Алаяқтықпен күресу мақсатында Талғар аудандық прокуратура қызметкерлерімен Панфилов ауылдық округі әкімдігі бірлескен іс-шаралар жоспарын іске асыруда. Оның орындалу барысы аудан прокурорының тікелей қатысуымен, округ әкімдерінің, банк қызметкерлерінің және жергілікті полиция қызметкерлерінің қатысуларымен 3 рет талқыланды.
Соңғы жылдары біздің округте алаяқтық саны тұрақты түрде өсіп келеді. Мұндай іс-әрекеттерден келтірілген залал да өте ірі соманы құрайтыны анық.
Қазіргі кезде интернет-алаяқтықтың көбеюі байқалады. Заманауи технологияларды пайдалана отырып, қылмыскерлер әртүрлі тәсілдерді қолдануда. Олардың ішінде ең көп тарағаны веб-сайттар арқылы жәбірленуші өзі ақша аударып, кейіннен тапсырысын ала алмай қалу деректері. Әлеуметтік желілерде алаяқтар парақшаларды бұзып немесе көшіріп, материалдық көмек сұрап, туысқандарының атынан жалған өтініш жіберетін жағдайлар да жоқ емес. Шамадан тыс сенгіштік пен бейқамдық азаматтарды алаяқтардың сұраған сомаларын өз қолдарымен беруге мәжбүрлейді. Мысалы, «Сіздің пакетіңіз қоймаға келді, бірақ мекенжайы толық емес болғандықтан жеткізу мүмкін емес. Төмендегі сілтемеге мекен-жайыңыз туралы ақпаратты толтырыңыз, біз сізге 24 сағат ішінде жеткіземіз», – деп сілтеме жолдайды.
Банк саласында да алаяқтық жиілеп кетті. Қылмыскерлер өздерін банктердің қауіпсіздік қызметінің қызметкерлері ретінде таныстырып, клиенттерге олардың шоттарында күдікті операциялар немесе жүйенің ақаулары бар екенін хабарлайды. Содан сон ақшаны жалған шотқа аударуды ұсынып немесе банк картасының толық деректерін алып, ондағы барлық ақшаны тез арада иеленіп кетеді. Банк қызметкерлері үшін клиенттердің карточкалық шот бойынша деректерді немесе интернет банкинг паролін сұратудың қажеті жоқ екенін білу керек.
Соңғы кездері интернет желісін пайдалана отырып жасалатын алаяқтық құқық бұзушылық фактілері көбеюде. Әйгілі әлеуметтік желілер: «Instagram», «Facebook», «Telegram», «Вконтакте» сонымен қатар, «OLX.KZ», «MARKET.KZ», «KOLESA.KZ», «KRISHA.KZ» сайттарын және «What’s App» мессенджерін пайдаланып, жалған интернет-дүкендер, «фейк» парақшалар, сайттар ашып, түрлі тәсілдермен адамдарды алдап, ел сенетіндей қызықтырып жарнама жасап, сенімдеріне кіреді және хабарласқан адамдардан алдын-ала төлем талап етіп, «QIWI» әмияны арқылы төлетеді. Ол жерде әр-түрлі (пәтер, автокөлік, оның бөлшектері, киім-кешек, аяқ-киім сату, пәтер жалға беру, жұмысқа орналастыру, несие алып беру, банктегі қара тізімнен шығарып беру қызметтері және т.б. жалған жарнамалар көрсетілген).
Құрметті ауыл тұрғындары, қонақтар! Сіздерден ерекше сұрайтынымыз, өте сақ болыңыздар, жалған жарнамаларға сенбеңіздер. Несие алғыларыңыз келсе, аяқпен жүріп барып, банк қызметкерлерінен кеңес алыңыздар. «Судың да сұрауы бар» — демекші, бос жатқан дүние жоқ екенін біліңіздер, себебі көптеген жағдайларда аталған қылмыстар жәбірленушілердің өздерінің аңдаусыз әрекеттері салдарынан жасалып жатады. Өте мұқият болыңыздар және өз өмірлеріңізге алдымен өзіңіз жауапты екендігіңізді ескертеміз.
С.Мыктыбаева
Панфилов ауылдық округі
әкімінің орынбасары