Дін өкілдері семинарда бас қосты

Дін өкілдері семинарда бас қосты

Дін-имандылығымыздың қайнар бұлағы, берік тірегі. Атақты  философ Анри Бергсон : «Өткен тарихта және заманымызда ғылымды, пәлсапаны білмейтін қоғамды кездестіруге болады, бірақ дінсіз қауым болмайды» деген екен. Расында да,  діни сенім-наным адамзат жаралғалы бері  бірге жасасып келе жатқан әлеуметтік, дүниетанымдық, саяси және психологиялық құбылыс. Ал ислам діні Жаратушы Аллаһ тарапынан күллі адамзатқа  жіберілген тура жол, ең кәміл, хақ дін. Ислам сөзінің түп-тамыры «салима», «юслиму», яғни бейбітшілік, амандық, тыныштық деген  мағынаны білдіреді.  Ислам діні отбасында, қоғамда,жалпы мемлекетте  татулық  пен  әділдік болуын көздейді.Өкінішке орай, бүгінгі таңда әлем жұртшылығын алаңдатып отырған экстремистік, террористік ұйымдардың қанқұйлы әрекеті асыл дінімізге күйе жағуды көздеп отыр. Терроризм сөзінің мағынасы «қорқыныш, үрей тудыру» болып табылады. Олардық ұстанған қағидасы, амал-әрекеттері ислам құндылықтарына  үш қайнаса сорпасы қосылмайтыны айдан анық.  Осындай араңдатушы топтар  өз қатарына дін туралы білімі, түсінігі таяз жандарды, көбінесе  оң-солын әлі бағамдай қоймаған албырт жастарды  тартуға тырысады.  Айла-тәсілдері де сан алуан. Әсіресе  ақпарат  айдынындағы  ғаламтор  желілері бойынша ра­дикалды идеологияның таралуы не­гізгі проблеманың бірі болып отыр. Осыған орай, Мем­ле­кет бас­шысы Н.Ә.Назербаев  Қазақстан хал­қына арналған Жолдауын­да: «Діни экс­тремизмді насихат­тау­дың алдын алу, әсіресе, интернет пен әлеуметтік желіде оның жолын кесу жұмысын жүргізу керек. Қоғам­да, әсіресе, діни қарым-қа­тынас сала­сын­­дағы радикалды көз­қарасқа бай­ла­­нысты кез келген әре­кетке «мүлде төз­­беушілікті» қалып­тас­тыру керек», деген  еді.
Ұлттық қауіпсіздік комитетінің мәлі­мет­теріне қарағанда, қазіргі кезде ді­ни-идеологиялық және террористік әре­кеттердің әдіс-тәсілдерін оқытып-үй­рететін интернет-ресурстар желісі кө­бейіп кеткен. «Ауырып ем іздегенше, ауырмайтын жол ізде» деген қағиданы қалт жібермей, қоғам тұрақтылығы мен тыныштығына залалын тигізетін теріс ағымдар, секталардың, радикалды топтардың іс-әрекетіне  тосқауыл қою шаралары  қолға алынып,  ақпараттық-нәсихат жұмыстары жүйелі түрде  жүзеге асырылып келеді.

Жуырда Алматы облысы дін істері басқармасы , «ҚР лаңкестік және экстремизм мәселелерін зерттеу орталығы» қоғамдық қорыныңбірлесе  ұйымдастыруымен Талғар қаласындағы «Тау самалы» қайырымдылық қоры мекемесінің ғимаратында Алматы өңіріне қарасты аудандардың мешіт имамдарымен оқыту курсы өткізілді. Білім көкжиегін  кеңейтуге бағытталған үш күндік оқу  курстарына   қатысушылар   діни экстремизм мен терроризмнің алдын алу мәселелеріне қатысты тақырыптар аясында дәріс алды. Семинардың алғашқы легі  Талдықорған өңірінің имамдарымен өткен болатын.  Бұл орайда, мұсылман жамағатымен тығыз байланыста  қызмет атқаратын имамдарға артылар   жауапкершілік жүгі салмақты.  Алматы өңірінен жиналған 50-ге жуық дін өкілдерінің қатысуымен өткен дәріс сабақтарында «Діни экстремизм мәселелері», «Дәстүрлі дін және оның лаңкестікке қарсы тұрудағы рөлі», «Дінаралық татулық-өркениетті қоғамға нық қадам» тақырыптары қамтылды. Оқыту курсында Алматы  өңірінің өкіл имамы, облыстық «Қарасай батыр» мешітінің бас имамы Қуаныш Наржанов, философия ғылымдарының докторы, профессор, Қазақстан дінтанушылар  конгресінің  төрағасы  Бақытжан Сатершинов,философия ғылымдарының докторы, профессор Қайрат Затов,дінтану РҺD докторы Құдайберді Бағашаров, ҚР ҰҚК академиясының қызметкері Болат Шоманов сынды дәріскерлер тақырып аясында  тұщымды баяндамалар жасап, тартымды ой, пайымды пікірлерін ортаға салды. Семинар жұмысының  қорытынды бөлімінде семинар имамдарға курстан өткендіктерін растайтын сертификаттар табыс етілді.

Райхан АЗИМОВА

Талғар-ақпарат