Наурыз мерекесіне орай ұлттық спорт түрлерінен Талғар ауданының біріншілігі өтпек. Осыған байланысты Талғар ауданының дене шынықтыруды және спортты дамыту орталығының ұйымдастыруымен Талғар аудандық мәдениет үйінде спорттық-патриоттық бағытта ауданымызда атқарылып жатқан жұмыстар мен жоспарлар туралы баспасөз мәслихаты өтті.
Шараға БАҚ өкілдері мен ауданымыздың әр ауылдық округінен келген спорт әдіскерлері мен тұрғындар қатысып, ашық диалог алаңын құрды. Брифингті жүргізген ҚР құрметті спорт қызметкері, Талғар ауданының дене шынықтыруды және спортты дамыту орталығының басшысы Жандос Бусурманов өңіріміздегі спорттың дамуы туралы сөз қозғады. Оның айтуынша, Талғар ауданында ұлттық спорт қарқынды дамуда. Ересектер мен балалар арасында жылдам дамып келе жатқан спорттың болашағы зор.
Баспсаөз мәслихатының құрметті қонағы Алматы облысы маслихатының депутаты, «ARTPRODUCTIONS.KZ» компаниясының директоры Гүльжан Тусибиянова өңіріміздегі ұлттық спорттың дамуы мен маңызы туралы: «Ұлттық спорт түрлерінің өмірімізде алар орны ерекше. Ол тек дене шынықтырып, салауатты өмір салтын қалыптастырып қана қоймай, елге, салт-дәстүрге, тарихқа деген құрметті, патриоттық рухты асқақтата түседі. Жалпы кез келген халықтың ұлттық ойындары арқылы сол елдің мәдениеті мен тұрмыс-тіршілігі танылады. Ұлттық спорт түрлері ауданымызда қалай дамуда? Осы сауалға жауап іздей отырып, сақталған мәселелердің түйінін шеше білуіміз керек. Қазіргі таңда ауданымызда ұлттық спорт қарқынды дамып жатыр деуге толық негіз бар. Әсіресе, көкпар, құсбегілік, теңге алу, жамбы ату, аударыспақ, бәйге жарыстары сынды ұлттық спорт түрлері жандана түсуде. Көптеген тәжірибелер көрсеткендей қазақтың ұлттық ойындары жастарды тәрбиелеуде үлкен маңызға ие болып отыр. Ұлттық ойындардың балалардың математикалық амалдарды жетуге, ойлау қабілетін арттыруға, күш, төзімділік, ептілік кабілеттерін жетілдіруге көп әсерін тигізеді. Бұдан басқа олардың бір-біріне деген көз-қарасын, ұлт-аралық қатынастарды нығайтуда үлкен роль атқарады. Қазақтың ұлттық ойындарын зерттеу қорытындылары көрсеткеніндей, олар көптеген қимыл
қозғалыстарды қамтиды: жүгіру, лақтыру, секіру, дәлдік жаттығулары, тепе-теңдікке, жылдамдық – күштілікке және де ойынға катысушылардың ағзасына әр түрлі әсерлер береді», – деп атап өтті.
Кездесу барысы Талғар ауданының дене шынықтыруды және спортты дамыту орталығының ресми инстаграмм парақшасында тікелей эфирде жүргізілді. Желі қолданушылары ел игілігі жолында еңбек етіп жүрген азаматтардың ісіне сәттілік тілеп, қуанышты екендерін жеткізді. Жиылған жұрт тарапынан қойылған тартысты сауалға тұщымды жауаптар берілді. Спортшылар мен спорт сүйер қауым көкейінде жүрген көп сауалдың жауабын тауып, болашақта қолға алатын жоспарлар талқыланды.
Брифингте ерекше ұсыныстар айтылып, жиылған қауым өз пікірлерін ортаға салды. Алда жоспарлап отырған ауданымыз тұрғындары арасынан 35 жастан жоғары, 90 келі салмақ дәрежесі бойынша Қазақ күресінен аудандық турнирді сәтті өткізудің жоспары талқыланды. Бұл тартысты жобаға 300.000 тенге тігіліп, 1 орынға ие болған балуан 150.000, 2 орынға 100.000, 3 орынға 50.000 теңге сыйақы берілмек. Сонымен қатар ұйымдастырушылар атынан диплом мен медаль де беріледі.
Осы жобаның басты демеушісі – «ARTPRODUCTIONS.KZ» компаниясы.
Әр ауылдық округте Талғар ауданының дене шынықтыруды және спортты дамыту орталығының спорт әдіскерлеріне хабарласып жарысқа қатысу үшін тіркеле алады. Толық ақпаратты сол әдіскерлерден ала аласыздар. Сөз соңында Талғар ауданының спорт сүйер қауымына сәттілік тілейміз!
Зорагүл Әбдіқадір