Бұқараның тілін жаңа әліпбиге үйрету жұмыстарының басталғанына біршама уақыт болды. Латынға өтуді ақырзаманмен теңестіріп жүрген ара-кідік пікір айтушылар да алғашқы райларынан қайтып, бұл қаріптің қоғам ғаріп болмасын деген тілектен туғанын түсінген. «Жеті рет өлшеп, бір рет кесетін» атаның жолымен латын әліпбиінің қай нұсқасында да халық пікірі қатаң ескерілді. Себебі, «Ел екшеп, текшемей жаңа әліпбиді қабылдамаңдар», – деп Елбасының өзі ескерткенді. Тәуелсіздік алғаннан бері талай мәрте
мінберден айтыла-айтыла ақыры нақты қолға алынған латын әліпбиінің ел назарына ұсынылып, електен өтіп қабылданған нұсқасы төңірегіндегі жұмыстар бірізділікке түсті деп қуанғандардың қатары күннен-күнге толығып келеді.
Жобаны қабылдап, қарекетке кіріскендердің бірі ұстаздық жолда 30 жылға жуық тəжірибесі бар, бастауыштың білікті маманы Лəйлə АБЫЗОВА. Ана тілдің кем-кетігін кез-келген сарапшыдан кем білмейтін Лəйлə апай латынға өтеміз дегенде бөркін аспанға ата қуанды. Кеңестік кезеңнің қатаң қағидасынан өткен ұстазға бұл оң жамбасына келгендей. Бірден сөзден іске кірісіп, латын қарпінде жазылған даярлық тобына арналған ƏЛІППЕ құрастырды. Апайға жолығып, «бəрекелді» дегізер бастамасы жайлы біліп қайттық.
– Уақытыңызды бөліп, сұхбатқа келіскеніңізге алдымен рахметімді айтамын. Бірден келген шаруама көшейін. Мұндай əліппе жазу қалай ойыңызға келді?
– Бұл кеше, не бүгін ойға келген шаруа емес еді. Бəрі түсінікті болуы үшін өткенге шегініс жасап, əңгі-мені əріден бастайын. Семейде институтта оқып жүргенде көкірекке түйгені көп профессорлардың
дəрістерінен қалмауға тырысатынмын. Сонда ол кісілер «Араб, латын жазуымен жазылған жəдігерле-ріміз өте көп. Оның бəрі ағармай жатыр. Кейін жарыққа шыққанда оқитын маман таппай қаламыз. Сон-дықтан осы алфавиттерді оқып, үйреніп алыңдар» дейтін. Ол кезде кеңестік жүйе. Сонда біздің көкіре-гімізге ұлт əдебиетіне, мəдениетіне деген шырағданды жаға білген екен ғой ұстаздарымыз. Қазіргідей қолжетімді интер нет деген жоқ, кітапханаларда да қалаған материалды «ала ғой» деп ұстата салмайды. Ақыры мен сол профессордың соңынан қалмай жүріп А.Байтұрсыновтың алфавитін жазып алдым. 1912, 1927 жылғы жазылған төте жазу болатын. Қасында кирилше, латынша қалай оқылатыны да анық көрсе-тілген. Соны жата-жастана жаттап жүріп арабша сауатым ашылды. Диплом алған соң жолдамамен Шығыс Қазақстан облысына жұмысқа барып, негізгі мамандығым бойынша еңбек ете жүріп араб əліпбиі туралы сауатымды өз бетімше жетілдіре түстім. Қолымда əрең дегенде қолға түсірген Қытайдан келген əліппе бар. Кейін еліміз тəуелсіздік алып, «кириллицаны өзгертеміз, төл алфавитіміз болады» деген
мəселе көтеріліп жатқан кезде біржақтылық болған жоқ қой. А.Байтұрсыновтың əліпбиі ме, жоқ латын ба, əлде орхон таңбалары деп ғалымдардың даурығып жатқан кезі. Сосын мектеп директорымыз мені «Араб графикасы енгізілсе қапы қалмайық» деп Алматыға республикалық білім көтеру институтына арабша білгенімді тереңдетуге жіберді. Білімімді жетілдіріп келген соң да сегіз жыл балаларға араб əріптерін үйреттім. Қазақ əліппесі негізінде қолдан суреттер салып, əліппе жасадым. Қазақстандағы
төте жазумен шығатын жалғыз басылым «Шалқар» газетін жаздырып алатынмын. Газет негізінен қазақтар ең көп шоғырланған Қытай Халық Республикасындағы қандастарға арналғандықтан солар қолданып жүрген төте жазумен (араб графикасы негізінде) шығарылып, айына 2 рет жарық көріп отыратын. Сол газеттегі мəтіндерді оқып, талдайтынбыз. Қазір сол оқытқан баларымның көбі мешітте, дін саласында жұмыс істеп жүр. Үнемі хабарласып, хал-жағдайымды біліп, рахметін айтып отырады. Оларға мен Құранды оқытқан жоқпын. Оларға мен А.Байтұрсыновтың төте жазуын оқыттым. Олар кейін өз беттерінше дамытқандары ғой. Бертін келе ОрхонЕнисей жазбаларын зерттей бастадым. «Ана тілі» газетіне бір ғалымның, атын ұмытып тұрмын, сына жазуымен жазылған 28 əріптен құралған Орхон таңбалары шықты. Мен сақтап жүруші едім. Кейін көшіп-қонып жүріп жоғалтып алдым. Əлі де осы сына
жазуын зерттеуді бастасам деймін Алла күш-қуат берсе.
