Алматы облысында көктемгі су тасқынының алдын алу шаралары қатаң бақылауда. Осы бағытта, төтенше жағдай қызметі, азаматтық қорғаныс және жергілік әкімдік бірлесіп, біршама жұмыс атқарған. Бұл жөнінде Төтенше жағдайлар департаменті мамандары баспасөз -мәслихаты барысында мәлімдеді.
Су тасқыны кезеңіне дайындық жұмыстары аясында 2285 шақырым арық, 2156 шақырым канал, 100 мың текше метр қар елді мекендер аумағынан шығарылып, 5 мың шақырым арық іші қоқыс, топырақтан аршылған. Сонымен қатар, су өткізу құрылғылары да тазаланды. Күннің күрт жылынуымен өңірде өрт қауіптілігі де арта түскен. Көктем маусымы басталысымен облыс көлемінде құрғақ шөптің өртенуіне қатысты 300- ден аса жағдай тіркелген. Қызыл жалын 500 гектар аумақты шарпыған.
ТЖД қызметкерлері су тасқының алдын алумен қоса, жазғы шомылу маусымына да қызу дайындық жүргізіп жатыр.
Айта кетейік, өткен жылы 60 адам суға батып кеткен. Оның 15-і кәмәлет жасына толмаған жасөспірімдер. Қайғылы жағдай шомылуға рұқсат етілмеген жерлерде және мас күйінде суға түсу себептерінен орын алуда.
«Алматы облысының аумағында Алакөл, Балқаш көлдері және Қапшағай су қоймасы сияқты үш негізгі су айдындары орналасқан. Жазғы уақытта демалушылардың негізгі ағыны Алакөл көлі мен Қапшағай су қоймасына келеді. Судағы төтенше жағдайлардың себептері ТЖД құтқарушылары бақылауға алмаған су қоймалары аумағында азаматтардың демалыс ұйымдастыруы, судағы қауіпсіздік ережелерін білмеуі немесе сақтамауы, жүзе білмеуі,балаларды үлкендердің бақылауынсыз қалдыруы болып табылады», – деді Алматы облысының ТЖД бастығының орынбасары С. Тұраров.
Талғар-ақпарат