Халықтың амандығы мен экономикалық дағдарысты еңсеру -басты назарда.

Халықтың амандығы мен экономикалық  дағдарысты еңсеру -басты назарда.

 Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың  ТЖ режимін қамтамасыз ету жөніндегі мемлекеттік комиссияның қорытынды отырысында  короновирус  дертінің таралуын бәсеңдетуге бағытталған    іс-шаралардың   нәтижесін жүйелей  келе, алдағы уақытта атқарылуға тиісті келелі міндеттерді айқындап берді.  Елімізде 15 наурызда жарияланған төтенше жағдай режимі  11 мамырға дейін жалғасып, дәл осы күні  аяқталғаны хабарланды.  Дер кезінде дабыл қағып, тиісті шараларды қолға алғанның арқасында індеттің кең таралуына жол берілмеді. Бүгінде індеттің шарықтау шегінен өтіп,   ел-жұртымыз біртіндеп қалыпты тіршілік жағдайына көшуде. Соған қарамастан, қауіп жоқ деп айта алмаймыз. Әлемді дүрліктіріп, сан мыңдаған адамның өмірін қиған өте жұқпалы дертке қарсы вакцина әзірше жоқ. Сондықтан да, карантиндік шектеулер әр өңірдегі жағдайдың жақсаруына қарай біртіндеп алынады. Бүгінде  әлеуметтік маңызды  қоғамдық қызмет көрсету нысандарының бірқатарына  жұмыс жасауға рұқсат берілді.  ТЖ режимі тоқтатылғанымен  санитарлық сақтық шараларын сақтауға  жіті мән беру міндеттелініп отыр. Бұл ретте, көшеде 3 адамнан артық топтасып жүрмеу, шоғырланбау, қоғамдық көліктердің жартылай жүктемемен  жұмыс жасауы, жолаушылардың бетпердесіз жүрмеуі талап  етіледі. Мүмкіндік болса  адамдардың  үйде отырғандары да абзал екені айтылды. Сайып келгенде, әрбір адамның өз амандығы мен жақындарының, айналасындағы жандардың  қауіпсіздігі  үшін  жауапкершілігі жоғары болуы керек. Осының бәрі адамдардың денсаулығы мен өміріне қауіп төнбеу үшін жасалып отырған қадамдар. Президентіміз өз сөзінде ТЖ кезіндегі  халыққа көрсетілген көмек пен қолдау туралы да нақты деректерді келтіріп өтті. 4,5 млн. адамға 42 500 теңге көлемінде қаржылай қолдау көрсетілгені, 1 млн. астам азаматқа  азық-түлік пен тұрмыстық заттар үлестірілгені, коммуналдық төлемдер тарифі төмендетілгені әрі осы бағытта тұрмысы төмен отбасыларға  қосымша қаржылай көмек берілетіні де көрініс тапты.  2 млн. адамның   несие төлеу мерзімі кейінге қалдырылып, 700 мыңнан астам компания мен кәсіпкерлер үшін салық жүктемесі азайтылған. Осының бәрі қиын-қыстау кезеңдегі үкімет тарапынан халыққа көрсетіліп отырған қолдау әрі демеу болып табылады.

Әрине, қауіпті дерт ел экономикасына  да зор нұқсан келтіруде. Тіпті  ұзаққа созылатын экономикалық дағдарысқа да алып келуі мүмкін екенін ескертті Президент.  Әлемдік деңгейдегі сараптама көрсеткендей   бұл дағдарыс – Екінші дүниежүзілік соғыстан кейін болып тұрған ең ауқымды және аса қауіпті алапат деп бағаланып отыр.  Осыған орай  мемлекет басшысы Қ.Тоқаев  дағдарыс кезіндегі және одан кейінгі  дамудың  басымдықтарына егжей-тегжейлі тоқталып, атқарылар жұмыстарды тарқатып берді. Бұл орайда, қоғамның басты байлығы азаматтардың өмірі мен денсаулығын сақтау, кәсіпкерлікті қолдау, білім мен ғылым жүйесін жетілдіруге айрықша көңіл бөлу көзделген.  Біріншіден, ел экономикасын  уақыт талабына сай жаңаша даму үрдісіне көшіру. Әсіресе, өндіріс, энергетика саласы, ауылшаруашылығын, сонымен қатар «Жасыл энергетиканы» дамытуға ден қойылмақ. Мемлекеттік сатып алу жүйесін  отандық өнім өндірушілерді қолдауға бағыттаудың маңыздылығы да айтылды. Елімізде ауылшаруашылық саласында 1 млн 700 мың қосалқы шаруқожалық иелері бар. Олардың өндірген өнімдері сауда орталықтарына, сонымен қатар өңдеу өндіріс орындарына түспейді. Бұл  мәселе де өткір тұрғандықтан, Үкімет пен «Атамекен»ҰКП-на   бірнеше аймақтардағы ауылдық жерлерде пилоттық жоба ретінде  «егістік алқаптан  сауда сөресіне дейін» коорпорациялық тізбекті дамыту тапсырылды.  Бұл орайда жеңілдікпен 6 пайыздық шағын несие беру де жүзеге асырылады. Осындай ауқымды жұмыстардың нәтижесінде ауылдың тынысы кеңейіп, ауыл еңбеккерлерінің  табысын өсіруге жол ашылады, деп көзделуде. Екіншіден, «Жұмыспен қамту жол картасы» бағдарламасын әрі қарай жүзеге асыру үшін 1 триллион қаржы  бөлініп отыр. Осынау қомақты қаржы шағын бизнесті барынша қолдауға мүмкіндік береді.  Мектеп, аурухана және басқа да  әлеуметтік маңызды нысандар салынып, жаңғыру жұмыстары да жүйелі жалғасады. «Үйі жоқтың – күйі жоқ» демекші, баспана мәселесі біздің қоғамда өткір тұрған  проблеманың  бірі. Оны шешудің тағы бір  тиімді жолы ұсынылды.  Яғни, несиелік тұрғынүй алуға бағытталған «5-10-20»  бағдарламасы  енгізіліп, ол үшін 390 млрд. теңге қаржы қарастырылып отыр. Биылғы жылдың  өзінде 150 мың пәтер мен тұрғын үйлер ел игілігіне беріледі, деп күтілуде.  Жалпы Президентіміз Қасым-Жомарт Тоқаев өз сөзінде 7 міндетті айқындап, әрқайсысына қатысты нақты іс-шаралар мен келелі  тапсырмаларды міндеттеді.

«Апат айтып келмейді», техногендік сипаттағы су тасқынынан зардап шеккен Түркістан облысындағы  Мақтаарал ауданына қарасты 5 ауылдың  тұрғындарының ешқайсысы да назардан тыс қалмайтыны, материалдық көмек, қолдау барынша көрсетілетіні, жаңа тұрғынүйлер салынатыны  айтылды. Мемлекеғт басшысы Қ.Тоқаевтың  әр сөзінде әлемдік пандемия кезінде халықтың өмірі мен денсаулығын сақтай отырып, ел экономикасын  жаңа деңгейде жаңғыртып, маңызды салаларды нәтижелі жұмысқа бағыттау көзделіп отыр. Олай болса, бүткіл адамзатқа келген осы бір сыннан еліміз де сүрінбей, аман-есен өтіп, халқымыздың береке-бірлігі,әл-ауқаты нығая беруін тілейміз.

 

Ж.Еңкебайұлы,

Талғар аудандық  мәслихатының хатшысы.