– Ол кезде латын əліпбиі туралы сөз қозғалмап па еді?
– «Біртұтас түркі алфавитін» енгізу туралы сөз болып жатқанын баспасөзден оқып жүрдік. Қазақ тілінің əліпбиі негізінен нақты саяси себептермен өзгеріп отырғанын бүгін ашық айтып жүрміз ғой. 1929 жылдан 1940 жылға дейін латын əліпбиінің негізінде жасалған жазу үлгісін қолдандық емес пе? 1940 жылы «белгілі себептермен» кириллицаға көшіп кеттік. Сонау 2007 жылдары Елбасымыз тіл саласының
мамандарына «оң-солын бажайлаңыздар» деп тапсырма бергенде латынның бекитінін білдік қой. Əліппе жасау туралы түбегейлі ой сол кезде келді. Түбі келетін əліпбиге осы уақытқа дейін бекерден-бекер уақыт құрттық. Енді кешіктірудің қажеті жоқ деп ойлаймын.
– Оқулықты жазуды қашан бастадыңыз? Көмектескен тіл жанашырлары болған шығар?
– Дəм айдап Талғарға көшіп келген соң маза бермеген ойымды жүзеге асыруға шындап кірістім. Осы ауданда тіл мəселесіне келгенде аттан түспейтін «Қазақ тілі» қоғамының мүшесі Гүлнəр Мамырбаевамен,
аудандық мəдениет жəне тілдерді дамыту бөлімінің басшысы Фарида Бегенбаевамен таныстым. Қайтсек қазақтың көсегесін көгертеміз, қайтсек ана тілімізді сақтап қаламыз деген ортақ мақсат біріктіріп, тығыз жұмыс жасап кеттік. Идеямды бірден қолдады. Сол кезде аталмыш қоғам əлеуметтік жобалар бойынша берілген тапсырысты ұтып алған кезі екен. Соның бір тарауында латын əліпбиін насихаттайтын іс-шаралар өткізу тапсырылыпты. Менің де айымның оңынан туған сəті осы болса керек. Латын əліпбиіне көшуде келелі жұмыстар жасап, көш бастап тұрған А.Байтұрсынов атындағы Тіл білімі институтына барып, оларға жоспарымызды айттық. Əлі нақты нұсқа бекітілмесе де олар жолымды кескен жоқ. Біздің өңірге бекітілген аталмыш институттың аға ғылыми қызметкері, филология ғылымдарының кандидаты
А.Əмірбекова, аудандық «Қазақ тілі» қоғамының əдіскері Г.Мамырбаева жəне мен үшеуміз соңғы — акутты нұсқа қабылдана салысымен бірден іске кірісіп кеттік. Өзім қызмет істеп жүрген Талғар гуманитарлықэкономикалық колледжінде Айдос Əукен деген талантты жігіт бар. Тоғызқұмалаққа
қатысып, түрлі жарыстардың жеңімпазы болып жүретін. Менің нұсқаулығыммен тоғызқұмалақтың ережесін көрнекі суреттермен құрастырып шығарған болатын. Көзі нашар көрсе де көкірегі ояу, жауапкершілігі жоғары, компьютерден білері көп болғандықтан Айдосқа өтініш айтып, тəуекел деп əліппені бастап кеттік. Өзіміз оқыған əліппені басшылыққа алдық. «Сауат ашу» деген бар ғой қазір. Соны құрастырғандарға таң қаламын. «И» деген əріпті өтеді де сол əріпке байланысты, «инелік, ине, шие» деген сөздерді жазып қояды. Балаға ол жерде «И» əрпінен басқасы таныс емес. Сөзді оқу үшін ол «Н», «Е», «Л» сынды əріптерді де өту керек қой алдымен. «И»-дің өзімен бірінші рет танысып тұрған бала қалған əріптерді өтпей жатып қалай сөз құрайды? Көпжылдық тəжірибем бола тұра менің осыған сауа-тым жетпеді шыны керек. Келесі бетте «З» тұр. Сөздерде алдыңғы сабақта өткен «И» жоқ. Яғни бала «И» əрпі туралы алған мағлұматын ұмытып үлгереді. Жүйелік жоқ. Бір-бірімен байланысы жоқ. Жеке-жеке əріп. Ескі əліппемізде сабақтастық болатын. Латын қарпіндегі əліппені жасағанда да бұрынғы əліппені пайдаланғаным сондықтан. Сөйтіп Айдос екеуміз əліппені жасап, баспадан 50 дана қылып басып шығар-дым. Дизайны институтпен келісілді. Өз қалтамнан қаржы шыққандықтан əзірге аз данамен шектеліп
отырмыз. Бірақ болашақта қолдаушылар табылатынына сенімдімін.
