«Өлді деуге бола ма ойлаңдаршы, Өлмейтұғын артына із қалдырған» – деп Абай атамыз айтқандай, Мұқағали өлген жоқ, ол бізбен мәңгілік бірге, жырлары да мәңгі жасай бермек. Оған біздер Талғар агробизнес және менеджмент колледжіндегі ақынның туылған күніне орай өткен «Болашағым, сен тұрсаң, мен өлмеспін!» атты әдеби-сазды кеш барысында куә болдық.
Кешті ақын сөзіне жазылған «Бақыт деген» əннің ырғағында ашқан колледж студенттері əрі қарай жыр жолдарына кезек берді. «Алатау-Алтай-Атырау» поэмасын колледждің бірінші курс студенттері нақышына келтере орындаса, колледж оқытушысы Жəнібек Бекбауов «Құмған алған» əнін тамылжыта шырқады. Ел басына қатер төнгенде қолына найзасын алып, жоңғарларға қарсы шапқан Райымбек Хангелдіұлының ерлігін суреттейтін «Райымбек! Райымбек!» дастанында ел тарихынан сыр шертіп, қазақ батырларының
бойындағы ерекше қасиеттерді келер ұрпаққа үлгі еткен. Поэмадан үзінді қойған колледж жастары Қабай жырау мен Райымбек батырды образға ене отырып, шебер сомдап, көрерменнің жүрегіне жол таба білді. Мұқағали – өзіне дейінгі өлең өру мен жыр сомдаудағы қазақ халқының ұлттық мектептері мен дəстүрлерін жалғап қана қоймай, оны жан-жақты дамытқан, тереңдеткен, қазақтың өлең-сөзін жаңа заңғарларға көтерген, жаңа кеңістіктерге алып шыққан жиырмасыншы ғасырдың санаулы саңлақтарының бірегейі. Ақын өлеңдерін оқыған сайын ақиқат бейнелі рух, сезім мен сананың бірлігі көңілге ұялайды. Поэзияға құштар жалынды жастар ақын ағаларының отты жырларын бірінен соң бірі төгілте орындап, жиылған көпшілікті жырмен сусындатты. Сазгерлер арасында «Мұқағали өлеңдері əнге сұранып тұрады» деген пікір жиі айтылады екен. Расында, бүгінде ой жүгіртіп қарасақ, ақын сөзіне жазылған əндерді санамалап шығу мүмкін емес сияқты. Кешегі өткен Нұрғиса, Шəмші сынды біртуар композиторлардан бастап, бүгінгі жас буынға дейін Мұқағали өлеңдеріне əн жазды. Бүгінде қазақ поэзиясының Хантəңіріне айналған Мұқағали аққу-əнге айналып, қазақ көгінде мəңгі қалықтап жүргендей. Бұл күнгі сазды кеште ақынның «Көнеміз ғой», «Мен нағыз махаббатты армандаймын», «Есіңе мені алғайсың», «Сəби болғым келеді», «Отыздан асып барамын» əндері шарықтай шырқалды. Орындалған əрбір əнге дайындалған сахналық қойылымдар əннің мазмұнын ашып тұрғандай болды. Əдеби-сазды кеш «Мен деп ойла» əнімен аяқталды. Игілікті шара соңында кеш қонақтары ақын, сазгер Камнұр Тəлімұлы, аудандық кітапхананың директоры Махамбет Хармысов, Талғар қаласы əкімінің орынбасары Серік Дүмшебаев, Талғар медицина колледжінің директоры Бағжан Құдабаев, «Ақниет» арайы қоғамдық қызмет көрсету орталығының директоры Тұрлыхан Сұлтанов, аудандық кəсіпкерер палатасының директоры Ержан Тұралықов, ҚР Білім беру ісінің үздігі Серікбай Бейсенов, «Аяла» Талғар арнаулы əлеуметтік қызмет көрсету орталығының директоры Асхат Қожамқұлов пен орынбасары Жарқын Нұрғалымов, аудандық ішкі саясат бөлімінің бас маманы Гауһар Сəлімбаева, аудандық мəдениет бөлімінің бас маманы Арсен Құрманказиевтер кезекпе кезек сөз алып, əдеби-сазды кештен алған əсерлерімен бөлісіп, осындай игі шараны ұйымдастырған колледж директорының тəрбие ісі жөніндегі орынбасары Сəуле Садвакасова мен оқытушылар Толқын Нұрмуханбетова, Мария Ахметоваға, əн орындаған Жəнібек Бекбауов пен Сырымбет ағайға, сонымен қатар осы кеште бар өнерін ортаға салған колледждің өнерлі жастары Байтама Құдайберген, Нұргелді Бақберген, Əли Əденов, Нұрсұлтан Қабимолданов, Жанар Мұқанова, Əли Төлеутай, Азат Алтыбасар, Батырлан Мұқатаевтарға ризашылықтарын білдіріп, алғыстарын жаудырды. Кешті колледж директоры Жақсылық Сатылғанов қорытындылап, мəні мен мағынасы терең осындай кештердің жас ұрпақ тəрбиесінде алар орнының зор екенін алға тартып, мұндай игі шаралар алда да жалғасын таба беретінін жекізді.
Перизат НҰРҚАЕВА
Талғар-ақпарат