Қасиетті рамазан айы келіп жетті. Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының хабарлауынша, биыл Рамазан айы 30 күнге созылады. 11 наурыз алғашқы күні болса, 9 сәуір – соңғы күні. 10 сәуірде ораза айт мерекесі басталады. Сәуірдің 5-сінен 6-сына қараған түн – қасиетті Қадір түні.
Биыл пітір мөлшері 640 теңге болып белгіленді. Пітір садақаның мөлшері Қазақстан бойынша 2 келі ұнның орташа бағасымен есептелді. Ал ұнның бағасы ҚМДБ-ның қала және облыс өкілдіктерінің берген мәліметі негізінде анықталды. Пітір садақасын құрма, мейіз бағасымен де беруге болады. Көкейдегі көп сұрақтың жауабын білу үшін Талғар ауданының бас имамы, Абу Бакр Ас Сыддық мешітінің имамы Нұржан Керімбековпен сұқбаттасып қайттық.
– Қасиетті рамазан айымен тағы қауыштық. Мол сауапқа толы қайырлы айдың артықшылығы мен мұсылман қауымына беретін мүмкіндіктері туралы айтып берсеңіз.
– Асыл дініміз исламда қасиетті саналатын үш ай бар. Олар Ережеп, Шағбан, Рамазан. Бұл үш ай басқа айларға қарағанда жоғары тұрады, құлшылықты арттыруға себеп болады. Он екі айдың сұлтаны болған Рамазан айы биыл наурыз айының 11 күні басталды. Қасиетті Рамазан айына жеткізген Алла Тағалаға сансыз мақтаулар мен шүкірлер болсын. Рамазан айы пенделер үшін күнәлары мен қателіктеріне кешірім сұрап, Алланың кешіріміне ие болуға мүмкіндігі мол ай. Себебі Рамазан әрі кешірім айы. Рамазан айында ораза ұстап, ауыз бекіту тек қана ішіп – жеуден тыйылу емес. Болмысымызбен, мінезімізбен, дене мүшелерімізбен де ораза ұстап, жаман әдеттерден тыйылып жүруіміз керек. Бұл айдың сауабы мен мейірімін, адамзат баласы үшін сыйын түсінген сахабаларымыз «Раббымыз, бізді Рамазан айына аман-есен жеткізе гөр!» – деп көп жасайтын болған.
– Дініміз бен дәстүріміз біте қайнасқан. Осы жылы ораза Наурыз мерекесімен қатар келді. Ауыз ашар немесе ораза айт мерекесін тойлауда өзгешеліктер бола ма?
Ал енді Ұлыстың ұлы күні Наурыз мерекесімен қатар келгеніне келер болсақ, бұл күндері күндізгі уақытта мол дастархан жайып, қонақ күтуден барынша тыйылған жөн. Кешкілік ауызашар уақытында да наурыз көже жасап, қонақ шақырып атап өтуге болады. Бұл ауыз бекіткен адамдарға құрметіміз болады. Биылғы жыл ҚМДБ тарапынан «Ислам және дәстүр құндылығы» деп аталды. ҚМДБ қазақ халқының салт-дәстүрлерін дәріптеуде, ұлттық мерекелерді атап өтуде атсалысып келеді. Мысалы осы наурыз мерекесін жоғары деңгейде мешіттерде атап өтіп, ұлттық ойындар ойнатып, салт– дәстүрлерден көріністер көрсетеді. Талғар ауданы бойынша да бірнеше мешіттер оразамен қатар келген Наурыз мерекесін айт күндері атап өтуді жоспарлауда. Талғар ауданы бойынша бірнеше мешіттерде Құран Хатым оқылып, жалпы жамағатқа ауызашарлар ұйымдастырылуда.
– Ораза ұстау кімдерге парыз?
– Рамазан айы, оразаның әрбір сәтін сауап деуге болады. Абдулла ибн Амр арқылы жеткен хадисте: «Ораза мен Құран Қиямет күні құл үшін шапағатшы болады. Ораза тұрып: «Раббым! Тағам мен шаһуаттынан тыйдым, мені ол үшін шапағатшы ете гөр», – дейді, Құран болса: «Түнгі ұйқысынан бөлдім, мені ол үшін шапағатшы ете гөр», – дейді.
Әбу Һурайрадан жеткен құдси
хадисте: «Адам баласының тек оразадан басқа амалының барлығы өзі үшін. Ал ораза – Мен үшін. Оның сауабын Өзім беремін» деген. Яғни кімде-кім рамазан айында Алланың сый-сауабына деген иманмен және үмітпен ораза ұстаса, оның бұрынғы күнәлары кешіріледі. Рамазан айы сауаптар еселенетін ай болғандықтан бұл айда барынша жақсылық жасап, садақа беріп, құлшылықтарды көбейтіп, нәпіл намаздар оқып, салауатты арттырып жүрген абзал. Алла тағала оразаның сауабын өзім беремін дегенінен ақ бұл парыз амалдың сауабын түсінуге болады.
– Мектеп оқушыларының ораза ұстауы туралы не айтасыз?
– Шариғатымыз бойынша балиғат жасына жетпеген жас балаға ораза ұстау парыз емес. Балиғатқа және кәмелетке толмаған жас баланың ораза ұстау кезінде организмінде әлсіздік, дәрменсіздік пайда болуы мүмкін. Бұл мәселелер жасөспірімнің денсаулығына кері әсер етеді. Әрі оның толық, алаңсыз білім алуына кедергі келтірері анық. Қандай құлшылық болмасын оның ішінде ораза да білім алуға, тиянақты жұмыс істеуге кері әсер етпеуі керек.Оразаны себеп етіп, сабақтан қалып немесе үлгерімі төмендеп жүруге, сабаққа
дайындалмауға болмайды. Өйткені әр адам сауап амалды өзі үшін орындайды. Осы себепті ата-аналардан балиғат жасына жетпеген балаларды ораза ұстауға мәжбүрлемесе екен дейміз.
– Ораза ұстаған әр мұсылманның дұға, тілегі қабыл болсын. Сұқбатыңызға рахмет!
Зорагүл Әбдіқадыр