– Оқулығыңызды парақтап отырсам, латын қарпін жаңадан үйренушілер үшін таптырмас оқу құралы екен. Бірақ таныстырылымы, насихаты кемшін сияқты. Жалпы латын тілі туралы жүйелі насихат ақсап жатқан жоқ па? Қалай ойлайсыз?
«Түбін білмеген түгін білмейді» дегіңіз келеді ғой… Меніңше, ақпараттық-насихат жұмыстары жеткілік-ті. Республикалық деңгейде де, облыстық, аудандық деңгейде де. Тек санамыз өтірік құндылықтарға
алданып қалғандықтан, қорқыныш, үрей бар. Жастарды жалған ұраннан алшақтата алмай келеміз. Елбасының ««Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» деген мақаласында осы сананы жаңғырту деген мəселе өткір қойылып отырғандығы да сондықтан болар. Тілге жасалған реформа – санаға жасалған
реформа деп түсінемін. Жəне осы мəселе төңірегіндегі жалпыхалықтық қолдауды əлі де болса күшейту керек деп ойлаймын.
– Биылғы оқу жылында латын тілін үйретіп, студенттерге сабақ берген екенсіз. Қанша бала үйреніп шықты?
– 3-4 айдың ішінде1-3 курс аралығындағы 200-дей бала оқыттым. Балалардың қызығушылығы ерек негізі. Өйткені олар ағылшын тілін біледі, оқу, жазу оңай. Қорытынды диктантта бəрі жақсы нəтиже
көрсетті.
– «Бұл – тəуелсіз ел жастарының мəселесі. 40-тан асқандарды əліпбиге араластыруды қою керек» деген пікірлерді құлағымыз шалды? Сіздің бұл пайымға не айтарыңыз бар?
– Бұл парадокс қой. Əліпбиді ауыстыру туралы бастама көтеріп, билікке жобаларын ұсынып жатқан сол егде жастағы адамдар ғой. Меніңше жаңа əріптерді үйренуге жастардан гөрі ересектер құлықты сияқты. Жастардан қалып қойып, ұятқа қалмайық, өзіміз үлгі көрсетейік деп талпынып жатыр. Ағылшын тілін оқыған жастар онсыз да шемішкеше шағып жатқан сықылды. Тек біріміз латын қарпіне қолдау танытып, бірі кириллицада қалуды көздеп жіктеліп кетпегеніміз жөн. Онсыз да жүзге, руға бөлінуге келгенде
алдымызға жан салмайтын халықпыз ғой.
– Латынға өтсек əдебиеттердің бəрі оқылмай қалады деген қауіп бар. Бұған қалай қарайсыз?
– Қазір технология дамыған, баспа ісі де сол алғышартпен дамып жатыр. Сондықтан құнды, керекті ғылыми еңбектер мен методикалық құралдарды аудару қиынға соқпайды деп ойлаймын. Кезінде «Ленин мен Сталиннің идеясын алып тастаймыз» деп бүкіл біздің бала кезде оқыған кі тап ханамызды түп-түгелімен өртеген еді. «Ленин, Сталин» деген сөз болса болды, көзін жойды. Мазмұны ешкімді алаңдат-қан жоқ. Қаншама экономикаға қатысты ғылыми еңбектер кетті.
– Болашақтағы жоспарыңызбен бөлісе отырсаңыз?
– Биылғы оқу жылынан бастап өзім қызмет етіп жүрген колледжде латын тілінде оқытуды бастап кетсек пе деген ниет бар. Жаңа əліпби негізіндегі емле ережелері бекітілді. Сол ереже бойынша жұмыс жасай-мыз. 2020 жылды күтпей-ақ жұмыс істей беру керек. Болашақта кирилше, латынша, арабша, орхонша құрастырмалы əліппе шығарғым келеді. «Сен білесің бе?», болмаса «Əліппе тарихы» деген сияқты
эициклопедиялық кітап даярласам ба деймін. Кей балалар ізденіп, оқып, бəрін білгісі келіп тұрады ғой. Солар үшін дайын материал болсын дегенім ғой.
– Сұхбатыңызға рахмет. Бастамаңызға сəттілік тілеймін.
P.S. Қазақтың жаңа əліпбиі айбары ғана емес əлем өркениетіне сүбелі үлес қосар айғағы іспеттес. Өзге түгілі өз жұртымыз күмəнмен қарайтын «қасиетті» қою керек. Ұлы мұрат жолында жұмыла жұмыс
істеу «Мəңгілік елдің» маңызды қадамы болмақ. Қай-қайсымыз да осы қадамды бас таған қарапайым ғана ұстаздың ұлтжандылығынан үлгі ала білсек, ұтылмайтыныныз анық.
Меруерт ДҮЙСЕНҒАЛИЕВА,
«Талғар».