек те, адам денсаулығына зор нұқсан келтіріп, өмірін қиып жатқан қатерлі вирустың беті қайтар емес. Осыған орай биылғы жаңа оқу жылының 1-тоқсанында оқушылар қашықтан оқуды әрі қарай да жалғастыратын болады.

Әрине, аудан мектептеріндегі 45 мыңға жуық оқушының жаңаша тәсілмен тиісті білім алуын қамтамасыз ету оңай шаруа емес. Бұған дейін ұстаздың қарсы алдында отырып сабақ алған бала компьютер мен смартфон арқылы оқуды сәуір айында-ақ бастаған. Десек те, қашықтан оқыту жүйесі бойынша сол кездері бірқатар қиындықтар орын алғаны белгілі. Бірнеше оқушысы бар отбасылардың бір компьютер немесе бір смартфонды пайдаланудағы қолайсыздығы, тіпті қажетті компьютер техникасының мүлдем болмауы, интернет байланысының төмендігі білім беру сапасына да кері әсерін тигізгені анық. «Әне-міне» дегенше жазғы демалыс та бітуге таяу. Жаз айларында аталған кемшіл тұстардың орны толықты ма? Жаңа оқу жылына дайындық қалай жүргізілуде? Осы сауалдарды аудандық білім бөлімінің басшысы САДВАКАСОВА Қарлыға Айсабекқызына қойған едік.

– Ауданның білім бөліміне қарасты білім мекемелерінде 2020-2021 оқу жылында болжам бойынша қамтылатын оқушы саны 44681. Оның ішінде 5687 отбасының 9268 баласы көмекке мұқтаж категорияларға жатады. 2020 жылдың 4-тоқсанынан бастап бастап ауданға қарасты барлық білім мекемелері қашықтан оқытылды. Биылғы 2020-2021 оқу жылының 1-тоқсанында барлық мектеп оқушылары қашықтан оқытылатын болады.

Әрине, оқушының алдында тұрып сабақ берген мен қашықтан оқытқан екі бөлек дүние. Бұл оқушы үшін де, ұстаздар үшін де үлкен жауапкершілік. Ең бастысы – оқушылар білім алудан қол үзбеу керек. Қашықтан оқытуда сапалы білім беруді ұйымдастыру мақсатында жан-жақты жұмыс жасалуда. Бұл жұмыстың негізгі бағыты – оқушылардың компьютермен қамтамасыз етілуі. Ағымдағы жылда 335 компьютер сатылып алынды. 2020-2021 оқу жылының алғашқы мерзімінде тағы да 277,4 млн теңгеге 1382 компьютер сатылып алынады деп жоспарлануда.

Ұстаздар мен оқушылардың үй жағдайындағы қашықтан оқыту мүмкіндіктері де қарастырылуда. Жоғарыда атап өткенімдей 5687 отбасының 9268 баласы көмекке мұқтаж. Бұл балалар бірінші кезекте компьютермен қамтамасыз етілетін болады.

Қазіргі уақытта осы мәселелерді шешуге бағытталған жұмыстар жүргізілуде. Мектептегі компьютерлерді де келісіммен уақытша пайдалануға беру жоспарда бар. Атап айтсақ, 2020-2021 оқу жылында ауданның білім мекемелерінің теңгерімінде тұрған 3511 компьютер уақытша пайдалануға беріледі, оның ішінде 335 компьютер ағымдағы жылда сатылып алынған.

Аудан бойынша 3940 мұғалім бар. Барлық мектеп мұғалімдері қашықтан оқыту бойынша дайындық курстарынан өткізілуде.

Мектеп оқушыларын оқыту «Дарын-онлайн», «Kundelik.kz», «Bilim-land» платформалары арқылы ұйымдастырылатын болады. 42 мектептің 40403 оқушысы қашықтан оқыту форматында білім алады. Ал болжамды 5200 мектеп босағасын енді аттайтын 1 сынып оқушыларының 4278-ін мектептерде жұмыс істейтін 308 кезекші сыныптарда ата-аналардың өтініші бойынша оқыту жүзеге асырылмақ. Ол үшін қазіргі таңда дайындық жұмыстары жүргізіліп, балалардың оқуы мен ұстаздардың оқытуында қауіпсіз жағдайды қамтамасыз ету жұмыстары жүргізілуде.

