Наурыз айының 5 күні Талғар ауданы әкімдігінде аудан әкімі Таңат Айдарбековтың және Қазақстан Республикасының Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің Алматы облысы бойынша департамент басшысы Арсен Жакуповтың қатысуымен өңірлік кадр резерві туралы жиын өтті. Өңірлік кадр резерві жобасының негізгі мақсаты – аймақты дамытуға талантты жастарды тарту екеніне тоқталған А. Жакупов Жобаның бірінші кезеңі 1-31 наурыз аралығында өтетінін хабарлады. Сонымен қатар кадрлық резерв пен оған қатысушыларға қойылатын негізгі талаптар, үміткер жобаға қатысу үшін қандай кезеңдерден өтуі қажет екенін түсіндіріп өтті.
Оның айтуынша, үміткер алдымен құжаттарды қабылдау кезеңінен, одан кейін заңнамалық білімі мен жеке қасиеттерін бағалау тестінен өтеді. Бұдан соң құзыреттерді бағалау мен комиссияда сұхбат болады. Соңғы кезеңде резервке кандидаттарды қабылдау туралы ұсыныс шығарылады. Наурыз айының бірінен бастап өңірлік кадр резервіне іріктеу басталады. Іріктеуге жоғары білімі және кемінде 3 жыл жұмыс өтілі бар, 35 жастан аспаған Қазақстан азаматтары қатыса алады. Қазақстан Республикасының Президенті тағайындаған адамдар, саяси қызметшілер, «А» корпусының мемлекеттік әкімшілік қызметшілері, Президенттік жастар кадр резервіне алынған адамдар өңірлік резервке іріктеуге қатыса алмайды. Өңірлік резервке алынатын кандидаттардың санын, салалық бағыттарды өңірлік кадр комиссиялары өңірдегі әлеуметтік-экономикалық жағдайды және мемлекеттік басқару жүйесін дамытудың басымдықтарын ескере отырып, айқындайды. Іріктеу бірнеше кезеңнен тұрады және 2024 жылдың 1 наурызынан маусым айының соңына дейін жалғасады. Резервте болу мерзімі 2 жыл. Осы кезеңде резервшілер сайланатын лауазымдарды қоспағанда, жергілікті атқарушы органдарда «Б» корпусының мемлекеттік әкімшілік лауазымдарына заңнамада тағайындалуы мүмкін.
Іріктеуге қатысу үшін 1 наурыздан 31 наурызға дейін onir.pkrezerv.gov.kz онлайн-платформасында жеке деректерді көрсету арқылы тіркелу қажет. Құжаттарды қағаз жеткізгіште немесе электрондық түрде ұсынған кандидаттар да онлайн-платформада тіркеліп, құжаттарды тапсырғаннан кейін бір жұмыс күні ішінде, бірақ хабарландыруда көрсетілген құжаттарды қабылдаудың соңғы күнінен кешіктірмей құжаттарды жүктейді. Жеке деректер бөлімінде дұрыс байланыс деректерін көрсетумен қатар, үміткерлер кадр резервінің өңірін және салалық бағытты таңдауы қажет. Екі және одан да көп өңірлік резервті немесе салалық бағыттарды таңдауға, сондай-ақ өңірлік резервті немесе салалық бағытты қайта таңдауға жол берілмейді.
Сәтті тіркелу үшін іріктеуге қатысушыларға белгіленген талаптарды сақтау, ұсынылған мәліметтер мен құжаттардың дұрыстығын қамтамасыз ету бойынша міндеттемелер қабылдау қажет. Барлық қажетті файлдар жүктелуі керек.
Өз кезегінде Т. Айдарбеков елімізде жастарды қолдауға арналған түрлі жобалар бар екенін айтып, өңірлік кадр резерві жобасы сондай маңызды жобалардың бірі деп атап өтті. Сондай-ақ аудан әкімі қазіргі таңда озық ойлы, бәсекеге қабілетті мамандар елімізге, ауданымызға ауадай қажет екенін жеткізді. Аудандық ақсақалдар алқасының төрағасы Ахат Сұлтанқұлов халыққа қызмет ету үшін елге, жерге деген адалдық пен сүйіспеншілік керек екенін ашып айтып, елдің ертеңі болар жастарды мемлекет тарапынан жасалып жатқан бағдарламаларды қолдауға шақырды. Сондай-ақ мұндай бағдарламалар жастар үшін берілген үлкен мүмкіндік деп атады.
Байқаудың әрбір кезеңінің нәтижелері комиссия шешім қабылдағаннан кейін бір жұмыс күні ішінде интернет-ресурстарда, кандидаттардың жеке кабинеттерінде, жобаның сайтында орналастырылады. Сондай-ақ іріктеуден қай тілде өту және әр кезеңге қатысатын күні мен уақытын таңдау кандидаттардың өз құзыретінде. Жоба барысында жастар резервте 2 жыл мерзімге алынады.
Зорагүл Әбдіқадір