Тұманбай сынды талантты ғасырда қазақ бір туар

Тұманбай сынды талантты ғасырда қазақ бір туар

Ол уақытта бұрын да атағын алыстан естіп, жырларын жастана оқып, жаттап өскен ақын ағамызды танымал тұлғалардың мерейтойлары мен әдеби жыл қортындысы секілді Одақта өтіп жататын кезекті жиын-жиналыстарда сыртынан көріп, сүйсініп, реті келсе жиналыс соңынан қалың көпшілікпен бірге  келіп имене сәлем беруден әріге бара алмайтын балаңдау кезіміз болатын.

          «Жастықтың мініп тұлпарын» демекші жанымызға жәй таптырмайтын жасырақ күнімізде топты жарып, той басқаратын да әдетіміз болатын.

Сондай бір думанды тойдың кезегінде жақын туыстарының баласының үйлену тойын басқаруыма тура келді. Тойға жай адамдар ғана емес кезінде облыс, республика деңгейінде қызмет атқарған үлкен-үлкен лауазым иелерімен қоса, ақын-жазушы ағаларымыз да құрметті қонақ ретінде төрге жайғасты. Лауазым иелерінің ешқайыссы ойымда қалмапты. Тойымыздың төрін толтырып, ел назарын ерекше өзіне аударған екі тұлғаны атай кетсем, біреуі белгілі жазушы, қайраткер, бүгінгі  «Егемен Қазақстан» сол кездегі «Социалистік Қазақстан» газетінің бас редакторы Балғабек Қыдырбекұлы да, екіншісі Тұманбай Молдағалиев ағамыз болатын.

    Асабаның әдеті бойынша тілек айтушыларға кезек берерде тіліңнің жеткенінше бар мақтау мен марапат сөздеріңді аямайтының, көпіртіп көпшік қоятының белгілі ғой. Кімге не деп мақтау айтқаным есімде жоқ, әйтеуір сөз асылын салмақтап, тіл құдіретін қадірлейтін осы екі тұлғаға деген менің ықыласым мен ниетім де бөлек еді. Себебі бұл кісілерді жұртқа тәптіштеп таныстырудың да керегі шамалы, өйткені жұрттың бәрі таниды. Асыра мақтаудың да қажеті жоқ. Бұл кісілер бүкіл иісі қазақ мақтана алатын тұлғалар болатын. Артық қыламын деп тыртық қылмау жағын да ойдан шығармай, қысқа әрі нұсқа, мәнді де сәнді етіп ойымды жеткізсем деген ниетпен табан астында Тұманбай ағаға сөз берерде тілімнің ұшына оралған сондағы төртжол өлең мынау еді:

    Сызылған қыздай қылықты,

 Тұманбай ағам біртуар.

  Тұманбай сынды талантты.

  Ғасырда қазақ бір туар.

             Бұл осыдан тура отыз бес жыл бұрын қазақтың тума талант ақыны ,Қазақстан Ленин комсомолы, Абай атындағы мемлекеттік, Физули атындағы халықаралық сыйлықтардың иегері, Тұранның Тұманбайы атанған тума талант тұлғалы ақынымыз Тұманбай Молдағалиевке арнаған ең алғашқы лебізім еді.

             Сол бір сәтте аспайтын да таспайтын, сөз сөйлеуден саспайтын, жүрісі де тұрысы да маңғаз марғасқа ағамыздың қолына микрафонды ұстатып жатып ерекше бір мейірім мен шапағатқа толы күн нұрындай жылылықты келбетіне көрік беріп тұратын ашық көзәйнегінің аржағында күлімсіреп тұратын көз жанарынан анық байқаған едім. Бойымды бір ерекше шабыт буғандай шадыман шалқар көңілмен мақтаныш сезіміне бөленгендей әсерде тұрмын.Себебі, бір көруге де қолың жете бермейтін халқының қадірлеген тума талант иесі, тау тұлғалы Тұманбай ағаның қасындамын. Жәй ғана қасында емес, жүздеген жұрт алдында  қолын алып амандасып, сөз беріп тұрған жайым бар. Міне, осы бір сәтті ұзақ уақыт жыр етіп жұртқа жариялап та жүрдім. «Тұманбай ағамен бірге тойда болдым.Тұманбай аға төрде отырған тойды басқардым. Сол тойда тілек айту кезінде Тұманбай ағаға мынандай өлең жолдарымен сөз бердім»-деп, құдды бір дүниені төңкергендей жүрген жерімде жар салып жүргенімді несіне жасырайын. Жылжып жылдар өтіп жатты.Тұмағаммен жүздесіп, сұхпат құруды армандап жүргенде ол кісімен жақын араласып тереңірек танысуымызға себеп болған өзімнің ұстазым, аға досым, белгілі ұста, қолөнер шебері

«Жарасқан басыңдағы қырауың да,

  Өзіңсің ақыным да, жырауым да.