Осы орайда айта кетейін, елімізде карантиндік режимнің ұзартылуына байланысты ҚР Білім және ғылым министрлігі бірінші сыныпқа құжаттарды қабылдау мерзімін 20 тамызға дейін ұзартты. Бүгінгі күні аудан бойынша 4 774 өтініш түсті. Олардың басым көпшілігі egov.kz «электрондық үкімет» порталы арқылы қабылдануда.

– Интернетке қолжетімділік мәселесі қалай шешілуде?
– Қазіргі таңда шұғыл шешуді қажет ететін мәселе – интернетке қолжетімділік. Бұл тұрғыда «Қазақтелеком» компаниясына Білім бөлімі тарапынан хат жолданып, интернет жылдамдығы төмен және саяжайлар мен жаңа құрылыс жүргізіліп жатқан шағын аудандар мен көшелерге толыққанды интернетке қол жеткізуде белгілі іс-шараларды іске асыру жайлы хабарланған. Атап айтсақ, интернет желісін тарту немесе ұялы операторлар антенналары санын көбейту. Айта кететін мәселе, мектептерде орнатылған интернет жүйесі Талғар қаласы мен ауылдарды интернетпен қамтамасыз етуге қауқарсыз. Бұл мәселені шешуде Білім бөлімі қосымша мүмкіндік ретінде «ЦайФуДжи» компаниясымен келісім-шартқа отырып, интернеті жоқ көпбалалы, әлеуметтік жағдайы төмен отбасы балалары, жетім балалар тұратын ауылдарға интернет қосып, интернеттің жылдамдығы төмен ауылдарға байланыс күшейту бағытында жұмыс атқарды және де осы жұмысты жалғастырады.

Көктемдегі тәжірибеге сәйкес оқушылардың біраз бөлігі интернетке қолжетімділік мәселесіне байланысты теледидар арқылы оқытылады деп жоспарлануда. Алдын ала бекітілген кестеге сәйкес телесабақтар жүргізіледі, олар «Әл-Фараби» мен «Ел-Арна» телеарналарында көрсетіледі. Министрліктің мәліметі бойынша қазіргі таңда барлығы 6 мыңнан астам телесабақ түсірілді. Теледидар сабақтары үшін кем дегенде әрқайсысында 9 сағаттан эфир берілді. Оған қоса барлық телесабақтар интернетте орналастырылып, оқушылар үшін тегін әрі қолжетімді болады.

– Оқулықпен қамтамасыз ету мәселесі жайында не айтасыз?
– Оқу жылына дайындық оқушыларды оқулықтармен толық қамтамасыз ету бағытында да жүргізілуде. Осы мақсатта 13 баспамен жалпы сомасы 310,4 млн. теңгеге келісім-шарт жасалды. Сонымен қатар, тасымалдауға жеткізушімен де бөлінген сомаға келісім-шарт жасалды. Бұл дегеніміз оқулықтар оқу жылының басына дейін толығымен мектептерге жеткізіліп, оқушыларға таратылып берілетін болады. Бүгінгі күнге дейін «Астана» баспасынан 5,4 млн. тг. қаражатқа 1645 бума, «Келешек» баспасынан 580 мың теңгеге 200 бума, «Атамұра» баспасынан 51,4 млн. тг. қаражатқа 28620 бума оқулықтар жеткізілді. Жаңа оқу жылында оқушыларды оқулықтармен толыққанды қамтуға толық мүмкіндік бар.

– Қарлыға Айсабекқызы, жылдағы дәстүр бойынша өткізілетін тамыз конференциясы мен Білім күні туралы да айтып өтсеңіз.
– Ата-аналар мен оқушылар үшін әдістемелік қолдау көрсету мақсатында тамыз айында балаларға және ата-аналарға «Үйде қалай оқу керек?», «Гигиена негіздері», «Кибермәдениет», «Интернет арқылы қалай оқу керек?», «Дене жаттығуларының маңызы» сияқты бірыңғай сынып сағаттары, ата-аналар жиналыстары өткізіледі. Елімізде 1 қыркүйек — Білім күнін онлайн режимінде өткізу ұйғарылды. Бүгінде дайындық жұмыстары жан-жақты жүргізіліп жатыр.

Тұшымды сұхбатыңызға рахмет!

Райхан АЗИМОВА,
«Талғар».