Қай шаһарға назар аударсаң да айрықша сұлулығымен көз тартатын әсем ғимараттар мен салтанатты сарайлардың, көпқабатты тұрғын үйлер мен өнеркәсіптік кешендердің көптеп салына бастағанына куә боламыз. Сәулеті жарасқан әсем нысандардың кім-кімнің болса да таңдайын қаққызып, қызығушылығын тудыратыны анық. Жетісудың талбесігі, жасыл желекке оранған Талдықорған да жыл сайын бой түзеп, әсемдігімен айшықтап келеді. Қайта өмірге келгендей жасарып, заманға сай жаңарған мекемелер әлі де бой көтеріп, жаңа ғимараттардың саны көбейе түспек.
Алыс-жақыннан келген ағайын қазіргі Талдықорған қаласының келбетін көріп, тамсанбай кетпейтіні анық. Тәуелсіз елдің арайлы таңы атқан ширек ғасырдың ішінде сүйікті қаламызда көптеген істердің іске асқаны біздер үшін зор мақтаныш. Облыс орталығын осыдан 15-20 жыл бұрынғы жағдайын сөзбен айтып жеткізу мүмкін емес. Ол кезеңде көптеген қиындық кедергі келтіретін еді. Қаржы тапшылығы жыртықты жамауға жетпейтін. Қала келбеті жайында сөз қозғау артық. Ойдым-ойдым жолдар, сыйқы қашқан көшелер…
Қазір ол жағдайдың барлығы түс сияқты өте шықты. Қала қанатын кеңге жайып, көркейді. Халықтың саны да өсіп келеді. Шаһарда тұрғын үйлермен қатар, әлеуметтік-мәдени нысандар да салынуда.
Бүгінде Журналистер үйі, Оқушылар сарайы, Жастарға қызмет көрсету орталығы, көпсалалы аурухана сынды нысандар облыс орталығының ажарын ашып, пайдалануға берілді.
Алдағы уақытта халықаралық стандартқа сай жабық жүзу бассейінің құрылысы басталады. Бұл туралы Астана қаласында өткен баспасөз мәслихатында облыс әкімі Амандық Ғаббасұлы мәлімдеді.
27 мың шаршы метр аумақты қамтитын нысан «Жастар» саябағына жалғаса, Оңтүстік-Батыс тұрғын аймағынан бой көтермек. Жаңа ғимаратта ұзындығы 50 және 25 метрлік 4 бассейн болады деп күтілуде. Сондай-ақ, үстіміздегі жылы облыс орталығына 100-ге жуық спорт нысанын тұрғызу жоспарда бар. Жалпы ауданы 10 538 шаршы метр, жалпы құны 3,8 млрд. теңгені құрайтын 510 орынға арналған драма театр, 2 жаңа орта мектеп пен 1 музыка мектебінің құрылысы басталып, ел игілігіне берілмек.
«Жастар» саябағында орналасқан сәулетті композициялар, ескерткіштер, музыкалық субұрқақ, ақиық ақын Мұқағали Мақатаевтың ескерткіші саябақтың көрікті, маңызды орындарына айналды. Таңғажайып мәдени демалыс орнында шағын сәулеттік формалар, этноауыл, кіре берістегі қақпа эскиздері, төселген гранит плиталары айрықша назарда. Саябақ орталығында бір мезетте 5 мыңнан аса адам сиятын алаң мен үлкен сахна салынып, түрлі мәдени іс-шаралар мен ауқымды деген мерекелік концерттің барлығы осында өтіледі. Қазіргі уақытта аумағы 11, 2 гектарды алып жатқан «Жастар» саябағында 1000 дана ағаш отырғызылды. Гүлзар көмкерген сән-салтанаты мен тазалығы да көрген жанның мейірін қандырады.
Ілияс Жансүгіров және Абай көшелері қиылысында әкімшілік-тұрмыстық кешенінің спорт залы салынып, іске қосылды. Сонымен қатар Талдықорған қаласын сәулеттік-көркемдік жағынан жақсарту мақсатында Д. Қонаев пен Н. Алдабергенов көшелерінің қиылысынан халқымыздың біртуар перзенті Дінмұхамед Қонаевтың ескерткіші, қаланың орталық алаңында Президент мүсіні ашылды. Орталық алаңдағы Абай көшесі бойында «Рәміздер аллеясы» іске қосылды.
Қаланың бүгінгі келбеті өзгеше. Бұл бастамасы ғана болса,-дейді қала тұрғындары.
«Талдықорған қайнаған тірлік пен көз қызықтырар сән-салтанатымен ерекшелененіп тұрады. Оның орталық көшелері де аса көрікті. Тазалығымен ерекшеленетін шағын қаламыз осы қалпында қалмай, көркейе берсе екен. Тарихы тереңге тамыр тартқан аймақтың бірі болады деген үміттеміз», -деді Әсел Нарынбаева.
«Біздің алдымызда үлкен міндеттер бар. Біз қаланың көркеюі үшін барлық жағдайды жасаймыз. Нысандардың жартысы биылғы жылы пайдалануға беріледі, ал қалғандары жөндеу құрылысы аяқталған кезде берілетін болады. Біз сапасы, дизайн жағына да аса мән берудеміз»,- деп атап өтті Алматы облысының сәулет және қала құрылысы басқармасының бастығы Қараған Нұржанов.
Ақпарат Алматы облысының
коммуникация қызметінен алынды