   Туылған менен кейін жарық сәуле,

  Қазатком деп аталған бір ауылда» — деп жыр арнаған Тұманбай ағамыздың өз інісі, өнерлес, жерлес бауыры Дәркембай Шоқпарұлы болатын. Жақсының жақсылығын айт нұры тасысын демекші, сол Дәркен ағамның шәкірті әрі сырлас інісі бола жүріп ұлтымыздың небір ұлағатты да ұлтжанды ұл-қыздарымен танысып-білісіп араластық қой.

            Кейін келе көптеген мектеп мекемелері мен мәдениет ошақтарында, Еңбекшіқазақ ауданы әкімшілігінің ұйымдастыруымен өткізілген шығармашылық кештерде де жиі жүздесіп, ақын ағаның алдында сахнаға шығып сөз сөйлеп, өлең де оқитындай дәрежеге жеттік. Сондағы аңғарғаным Тұманбай аға бір сәтке де өлеңсіз өмір сүре алмайтын өзгеше жаратылған жан екендігіне көзім анық жетті. Ол кісінің өзі де реті келгенде бұл әдетін үлгі-өнеге етіп айтып отыратын еді.

                Елін сүйді, жерін сүйді. Тауды-тасты, өзенді-көлді, айлы түнді, күндізді, жымыңдаған жұлдызды, бір-біріне ғашық болған, кездесуге асық болған  жігерлі жасты ұл-қызды, тамылжыған табиғатты, мейірім мен шапағатты, мәңгі өлмейтін махаббатты, бәрін бәрін жырына арқау етті.         Бір сөзбен айтқанда Тұманбай ақынның тілге тиек етпеген тақырыбын табу қиын. Бұл нені білдіреді? Өлеңге деген өлшеусіз махаббат пен өмірге деген сүйіспеншіліктің шынайылығы. Адамды сүйді, сүйіндірді.

                  Ақын ағамыздың өз сөзімен айтар болсақ ғашық бола білген жанның ғана бойынан жылуы мәңгі жоғалмайды, қызығы тоналмайды, бақыты жоғарлайды.

                   Адамдарды шексіз сүйгендіктен ғана жарқыраған жақұттай жырларын жіпке тізген маржандай етіп, ішке бүккен мұңын да, сырын да алдыңа әкеліп жайып салады. Тұмағамның жүрегінде иненің жасуындай да жасырын сыр қалмайды.

                    Жаратушы Тәңірім өнер атты киелі ұғымнан әр адамға үлестіріп бергенде біреуге мысқалдап, біреуге тұспалдап, біреулерге жиып-теріп, шанда біреуге үйіп-төгіп беретіні секілді сол Тұманбай атты алып тұлғалы ұлына жиып-теріп те, үйіп-төгіп те барынша тасытып бергенге ұқсайды.

«Келем кейде Алматымда жаяулап,

 Келем кейде көше бойлап, ой аулап.

 Жапырағын баяу ғана қозғайды,

  Түніменен ұйықтамаған, ұйықтамаған ояу бақ», немесе:

«Жұлдыздар жерге жақындап.

 Байланып қалған секілді.

Қаз-қатар өскен тату бақ,

 Ойланып қалған секілді»…

Тілсімі тереңге тартқан мұндай сұлу суреттерді суыртпақтап тарта берсең түгесіп болмайсың, шумақ-шумағымен шыға береді, шыға береді… Бұл шынында ғасырда ғана бір туатын Тұманбай сынды біртуар таланттың ғана еншісіне бөлінген сыбаға демеске шараңыз жоқ. Өнер туралы, өлең туралы сырласқанда  Тұмаш ағамның жанарынан от ұшқындап, шабыттың шаңқан бозына мінгендей  шамырқанып шарқ үрып, талай шабыттанған кезінің де куәсі болдық. Сондай сәттегі өлеңге сонша өлердей ғашық өрелі тұлғаның өзгелерге айтатын өсиеті де ешкімді бей-жай қалдырмасы анық.

