Қазақ халқының өмір сүру дағдысы, тұрмысы, салт-дәстүрі жайлы білу, соны сақтап кейінгі ұрпаққа мұра ету алдыңғы буынның парызы. Елбасы өзінің «Ұлы даланың Жеті қыры» мақаласында, төл тарихын білетін, бағалайтын және мақтан ететін халықтың болашағы зор болады деп сенетінін және өткенін мақтан тұтып, бүгінін нақты бағалай білу және болашаққа оң көзқарас таныту — еліміздің табысты болуының кепілі екенін айтқан болатын. Бұл мақала осыдан бір жыл бұрын жарық көрген «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру » бағдарламасының жалғасы болып табылады. «Ұлы даланың жеті қыры» мақаласы қазақ халқының өзге халықтардан ерекшелігі мен артықшылықтарын айтарлықтай көрсеткен, санаға серпіліс берер мағынаға толы. Елбасының бұл шығармасын киелі санмен байланыстыруын да үлкен мән жатыр. Жалпы жеті санын киелі сан санаған халқымыз бірқатар таным-түсінігі мен табиғат құбылыстарын, аспан денелерін жеті санымен атап, ата заңдарына, салт-дәстүріне арқау етіп келеді.
Өткенді білмей болашаққа бағдар жасау мүмкін емес. Болашаққа бұлыңғырсыз аяқ басу үшін тарихымызды жаңаша жандандыруымыз қажет. Осы мақсатты көздеген аудандық мәдениет және тілдерді дамыту бөлімі тарғыл тасы мен тауы тарихқа толы, табиғаты тамылжыған қасиетті Талғар топырағындағы «Ғұндар» этноауылында Елбасының «Ұлы даланың жеті қыры» мақаласы аясында «Ұлттың рухы — ұраным» атты игілікті шарасы мен «Рухани жаңғыру: болашаққа бағдар» бағдарламалық мақаласының жарық көргеніне екі жыл толуына орай өткен «Қазақтың қара жорғасы» би байқауының жеңімпаздарын марапаттау салтанаты өтті. Игі шараға ауданымыздың мәдениет саласының майталмандары, әжелер ансамблі, қолөнер шеберлері, жас өнерпаздар қатысты. Аудандық кітапхана ұжымы ұлы даламыздың жеті қырын ашып, сыр шертетін кітаптардан көрме қойса, нұралық қолөнершілер кілем тоқу өнерін паш етті. «Ғұндар» этноауылы аты айтып тұрғандай ұлттық салт-дәстүріміз бен тарихымызды дәріптеп жүрген жүрген ұлтжанды азаматтардың еңбегінен туындаған қалашық. Жиылған қауымды құрақ ұша қарсы алған қалашық ұжымы көпшілікке ат ойындарын ұсынды. Ұлы дала төрінде тарихы тереңде жатқан атқа міну мәдениеті бүгінде спорт пен салт-дәстүрден бөлек, дертке шипа екені де дәлелденген. Сондықтан ат үстінде түрлі ойындарды көрсетіп, қыз қуу, аударыспақ пен теңге ілуді жандандырып жүрген жас шабандоздардың шеберлігі көпшілікті таң-тамаша етті. Содан кейін салтанатты шара басталып кетті.
Жиылған көпшілік алдында сөз алып, Елбасымыздың бағамдық бағдарламалары мен тың мақалалары туралы ойымен бөліскен аудандық мәдениет және тілдерді дамыту бөлімінің басшысы Фарида Бегенбаева ұлы даланың жеті қырындағы алма мен қызғалдаққа бай өлке екенімізді, Ұлы Жібек жолының Талғар топырағынан өткенін, «Алтын адамның» көрші ауданнан табылғанын тілге тиек етіп, осы тарихи құндылықтарымызды сақтап, келер ұрпаққа аманат ету баршамыздың парызымыз екенін жеткізді. Сөз соңында «Рухани жаңғыру: болашаққа бағдар» бағдарламалық мақаласының жарық көргеніне екі жыл толуына орай өткен «Қазақтың қара жорғасы» би байқауының жеңімпаздары мен ауданымыздың мәдениетін өркендетуге үлес қосып жүрген бірқатар мекемелер мен өнерпаздарды марапаттады. Балалар бойындағы шығармашылыққа деген талпынысты арттырып, олардың дамуына қолдау көрсетіп, ұлттық би өнерінің кең ауқымда өрбуіне ат салысып, өскелең ұрпаққа рухани байлығымызды дәріптеу, ұлттық тәлім-тәрбиені жастардың бойына сіңіре отырып, эстетикалық сана-түйсінігінің терең қалыптасуына, ізгілік пен адамгершілікке баулып, ұлтымыздың мәдени өнер саласындағы жетістіктерін насихаттап, оның өркендеуіне ықпал жасау мақсатында өткен би жарысына ауданымыздың бишілері қатысып, бар өнерлерін ортаға салған еді. «Ару» би мектебі, «Шабыт» би тобы, «Шағала» би тобы, Бекен Жанна, Айбынқызы Мадина, «Айгүл» би ансамблі, «Дансе студио Малика», «Наз» би тобы, «Ару» би ансамблдері жүлделі орындарды иеленіп, «Дипломдармен» марапатталып, сыйлықтарға ие болды. Сонымен қатар Елбасының «Ұлы даланың жеті қыры» бағдарламалық мақаласы аясында өткізілген мәдени-көпшілік шараларға белсенділікпен қатысып, ұлттық өнердің өркендеуіне зор үлес қосқан «Әжелер шуағы» ансамблі, «Нұрай» әжелер ансамблі, «Аудандық кітапхана» ұжымы, «Талғар» газетінің ұжымы, Набат Ойнарова, Айгүл Андасбаева, Несіпбала Курманова, Алтай Қыдырбаева, Айнұргүл Мерейханқызы, Төлеухан Құмарбек, Батырхан Исаев, Гүлжан Тусубияноваларға да бөлім басшысы «Алғыс хатын» тапсырып, сыйлықтарын ұсынды. Әрі қарай концерттік бағдарламаға кезек беріліп, ауданымыздың мәдениет саласының қызметкерлері мен жас өнерпаздар тамылжыған әндерін шырқап, мың бұралған билерімен көпшілікті тәнті етті. Тамаша табиғат аясында өткен игілікті шарадан жиылған қауым мол әсер алып тарасты.
Перизат Нұрқаева,
«Талғар».