Қазақстан Республикасының Президенті Қасым- Жомарт Тоқаевтың 2022 жылғы 3 наурыздағы №826 «Әкімдердің халықпен кездесулерін өткізу туралы» Жарлығына сәйкес, Талғар ауданының әкімі әр тоқсан сайын тұрақты түрде округ әкімдерімен кездесіп келеді. Сондай басқосудың бірі жуырда
Бесағаш ауылында өтті. Тұрғындармен болған жүздесуде аудан әкімі Бесағаш ауылдық округі бойынша 2023 жылы атқарылған іс шаралар, ауылдың әлеуметтік-экономикалық дамуы туралы есеп берді.
56 мың халқы бар Бесағаш ауылы аудандағы ең ірі ауылдық округ.
Аудан басшысыныың айтуынша, өткен жылы Бесағаш ауылдық округіне бөлінген қаражат 273,7 миллион теңгені құрады. Оның ішінде санитарлық тазарту, абаттандыру, көгалдандыру жұмыстары, жолдарды жөндеу, күтіп ұстауға көшелерді жарықтандыру жұмыстарына бөлінген қаражат толығымен игерілді. Салық бойынша ауылдық округтің бюджеттік кірісі 345,5 миллион тенге болса, орындалғаны 356,5 млн. тенге.
Әкімнің есебінен кейін жиналған жұрт ойларын ортаға салып, толғандырып жүрген сұрақтарын төтесінен қойды. Мегаполистің іргесінде тұрса да бесағаштықтардың қордаланған мәселесі көп екен. Суару маусымы басталса сусыз қалады, онымен қоса мұнда жарық қашан өшіп қалар екен деген үрей үйреншікті жағдайға айналған.
«Луч» саябағының төрағасы Төлеген Ыстыбаев бірден үш сұрақ қойды: «Осы жиынға келіп отырғандардың 30 пайызы саяжай тұрғындары. Біріншіден, былтырдан бері біздерге ауыл мәртебесі беріледі деген мәселе көтеріліп еді, әлі жауап жоқ. Екіншіден, бізде су жеткіліксіз, жаз болса жақындап қалды, суғармақ түгілі ішуге су жоқ. Бізде үш ай сайын энергияның бағасы көтерілуде».
Бұл сұрақтарға аудан әкімінің өзі жауап беріп, «қазір құжаттарды дайындау, шекараларды бекіту жұмыстары аяқталып қалды. Мамыр айының соңына қарай құжаттарыңызды алып, мекенжайларыңызды Бесағаш ауылы деп өзгертесіздер», – деді. Мұны естіген халықтың қуанышы қойнына сыймай кетсе керек, ду қол шапалақ соқты. «Тарифтер бойынша, наурыздың бірінен бастап жаңа тариф енгізілген, 28,62 теңге деп бекітілген. Саябақ төрағалары АЖК-дан сатып алады да сіздерге баға қосып сатады, ол туралы қолдарыңыздағы келісімшартта жазылған. Бір жерде 5, бір жерде 7 теңгеден қосады. Әкімдік оған араласа алмайды, өйткені төраға өздеріңіздікі, келісімшарт араларыңызда жасалған. Тек сотқа ғана жүгіне аласыздар. Негізі қосылған 4-5 теңге қайда жұмсалып жатқаны туралы төраға сіздерге есеп беруі керек. Елдімекенге көшкеннен кейін әркім жеке шот ашады. АЖК-мен тікелей келісім жасайсыздар, сонда ел қатарлы 28,62 тенге төлейтін боласыздар», – деп жауап берді.
Сөз кезегін алған саяжай тұрғындарының бірі 21 ғасырда интернетке қол жеткізе алмай, техникалық су ішіп отырғандарын жеткізді. «Ыдысқа құйып алған судың тұнған кездегі түбіндегі лайды көрсеңіздер ғой! Сол суды ішіп отырғандар бар, шамасы келгендер дүкеннен су сатып алып ішеді, қаладан таси беруге әркімнің шамасы жетпейді. Саяжайда тұратындардың басым бөлігі қарапайым халық, 150 теңгемен ауыл арасында адам тасып, нәпақасын тауып жүргендер», –деп налыды.
Әкім бұл сұраққа қазір бұрынғы жобаларға өзгеріс енгізіліп , жаңа жоба қолға алынатынын жеткізді. Аудандағы 48 елдімекенге жылда кезекпен қаржы бөлініп жатыр, ауыл мәртебесін алғаннан кейін бесағаштықтарға да кезек жетіп, мәселелер шешімін табатынын айтты.
– «Восход» пен «Луч» саябақтарына жалғыз ғана жол барады. Неге ол жол жарты жерге келгенде тоқтап қалды? Ертең төтенше жағдай орын алып жатса ана жалғыз шұңқыр жолдан ешкім өте алмай, кептеліс болатыны анық, – дейді Светлана есімді саяжай тұрғыны. Ауыл әкімі Ернар Ниетбайұлы ол сұраққа: « Сіз өзіңіз кірген кооператив туралы заңды мұқият оқып шығыңыз. Мешітке дейінгі өз аумағымыздың жолын жасап қойдық , ал әрі қарай біздің құзырымызға жатпайды. Қазіргі саяжайларды бас жоспарға енгіздік, енді ауыл мәртебесін алғаннан кейін стандарттарға сай бәрі жөнделеді», – деп жауап берді.
