Осы аптада аудандық кітапхананың оқу залында Алматы облыстық Ішкі саясат басқармасының ұйымдастыруымен Конституция күніне орай Елбасы Н.Назарбаевтың Қазақстан халқына арнаған Жолдауының басым бағыттары мен «Мәңгілік Ел» идеясын ілгерлету мақсатында білікті мамандардың қатысуымен семинар кеңес өткізілді.
Маңызды басқосудың мақсаты: Қазақстан Президенті Н.Назарбаевтың халыққа арнаған Жолдауында айқындалған басым бағыттар мен «Мәңгілік Ел» идеясын жүзеге асыруға негізделген келелі міндеттерді бағамдай отырып, мемлекеттің зайырлы құрылымын күшейтуге,қоғамдық саяси ахуалдың тұрақтылығын қамтамасыз етуге және ұлтаралық қарым-қатынастарды нығайтуға бағытталған ақпараттық түсіндіру шараларын жүзеге асыру болып табылады.
Атаулы іс-шараға аудан әкімдігінің қызметкерлері, депутаттар, ҮЕҰ жетекшілері, құқық қорғау органдарының және БАҚ өкілдері, жастар қатысты. Семинар жұмысын Алматы облысы ішкі саясат басқармасы басшысының орынбасары Жаныс Сапарғалиев кіріспе сөзбен ашып, әрі қарай да жүргізіп отырды. Жиналғандар алдында алғашқы болып ҚР Ұлттық Қауіпсіздік Комитеті Академиясының оқытушысы Руслан Иржанов тұщымды баяндама жасады. Кез келген мемлекеттің тәуелсіздігін, демократиялық құндылықтарын айқындайтын негізгі құжат – Конституция болып табылатынын, әрі онда мемлекеттің барлық құрылымдарының, жеке азаматтардың, ұлт пен ұлыстардың, әлеуметтік топтардың мақсаттары, міндеттері, құқықтары көрсетілетінін айтты. Өз баяндауында ол дәйекті дәлелдер мен тарихи фактілерді келтіре отырып, адамзат тарихындағы Конституцияның маңызы мен мәніне кеңінен тоқталды. Қазақстанның тәуелсіздік жылдары тұңғыш рет 1995 жылы бүкілхалықтық талқылауға салынып, ел пікірі кеңінен ескеріліп қабылданған Ата Заңымыздың ел дамуындағы тарихи рөліне тоқтала келе, бүгінде Қазақстанның Конституциясы әлемдегі жалпы адамзаттық құндылықтарды дәріптейтін ең үздік Конституцияның бірі болып саналатынын тілге тиек етті. Осыдан соң, Руслан Самарханұлы Конституциялық құрылымды нығайтудың негізгі бағыттары жайында,білім, ақпараттық кеңістік, сөз қаруы, идеология жұмысының сатылары туралы түсінік берді. Проектор арқылы «Сила слова», «Жалған сөз, жалған ақпарат» тақырыптары бойынша видеороликтер көрсетілді. «Жау жоқ деме жар астында» деп тегін айтылмаған, қоғамның ішкі тұрақтылығына нұқсан келтіруге бағытталған сыртқы күштердің құйтырқы, жымысқы әрекетінің алдын алып, оған қарсы тұрудың жолдары мен әдіс-тәсілдерін саралап өтті. Келесі кезекте ҚР Ұлттық Банкінің Алматы облыстық филиалының бөлім басшысы Бағлан Диханчинов «Президенттің бес әлеуметтік бастамасы» үндеуінде айтылған бірінші әлеуметтік бастаманы іске асыру шеңберінде әзірленген«7-20-25» бағдарламасының тиімділігі мен шарттары туралы түсінік берді. Осы бағдарлама аясында алдағы уақытта Талғар ауданында 27 үй салынатынын алға тартты. Бұл дегеніміз, үйсіз-күйсіз жүрген көптеген отбасылары баспаналы болуға мүмкіндік алады. Кездесу соңында жиналғандар тарапынан бірқатар сауалдар қойылып, оған мамандар жауап берді. Семинар жұмысын қорытындылаған Жаныс Құдайбергенұлы мәні кең іс-шараны ұйымдастыруға атсалысқандар мен қатысушыларға ризашылығын білдіріп, алдағы уақытта да жоспарға сай осындай маңызды іс-шаралар өз жалғасын табатынын айтты.
Райхан АЗИМОВА
Талғар-ақпарат