ЖЕҢІМПАЗ – «ҚАЗАҚ ЖАСТАРЫ»

ЖЕҢІМПАЗ – «ҚАЗАҚ ЖАСТАРЫ»

Аудандық жастар ресурстық орталығының ұйымдастыруымен Қызыл-Қайрат ауылындағы №19 көпсалалы мектеп-гимназиясында «Асқақтай бер, Астанам!» атты КТК ойыны өтті. 7-9 сыныптар арасында өткен жайдарман ойынына алты команда қатысып, тапқыр əзіл мен ұтымды қалжың арқылы өрелерін байқатты. Қатысушы командалар 7-8 минуттың ішінде бар өнерін салып, қоғамдағы өзекті мəселелер мен мектептегі жағдайларды əзілдеріне арқау етіп көрерменнің көңілінен шығуға тырысты. Өткір мəселелерді қалжыңның «басты нысанына» айналдыра отырып, ашып көрсете білген жайдарманшылар жастықтарына қарамай шынайы ойын үлгісін көрсетті. Бас қаламыздың басты ерекшеліктері де айтылмай қалмады. Аудандық жастар ресурстық орталығының жетекшісі Замира Нұрланқызы төрағалық еткен əділқазылар алқасының құрамында аталмыш білім ошағының директордың оқу ісінің меңгерушілері Л.Үсембаева, А.Есенова, тəрбие ісі жөніндегі орынбасары М.Алмабековалар болды. Нəтижесінде «Кіші Париж» командасы 3-орын иеленсе, «Қармақшы» 2-орын тұғырынан көрінді. Ал өнерімен ғана емес ұйымшылдықтарымен сұрақтарға ұтымды жауап бере білген «Қазақ жастары» командасы бірінші орынға лайық деп танылды. «Ути-пути», «Ерекше», «Мимика» командалары ұйымдастырушылардың «Алғыс хатына» ие болды. Сондай-ақ «Үздік ойыншы», «Үздік капитан» аталымдары бойынша да көзге түскен оқушылар марапатталды.

Меруерт Бөлек