«Самал» саяжайының тұрғыны Күләнда Амирова тағы да су мәселесін көтерді. «Былтыр бәріміз ақша жинап, бір «накопитель» қойып алдық. Енді жаз келеді, екінші «накопитель» қойсақ су жеткілікті болар еді. Бірақ кедергілер көп. Саяжай төрайымы өзі ештеңе істемегенімен қоймай, бізге қарсы. Жиналған қаржының қайда жұмсалып жатқаны туралы ешқашан есеп бермейді. Қаладан су кіргіземін деп ақша жинап жүр. Жарықтың қуаттылығы нашар, жиі өшеді, қыста бір-екі күндеп шамсыз отырған кездер болды. Жол шұрық тесік, жүріп тұру қиын»,– деп жанайқайын жеткізді.
Әкім: – Өздеріңіз сайлаған төраға, біздің акимат араласа алмайды, тек сотқа жүгініп шешіңіздер. Трансформаторға қосылған сайын оның қуаты азаяды, жетпейді, жаңарту керек. Саяжайлар Үкіметке өтпей біздің қолдан ештеңе келмейді, – деп жауап қатты.
«Тюльпан» саябағының төрағасы Даниар Бекбергенов:
– Көктем бастала судан айырыламыз. Су таситын машиналар су алатын жер жоқ, қарап отырады. Мына заманда жарықсыз отырамыз, техниканың бәрі істен шығып болды. Оператор, диспетчерлер әрең жауап береді. Свет жоқ деп телефон шалып тұрсаң «оны қайдан білдің?» деп өзіңе сұрақ қояды. Ауыл әкімі араласқанда ғана жарық қоса бастайды. Жеке компаниялар ұяттан жұрдай адамдар деп айта аламын. Бұларды жауапкершілікке тартатын кім сонда? – деді.
Ауылдың белсендісі Талдыбай ағамыз өзінің сұрақтарына жауап алғанша микрофонды ешкімге бере қоймады.
– Екі жыл болды, жері қазылып, жаңа трубалардың салынбай далада жатқанына. Қанша қаражат бөлінді. Неге соларды жалғап су жібермеске? Аурухана, мектептер сусыз отыр. Жазда су болу үшін оны қазір жасау керек емес пе?
– Жұмыстар жүріп жатыр, төрт жыл бойы тоқтап тұрған құжаттар жарты жылда дайындалып, мемлекеттік актілер тіркелді. Сот процесі жүріп жатқан, қазір бәрі іске қосылды. Осындай атқарылып жатқан іс- шаралардың жақсы жақтарын неге айтпайсыздар? «Юг» жобасы бойынша барлық жұмыстар 1-ші мамырда аяқталады деп жоспарлап отырмыз. Жұмыстардың атқарылу барысын әкімшіліктің алдына кесте жасап іліп қоямыз, біліп жүресіздер, – деп жауап берді Т. Айдарбеков.
Әңгіменің аяғы өткен жылы топырақ көшкіні болған Бурабай саяжайына ауып кетті. «Ол жерде ешқандай құрылыс жұмыстары жүргізілмеу керек, жер сілкінсе немесе таудың еріген қары басса тау ағып, ауылға түседі» деген сұраққа Т.Айдарбеков: – Бурабайда өткен жылы білесіздер жар құлаған, оның салдарын жойдық. Осы жылы қайтадан басталды. Біз төтенше жағдайлар, селден қорғау органдарының өкілдерімен бірге тексеру жүргіздік. Таудағы үйлердің септиктері жер астына кетеді де лай көшкіндерін тудырады. Сондықтан ол жаққа біз толықтай канализация жобасын бастадық. 149 млн.тенге ТЖ арқылы бөлініп, тауды шауып, кесу жұмыстары жүргізіледі. Астындағы үйлерді аман алып қалу үшін, үлкен
жұмыстар атқарылады, барып көрсеңіздер болады. Кезінде адамдар 4-5 сотка жер телімдерін шаруашылық, қожалық нысаны ретінде алып, кейіннен жарды қазып, кеңейтіп, тұрғын үй жасап алған.Қазір ешқандай құрылыс жұмыстары жүріп жатқан жоқ, ол жерде үй соғатын жер де қалған жоқ . Ал енді оларды басқа жаққа көшіру немесе үйлерді ысыру туралы әңгіме жоқ», – деп жауап қатты. Сондай-ақ кездесуде тұрғындардың бірі газ құбырларының уақытында тексерілмейтінін, тазаланбайтынын айтып, шағымданды. Ал енді бір ауыл тұрғыны округ әкімдігі ғимаратының қашан жаңа ғимаратқа көшетінін сұрады. Т. Айдарбеков бұл сұрақ облыс басшысының тапсырмасымен жақын арада шешілетінін, 100 млн. теңгеге екі қабатты үй сатып алынатынын жеткізді. Тұрғындар арасында бұл кездесудің Алғыс айту, Көрісу күнімен қатар өтіп жатқанын ескеріп, аудан, ауыл әкімдерінің жұмысын оң бағалап, ризашылықтарын білдіргендер де аз болмады.
Жиынның соңы «бәрі кезең-кезеңмен, рет -ретімен шешіледі» дегенмен аяқталды. «Сабыр түбі сары алтын» демекші, саяжайлардың «ауыл» мәртебесін алып, су, жарық тапшылығынан құтылатын күні де алыс емес.
Бесағаштықтардың жанайқайы билікке жетіп, шешімін табады деген сенімдеміз.
Сәуле Құрмантаева