Халық пікіріне құлақ түрді

Халық пікіріне құлақ түрді

Депутаттардың ел алдына шығып есеп беруі өткен аптада Тұздыбастау,Бесқайнар, Бесағаш ауылдық округтерінде жалғасын тапты. Тұздыбастау ауылындағы №13 орта мектептің акті залында өткен есепті жиынға аудандық мәслихат хатшысы Ж.Еңкебайұлы, аудандық «Nur Otan» партиясы төрағасының бірінші орынбасары М.Ермағанбетова, ауыл әкімі М.Баймолданов қатысып, ауыл жұрты көптеп жиналды.

Күн тәртібіндегі бірінші мәселе бойынша аудандық мәслихаттың хатшысы Жұмахан Еңкебайұлы есепті баяндама жасады. Ол ауданымыздың әлеуметтік-экономикалық дамуы жайында бірқатар салаларға жекелей тоқтала келе мәслихат депутаттарының, тұрақты комиссиялардың атқарған жұмыстары туралы да айтып өтті. Тұздыбастаулықтарды ерекше елең еткізгені былтырғы жылғы дәл осындай есепті жиында көтерілген мәселелерге қатысты атқарылған жұмыстар болды. Атап айтар болсақ, Тұздыбастау ауылдық округінде 199 көше бар екен. 2019 жылы 41 млн. 850 мың теңге бөлініп Ақын Сара, Өзтүрік, Жақып көшелеріне асфальт төселген. «Өңірлерді дамыту» бағдарламасы бойынша орташа жөндеуден өткізуге 13 млн.теңге қаржы қарастырылып, 750 метр арық желілерінің ағымды жұмыстарына 9,3 млн. теңге қарастырылып, толық игерілген. Ауылдың ішкі жолдарындағы шұрық-тесіктерді жамауға 3,0 млн. теңге және №13 орта мектептің алдындағы жаяу жүргіншілер өткелдеріне бағытталған ағымды жөндеу жұмыстарына 1,5 млн. теңге бөлініп, жұмыс толық жасалды. «Жерұйық», «Тұздыбастау», «Айжарық», «Шығыс-1», «Арман» ықшам аудандарының жарық желілерін АЖК-ның балансына өткізу бойынша жұмыстар жүргізілуде. Сонымен қатар Ғ.Мұстафин, С.Мұқанов көше тұрғындарының талабы бойынша 160 абонентке қызмет көрсететін бір ТП орнатылыпты. Жылқыбай көшесіндегі 52 бағандағы электр лампалары заманауи LED лампаларына толық ауыстырылған. Ауызсу мәселесі де оңды шешілуде. Су ұңғымасын салу үшін 60 соток жер теліміне экспликациясы, таңдау актісі жасалып, құжаттары рәсімделуде. Осылайша атқарылған жұмыстар да, алға қойған міндеттер де баяндамада көрініс тапты. Осыдан кейін аудандық жұмыспен қамту орталығының бас маманы Бегжан Тұрсын 2019 жылдың қаңтар айынан бастап тұрмысы төмен әрі көпбалалы отбасыларына АӘК –ті тағайындаудың жаңа тәртібі мен талабы туралы жан-жақты түсіндірді. Сонымен қатар, мемлекеттік бағдарламалар аясында жұмыссыз жүргендер мен тұрмысы төмен отбасылары үшін қысқа мерзімді қайта оқыту курстары, кәсіпкерлікпен айналысқысы келетіндерге төменгі пайызды несие, қайтарымсыз гранттар берілетіні жайында тұщымды түсінік берді.
Өз сауалдарын қойып, ой-пікірлерін айту үшін сөз тізгіні ауыл тұрғындарына беріліп, алдымен көпбалалы ана Жадыра Оразымбетова жер кезегінде тұрғанына 12 жыл өтсе де кезегі алға жылжымай отырғанын, қоғамдық көліктерде жүру жол ақысын шешуді сұрап, 2020 жылдан бастап бала күтімімен отыру мерзімін 7 жастан 3 жасқа түсіруге қарсы екенін білдірді. Бастауыш сыныптарда оқитын бүлдіршіндердің қауіпсіздігі үшін әрбір ата-ана өз баласын мектепке апарып, сабақтан соң күтіп алатыны белгілі. Олай болса, көптеген аналар үшін баласы 3 жасқа тола сала жұмысқа шығу мүмкін емес екенін алға тартты. Бұл пікірді жиналған аналардың барлығы дерлік қолдады. Мектеп жанында автотұрақ алаңы қарастырылмағандықтан, көлік кептелісі орын алып, оқушылардың қозғалысына үлкен қауіп тудырып отырғанын да тұрғындар баса айтты. Жиналғандар ауылдағы дәрігерлік амбулаторияның тарлығын тілге тиек етіп, ондағы дәрігерлердің жұмысын да сынға алды. Бұл сауалға жауап берген ауыл әкімі жаңа дәрігерлік амбулатория салуға 30 соток жер телімі қарастырылғанын, алдағы уақытта осы бағытта жұмыстар қолға алынатынын жеткізді. Ауыл тұрғыны Илиясова Ұлжан шағын жаңа құрылыс аудандарындағы жылдар бойы бос жатқан жерлерді қайта қайтару, кезекте тұрған мұқтаж жандарға беру мәселесін көтерді. Бұл жұмысты жүзеге асырудың заң аясындағы тәртібін ауыл әкімі түсіндіріп берді. Осылайша, көкейлерінде жүрген сауалдары мен ұсыныс-пікірлерін ортаға салған тұрғындар, депутаттарға үлкен сенім артып тарқасты.
Кестеге сай Бесқайнар ауылындағы кездесу 6 қараша күні өткен есепті жиналыста да ауыл жұрты аудандық мәслихат хатшысының баяндамасын тыңдады. Одан соң жұмыспен қамту орталығының бас маманы Б.Тұрсынның АӘК қатысты маңызды мәліметтермен, қатар жаңа жылдан бастап жүзеге асырылатын атаулы әлеуметтік жәрдемақының тағайындалу тәртібі мен қойылатын талаптар жайын тарқатып берді.


