Жуырда ауданымызға ҚР еңбек және халықты әлеуметтік қорғау вице-министрі Нариман Мұқышев арнайы іссапарымен келді. Жоғары лауазым иесі бұған дейін де маусым айының ортасында ауданымызда болып қайтқан еді. Бұл жолы да ол жергілікті жұмыспен қамту орталықтарына бас сұғып ондағы жұмысты өз көзімен көріп, тұрмысы төмен отбасыларына үкімет тарапынан тағайындалатын АӘК-ің тиісті деңгейде жүзеге асырылуына жіті назар аударды.
Мемлекеттік қызметтер мониторингі және ақпараттық технологиялар бөлімшесі мен аудандық жұмыспен қамту орталығының ұйымдастыруымен өткізілген бұл күнгі семинар-жиынға вице-министрмен бірге әлеуметтік көмек департаментінің директоры Асет Шонов, цифрландыру және ақпараттандыру технологиялар департаментінің директоры Дамир Иралимов және Алматы облысы жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар басқармасының маманы М.Сүлейменов те қатысып, АӘК тағайындау мәселесіне байланысты қойылған сауалдарға түсініктемелер беріп, сын-ескертпелер айтты.
Мемлекеттік қызметтер мониторингі және ақпараттық технологиялар бөлімшесі мен аудандық жұмыспен қамту орталығының ұйымдастыруымен өткізілген бұл күнгі семинар-жиынға вице-министрмен бірге әлеуметтік көмек департаментінің директоры Асет Шонов, цифрландыру және ақпараттандыру технологиялар департаментінің директоры Дамир Иралимов және Алматы облысы жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар басқармасының маманы М.Сүлейменов те қатысып, АӘК тағайындау мәселесіне байланысты қойылған сауалдарға түсініктемелер беріп, сын-ескертпелер айтты.
Аталмыш жиынға аудан әкімінің орынбасары Д.Алғатбекұлы, бірқатар бөлім басшылары, мемлекеттік қызметтер көрсетумен айналысатын сала мамандары, Талғар қаласы мен ауылдық округ әкімдерінің орынбасарлары жиналды. Семинар-жиынды аудан әкімі Рыскелді Сатбаев ашып, алыстан ат терлетіп келген лауазым иелерімен таныстырды. Бүгінгі таңда аудан бойынша АӘК тағайындау мәселесіне орай көптеген жұмыстар атқарылып жатқанын тілге тиек еткен аудан басшысы алғашқы сөзді вице-министр Нариман Нұрланұлына берді. 2019 жылдың 1 сәуірінен бастап елімізде атаулы әлеуметтік көмектің жаңа форматы енгізілгені белгілі. Әлеуметтік көмек – аз қамтылған азаматтарға және табысы төмен отбасыларға, соның ішінде көпбалалы отбасыларға берілетін ақшалай төлем. Жаңа форматқа сай қоғамның ең әлжуаз, яғни тұрмысы төмен отбасыларына көрсетіліп жатқан қолдаудың маңыздылығына тоқтала келе, вице-министр әлеуметтік келісім шарт негізінде отбасының ересек мүшелерін жұмысқа тартуды, сол арқылы әлеуметтік көмекке деген мұқтаждықты біршама бәсеңдету керектігін қадап айтты. Бұл орайда әрбір отбасының әлеуметтік жағдайы туралы мағлұматты қамтитын әлеуметтік карта, ондағы өмір жағдайындағы қиындықтарды айқындайтын бес деңгей бойынша нақты жұмыстар жүргізудің маңыздылығын тілге тиек етті. Атаулы әлеуметтік көмек алуға өтініш берген адамдардың (отбасылардың) материалдық жағдайына тексеру жүргізу үшін тиісті әкімшілік-аумақтық бірліктер әкімдерінің шешімімен құрылған арнайы учаскелік комиссиялардың жұмысына қойылатын талаптар туралы да сөз болды. Вице-министр мәліметіне сүйенер болсақ, осы маусым-шілде айларында еліміздің бірқатар облыстарында, оның ішінде Алматы облысында АӘК алуға тіркелгендер саны 80 пайызға артқан. Мұның себеп-салдарын анықтауға тырысқан вице-министрдің сауалына аудан әкімі түсінік берді. Іргелі мегаполюс саналатын – Алматы қаласына жақын орналасқан Талғар, Іле, Қарасай және Еңбекшіқазақ аудандарындағы ішкі көші-қон, сонымен қатар уақытша тіркеуге тұру нәтижесінде әлеуметтік тұрғыда аз қамтылған отбасылар саны күрт өсіп отырғандығын алға тартты. Мәселен, осыдан екі жыл бұрынғы мәлімет бойынша аудан аумағында 198 мың адам тіркелген болса, бүгінде халық санының өзгерісін электронды түрде бақылайтын «е-халық» ақпараттық жүйесі бойынша 257 мың тұрғын бар. Аудандық халықты жұмыспен қамту орталығының бас маманы Бекжан Тұрсын халықты әлеуметтік қолдауға бағытталған бағдарлама аясында атқарылып жатқан жұмыстармен қатар орын алып отырған қиындықтарды да айтып өтті. Талғар ауданы бойынша 4973 адам атаулы әлеуметтік көмек алуға сұраныс білдірген, оның ішінде 3133 көп балалы аналар. 2019 жылдың 01 шілдесіне 4043 адамға атаулы әлеуметтік көмек тағайындалып, 2445 көп балалы ана атаулы әлеуметтік көмек алды. Б.Тұрсынның мәлімдеуінше бірқатар ауылдық округ әкімшіліктерінде жұмыс жасайтын аталмыш сала мамандарының компьютер техникаларының ескілігі де жұмысқа қолбайлау болып отырған көрінеді. Бұл мәселе де вице-министрдің назарына алынды. Жуық арада министрлік тарапынан Алматы облысы әкімдігіне бір мың компьютер техникасы жіберілетінін, осы мүмкіндікті қалт жібермей жаңа техникаға сұраныс жасау керектігін ұсынды. Семинар-жиын барысында жиналғандар тарапынан бірқатар сауалдар қойылып, мамандардан тұщымды жауаптар алды. Жиынды аудан әкімі Р.Сатбаев қорытындылады.
Райхан АЗИМОВА,
«Талғар».