            —Поэзияның перзенті боламын дегендерге айтарым, ең алдыменен шынайылықты, шындықты, тазалық пен мөлдірлікті, мейірімділік пен махаббатты мейлінше меңгеруің керек. Өлең-ол ең алдымен қасиетті сезім. Ал тазалық жоқ жерден қасиет қашады. Осындай қасиетің болмаса өлең шіркін отарбасынан сені ерте түсіріп кетеді. Талантың мен тазалығың болмаса айдалады адасып қаңғып қаласың. Құдай ақындарымызды осындайдан сақтасын! Сондықтан да өлең деген айналайынмен абайлап сөйлескен жөн деп отыратын. Ақын аға жайында айта берсе әңгіме көп. Кімге болса да қолынан келгенше шарапаты мен шапағатын тигізді. Адам баласын адал сүйе білген алып жүрегімен талайдың басын игізді.

                Бірде белгілі ақын Темірше Сарыбайұлы «Балдырған» журналында қызмет істеп жүрген кезінде бас редактор өзінің бастығы Тұманбай ағаның кеңсесіне кіреді.Қарбалас жұмыс ұстінде қағаздарын қобыратып отырған Тұманбай ағам кенеттен:

  —Әй, Темірше, сен естіген жоқ па едің? Ертең Алматы қаласына арнап өлең жазған ақындардың жыр мүшәйрасы болады. Соған сен де қатыспайсың ба?-дейді.

  –Ой, Тұмаға, Алматыға арнаған менің өлеңім жоқ қой, оған қалай қатыспақпын?-деп тығырыққа тірелген Темірше інісіне:

  —Қанша жыл осы ару қала, әсем қала  Алматыда тұрып, қызмет істеп жүріп өлеңім жоқ дегенді менен басқа ешкім естімесін. Жоқ болса жазасың. Сен ақын емессің бе? Жақсы ақынсың. Жаз. Бүгін отырып жаз…

                Әңгіме осымен бітті.Тұмаш ағамның бөлмесінен арқама бір ауыр жүк арқалағандай қалың ойға қамалып әрең шықтым. Ағаның маған айтқан сын-ескертпелері, ертеңгі жыр сайысының сынағы және ол кісінің маған деген мейірі мен пейілінің ауып сенім арта сөйлеуі, мені еріксіз жазу сөліне байлады. Бұрыннан да ойдағы пісіп-жетіліп қалған тың ойларымның сыртқа лықсып төгілуіне Тұманбай ағам түрткі болды да,өлең деген жарықтық өзінен-өзі төгілді.

 «…Желкілде жырдың шудасы,

Шапшышы, шалқып көкке өлең.

Бабамның әппақ бурасы,

Бұл жерге тегін шөкпеген.

… Алматы дейміз әсілі,

АЛЛАНЫң нұры жауған жер» -деп келетін әлі сиясы кеппеген жыр жолдарым ертесінде-ақ топты жарып жыр мүшәйрасының бас жүлдесін жеңіп алды. Мұның бәрі Тұманбай аға секілді жан жылуын жанына таратып жүретін тума таланттың қамқорлығымен қол жеткізген жетістігім болатын»-деп жиі еске алушы еді. Енді міне, екі ақынымыз да арамызда жоқ…

              Табиғаттың тыңшысы мен махаббаттың жыршысы атанып, сонау алпысыншы жылдардағы қазақ лирикасына жыл құсындай жаңалық болып келген Тұманбай ақынның кез келген туындыларын тамсанбай, таңданбай оқу әсте мүмкін емес.

                 Ол адами асыл қасиеттердің нәзік те нәрлі болмысы мен оны дәл жеткізудің тиімді формасын таба білген талант. Ол адаммен ғана емес, аңмен де, құспен де, ағашпен, таумен, таспен, сумен де сырласып,тілсім сырдың тереңінен тіл қатады. Өлеңімен өрнектелген ерекше бір шеберлігімен сезімтал жүрегінің лүпілін тыңдатады. Бұл Тұманбай ақынның тәңірі өзі тарту еткен ақындық мол дарыны мен таусылмас қажыр-қайраты…

Сарқылмас күш-қуаты.

 Ренжітпедім мен елді,

Кезегі келсе қуанттым.