Өз кезегінде сөз алған ауыл тұрғындары ауыл әкімінің, депутаттардың жұмысына оң баға берді. «Көш жүре түзелер» демекші, жүйелі, жоспарлы жұмыстың нәтижесінде көптеген түйінді мәселелер соңғы жылдары оңтайлы шешіліп келе жатқаны айтылды. Десек те, ауыл тұрғындарын мазалайтын әлеуметтік маңызды мәселелер де жоқ емес. Аудан орталығы мен Алматы шаһарына қатынауға мүмкіндік беретін автобус көлігі «демалыс күндері ғана емес, жұмыс күндері де жүрсе» деген тілектерін жеткізді. Сыйымдылығы оқушылар санынан әлдеқайда тар мектептің бір бұрышын алып отырған шағын орталықты мектептен бөлу керектігі де баса айтылды. Аудан орталығынан шалғайда орналасқан ауыл жұрты үшін дәрігерлік қызметтің қолжетімді әрі сапалы болуы аса маңызды. Осыған орай бесқайнарлықтар дәрігерлік амбулатория салып беруді сұрады. Қойылған сауалдарға бірден жауап берілді әрі оларды шешуді депутаттар да, ауыл әкімі де басты назарда ұстайтындықтарын білдірді.
Дәл осы күні депутаттық жиын Бесағаш ауылында жалғасты. Әдеттегіше, жиналғандар мәслихат хатшысының жасаған есепті баяндамасына нақты құлақ түрді, аудандық жұмыспен қамту орталығының бас маманының АӘК қатысты тың ақпараты да көпшілікті бей-жай қалдырмады. Баяндамада Бесағаш ауылдық округіне қатысты атқарылған жұмыстармен қатар алдағы уақытта жүзеге асырылуы тиісті іс-шаралар да қамтылды.
Тұрғындар тарапынан көтерілген мәселелер аз болмады. Ауылға жаңа дәрігерлік амбулатория, тірек пунктін, әкімшілік ғимаратын (аталған үш нысанды салатын жер телімдері бар), таза ауыз су сақтайтын резервуар салу мәселесі көпшіліктің көңілінде жүргені анық болды. Сонымен қатар, Хамраев көшесін жарықтандыру және осы көшеге салынған тротуар сапасыз жасалғанын да сынға алды. Бесағаш ауылының ортаңғы көшесіне тартқан канализацияның себебінен көшедегі асфальттың бұзылғаны, оны қайта ретке келтіру жұмыстары жүзеге аспағанына да жұрт ызалы. Ауыл тұрғындары тарапынан көтерілген мәселелер депутаттардың назарынан тыс қалмайтыны анық. Жиынды мәслихат хатшысы Ж.Еңкебайұлы қоры-тындылады.

Райхан Азимова,
«Талғар».