Қонаев қаласында өткен жиында бастауыш ұйым төрағалары тұрғындардың мәселесін шешудегі тәжірибелерімен бөлісіп, ұйымның жұмысын жандандыру жолдарын талқылады. Форумға 55 мыңға жуық партия мүшесін біріктіріп отырған 155 бастауыш партия ұйымының төрағалары қатысты.
«Бастауыш ұйымдар – партиямыздың негізгі қозғаушы күші. Саяси өзгерістердің бел ортасында бастауыш партия ұйымдарының қолдауларың ерекше сезіндік. Бүгінде Алматы облысында «АМАNАТ»-тың 54 989 мыңға жуық мүшесі 155 бастауыш партия ұйымына біріктірілген. Дәл сол ортада азаматтар партия қатарына қабылданады және қоғамда партияның құндылықтарын ілгерілетуге қабілетті жаңа көшбасшылар қалыптасады», – деді партия филиалының төрағасы Қуат Байғоджаев.
Оның айтуынша, «AMANAT» партиясы бірқатар әлеуметтік жобалардың бастамашысы. Бастауыш ұйымдар «Ардагерлерді ардақтайық», «Кедергісіз келешек», «Бақытты отбасы» және басқа да жобаларды іс жүзіне асыру барысында ерекше белсенділік танытып жатыр. Мәселен, екі айда «Қарызсыз қоғам» жобасы аясында 600-ге жуық өңір тұрғыны қаржылық сауаттылығын арттырды. Ал өткен жылдан бері «Ауыл аманаты» жобасы бойынша ауыл тұрғындарына 4,6 млрд теңгеден аса сомада 622 шағын несие берілді. «Жер аманаты» жобасы аясында жекеге заңсыз өткен 236 мыңнан аса гектар жер мемлекетке қайтарылды.
«Бұл нәтижеге, көрсеткішке оңай қол жеткен жоқпыз. Шынын айту керек, мұндай нәтиженің артында барлық бастауыш партия ұйымының еңбегі, әрбір партияластың төккен тері тұр. Біз оны қашанда жоғары бағалаймыз», – деді Қуат Байғоджаев.
Ал бастауыш партия ұйымының партиялық жобаларды іске асыру аясындағы қызметі туралы Іле аудандық филиалының «Байсерке» бастауыш партия ұйымының төрағасы Сұлтан Жарқынбеков тәжірибесімен бөлісті. «Қазіргі таңда барша қазақстандықтар өздерінің кемел келешектерін партиямен байланыстырады. Ал оның айқын көрінісін Іле аудандық «Байсерке» бастауыш партия ұйымының жұмысынан көруге болады. Бастауыш партия ұйымының мүшелері жергілікті басқару органдарымен бірлесе отырып халықтан түскен өтініштер бойынша Қоянқұс, Ынтымақ, Жаңадәуір, Жаңаталап, Байсерке ауылдарында 42 көшенің жолын жасауға атсалысты. «Баланы мектепке дайындайық» акциясы аясында көп балалы және әлеуметтік аз қамтылған 55 отбасының 210 баласына киім-кешек пен оқу құралдары алынып берілді. Мақтанышпен айтар ізгі іс көп. Мәселелер сөз күйінде қалып жатқан жоқ, шешімін табуда. Билік пен халық арасын байланыстырып отырмыз», – деді Сұлтан Жарқынбеков. Сондай-ақ форумда партия қатары жаңа мүшелермен толықты. Оларға партия билеті табысталды. Жыл қорытындысы бойынша үздік деп танылған 16 партия ұйымының төрағалары алғыс хат және арнайы статуэткалармен марапатталды.
Облыстық «AMANAT»
партиясының баспасөз қызметі