Арқасы бәрі мендегі,

Беделі ұшқыр қуаттың — деп өзі жырлаған сол күш-қуат кісілігіне қылау түсірместен қарыштап алға ұмтыла беретін ақын ағаның бойынан да ойынанда еш сарқылып көрген емес. Ол арқырап ағып таспайтын, арнасын бұза-жарып қашпайтын қалыбынан танбай ағып жататын Қара Етістің суындай қазынасы мол жырымен жұрының жүрегінің жылуына оранған ақын. Көктемдегі еріген қар суымен қосылып тентектік танытып тасып, жазға салым жайылып жоқ болып кететін жәй өзеннің суы да емес, өзгеше бір сағынышпен тыңдаған құлақтың құрышын қандырып, жүректің отын жандырып, әсерлі бір ырғақпен әсем әнге салдырып, жаныңды нұрға малдырып,таудан аққан бұлақтай сарқырап ағып жатса да сарқылмайтын, түгесіліп ешқашан таусылмайтын түпсіз терең дария іспетті дарын иесі болатын.

Боламын кейде бір емен,

Бойымен көкті тіреген.

Боламын кейде ағын су да мен…

Бұл нәзік жанды ақын болмысының бейкүнә сәби жүрегінің табиғат тілсімімен тірі адамша тілдесіп, сөйлесе алуының бір көрінісі ғана. Мұндай өлеңді біресе асқақтаған тәкәппар тауға, біресе миуасы төгілген бауға, біресе сыңсыған қалың нуға, енді бірде сылдырап ағып жатқан мөлдір суға айнала салуға дайын, өз қалауымен осылардың әрқайыссының образына еркін еніп ойлана алатын ұшқыр ой мен қанатты қиялдың иесі ғана айта алса керек.

          Өлең болып туылып, өлең болып жаралған, өміріне өлшеусіз өлеңнен ғана нәр алған Тұманбай ақынды өлеңінен ешкім бөле алған  жоқ. Бөле алмайды да. Себебі ол өзінің сол ес білген шағынан бастап, мұңдасы да сырласы, қимасы да құрдасы секілді өлең деген ең киелі ұғымның ажырамас бір бөлігіне айналып кеткен өнерпаз.

   Ақынның алпыс жыл бойы жазған еңбектерін кітап күйінде атын атап түсін түстер болсақ, сонау «Студент дәптерінен» бастап өмірінің ақырына дейін шығарған жинақтарының саны елуге жетеді екен. Оның бер жағында 2002-2004 жылдар аралығында  Алматы қаласындағы «Қазығұрт» баспасынан әрқайсының көлемі отыз бес баспа табақтан тұратын он төрт том болып жарық көрді.  Кейінгі шығармалар жинағы жиырма төрт томды құрайды. Осы жинақтардың бәрі де жеке кітапханамның төрінен орын алған құнды дүниелер. Сол еңбектердің тоғызыншы томындағы «Әй, өлей-ай, өлең-ай»-деп басталатын мына бір жолдарға көз жүгіртсек өлеңге деген ақын сүйіспеншілігі мен берік махаббатының куәсі боламыз.

Әй, өлең-ай, әй, өлең-ай, өлең-ай,

Нағашым-ай, ағашым-ай, бөлем-ай.

 Әуре болып жүр ғой әлі біреулер,

Мені сенен, сені менен бөле алмай…

                 Заманының заңғар ақыны атанып, кейінгі толқын інілеріне қамқоршы ұстаз, ақылшы аға бола білген Тұмаш ағамыз  алдыңғы толқын аға буын өкілдеріне де адал дос, ақылшы іні бола білді. Аға буын өкілдерінің ішінде біртуар ақын Тұманбайға да, жыр майталманы Мұқағалиға да ағалық ақ батасын беріп, өз әкесіндей қамқорлық жасаған Әбділда Тәжібаев атамыздың  берген мына бір бата тілегімен ақын Тұманбай ағамыз туралы естелік мақаламызды тамамдасақ деймін.

          «Тұманбай екеумізді тағдыр өзі қосты. Мен аға, ол іні болып табыстық. Біріміздің көзімізге екіншіміз махаббат көзіменен қарадық. Ешнәрсені айтпай-ақ, бірімізге-біріміз жақсы сөздер айтпай-ақ ұғыстық. Бұл Тұманбай таңғажайып ақындығымен қоса таңғажайып адам. Ол адамды сүю үшін, оған сену үшін ғана туған…

         …Мен жалпы Тұманбаймен достығымды өзіме ерекше мақтаныш етемін. Жасасын Тұманбай!»

 

Камнұр Тәлімұлы,                                        

 ақын сазгер, Қазақстан Республикасы білім беру ісінің үздік қызметкері, Халық Мұғалімі, Талғар ауданының Құрметті азаматы, Алматы облысының бас биі