Жігіт сұлтаны анықталды

Жігіт сұлтаны анықталды

Қанша жерден жаһандану тілінде сайрасақ та  баба дәстүрінен бас тартып, ата салтымыздан ажырасақ ұлт болып оңбайтынымыз айдан анық.  Ұрпақтан-ұрпаққа жалғасқан ұлттық құндылықтардың ізі ешқашан суымауы керек. Ол үшін жастарға арналған шаралардың дені ұлттық дүниеге телініп, салт-дәстүрмен сабақтасып жатса, сонда ғана сөзіміз бен ісіміз бір арнаға тоғысып, толысады.

Жуырда политехникалық колледждің акт залында өткен  «Жігіт сұлтаны-2018» байқауы  осы мақсатпен үндесе кетті. «Жігітте де жігіт бар, азаматы бір бөлек» деген тәмсілге сай келіп, даралануға тырысқан қатысушылардың бойынан қазақтың жігітіне тән қайсарлықты да, сал-серілікті де аңғардық. «Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында аудандық жастар ресурстық орталығы мен «Жас Отан» жастар қанатының ұйымдастыруымен  өткен шараға бес колледждің бес жігіті қатысты.  Жастардың қоғамдағы белсенді ұстанымын қалыптастыруға, өнер, білімдерін көрсету арқылы туған жерге деген сүйіспеншілігін арттыруға бағытталған сайысқа төрағалық еткен қазылар алқасы да көпті көрген жандардан құралды. Атап айтар болсақ, Гүлдала ауылдық ақсақалдар алқасының төрағасы Нәдірбек Бекжігіт, аудандық мәслихат депутаттары С.Нұрдаулетов пен С.Құрақпаев, аудандық «Нұр Отан» партиясының кеңесшісі С.Үскібаева және аудандық жастар ресурстық орталығының жетекшісі З.Қалымбетовалар өзіндік ойымен халқымыздың сан ғасырлық әдет — ғұрпына, салт-дәстүріне құрмет көрсете білген өрелі жасты анықтауға тырысты.

«Мен Алаштың ұлымын» аталымы бойынша өзін-өзі таныстырған үміткерлер, жеті аталарын өлеңмен әрлеп, әнмен әспеттеп, жан-жақтылықтарын байқатып бақты. Кейбірі фото-слайд арқылы да ерекшеленді.  Өз өнерлерін көрсетуге келгенде  өнерлі жігіттерге қарап «Жігітке жеті өнерде аз» екендігін байқадық. Бірі ән салып, бірі би билесе, бірі көркемсөз оқу шебері екендігін паш етті. Ал енді бірі темірден түйін түйіп, өз қолымен жасаған қолөнер бұйымдарын көрсетті. 16 келілік гір тасын көтеруге келгенде қай-қайсы да өздерін жігіттің сұлтаны екендігін дәлелдеуге, ерен күштің иесі екендігін көрсетуге тырысты. Ұлттық салт-дәстүрден қойылған сұрақ пен ер-жігіт туралы мақал-мәтелді жалғастырудан тұрған төртінші бөлімде кейбірі толыққанды жауап бере алмай мүдіріп жатса, керісінше ақыл-ойы мен білімділігімен бас игізген жігіттер де табылды. Пародия жанрына негізген соңғы турда әр қатысушы өнер жұлдыздарына барынша еліктеп, сайыстың көркін қыздырып, көрермендердің қошеметіне бөленіп жатты.

Бес талапкердің ішінен өнерімен, күшімен, білімімен, шапшаңдығымен оза шапқан Талғар политехникалық колледжінің электромонтер мамандығының студенті Диас Манап «Жігіт сұлтаны» атанды. Ал авторлық әндерімен сүйсінткен экономикалық колледж студенті Нұрбол Қазыкенов екінші, биімен тамсантқан медициналық колледж студенті Дастан Құсайын үшінші орынды жеңіп алды. ТАжМК студенті Нұргелді Бақберген мен заң колледжінің студенті Дидар Кеңес арнайы номинацияларға ие болды.

Жыл  сайын жетіле түскен байқаудың басы-қасында жүрген политехникалық колледждің информатика пәнінің мұғалімі Рита Рғымбаева мен кітапханашы Гауһар Жұмағалиева да шараның мән-маңызының артуына біркісідей атсалысты. Осылайша салт-дәстүрлер жаңғырған байқауда жастар бір рухани серпіліп тарқасты.

Меруерт ДҮЙСЕНҒАЛИЕВА

Талғар-ақпарат