Кезінде Қарасай ауданына қарасты Ақсай деген ауылдық округ болатын. Кейін ол Алматы қаласының шекарасын кеңейту мақсатында аталған мегаполистің аумағына берілді. Міне, осы Ақсай ауылдық округі ауданға қарасты болып тұрған шақта әкімдікте бас маман, округ әкімнің орынбасары және 2007-2009 жылдары әкім лауазымында қызмет еткен едім. Сол кездері Қарасай аудандық газетінің ұжымымын тығыз байланыста болдым. Сондай-ақ аталмыш мерзімді басылымның бұрынғы редакторы, марқұм Өтесін Құбиевпен Күрті ауданында бірге жұмыс істегенім де бар. Содан болар редакция ұжымымен араласуымыз жақсы болды.
Ауданның айнасына айналған газет қазіргідей апта сайын шығып тұратын және әр санын асыға күтетінбіз. Басылымның беттерінде ауданның және ауылдық округтердің қол жеткізген жетістіктері, айшықты жаңалықтары жазылып тұратын. Ол кезде аудандық әкімдік әр округке атқарылатын жұмыстар бойынша тиісті тапсырма беретін. Соны орандаған үшін газетте ризашылыққа толы жылы лебіздер жазылушы еді.
Сол жылдары ауданда өткен іс-шаралардан хабардар болу үшін газет оқырмандары оны асыға күтіп жүруші еді. Атап айтқанда, Қарасай ауданы әкімінің шешімі бойынша аудан орталығы – Қаскелең қаласында ауылдық округтердің күндерін өткізу, әрбір сенбі күні аудан орталығында белгіленген күн бойынша киіз үй тігіліп, аудан тұрғындарына тегін тамақ тараталып, ауыл өнерпаздарының ұйымдастыруымен концерт қойылып, Алматы қаласынан халыққа танымал әртістер келіп, өнер көрсетіп, көңілді жиындар ұйымдастыралатын. Осындай ауданның жағымды жаңалықтары газет бетінен түспейтін еді. Аудан әкімдігінде ауылдың ардагерлері, мұғалімдері, кәсіпкерлері бас қосып, кездесу өткізгенде аудан басшылары округтердің жетістіктерін айтып, көпшілікке таныстыратын. Сондай шараның бірі 2006-2007 жылдары болды. Осы жылдары округтер арасында футболдан аудан біріншілігі ұйымдастырылды. Үлкендер және жасөспірім балалар арасында футбол командасы құрылып, кездесулер өткізілді. Осы спорттық іс-шара аудандық газетке кеңінен жазылып, қай команданың нешінші орында тұрғаны туралы кестесі шығып тұрды. Ал бұл бастамаға сол кездері аудандық дене шынықтыру және спорт бөлімін басқарған Бақыт Иманбеков жауапты болды.11Газет бетінде сын тұрғысында материалдар да жарық көріп тұрды. Мәселен, Алғабас ауылында мектептің жоқтығы тақырыпқа арқау болып, ауыл тұрғындарының өтініш-тілегі бойынша аталған елді мекенде қашан мектеп салынады деген мақала жазылды. Нәтижесінде 2006 жылы 520 оқушыға арналған екі қабатты білім ошағы қолданысқа берілді.
Сонымен қатар, мерзімді басылымдағы мақалаларда оқушылар жүретін мектепке баратын көшелерді жарықтандыру, ауылды көгілдір отынмен қамтамасыз ету, ауыз су, көшелерді асфальттау туралы бірқатар мәселе көтерілді. Газет бетіндегі мұндай сындар ескеріліп, тиісті жұмыстар атқарылып тұрды.
Мерейімді асырып жарық көрген материалдардың қатарында менің 70 жасқа толуыма байланысты шыққан мақала да болды. Онда 2017 жылы Қарасай ауданының Құрметті азаматы атанғаным жазылды. Қайбір жылдары өзім басқарған Ақсай ауылдық округі әкімдігінің ұйымдастыруымен халық жазушысы Әзілхан Нұршайықовпен Теректі ауылындағы
Ә.Молдағұлова атындағы орта мектепте кездесу өтті. Оған мұғалімдер мен оқушылар қатысып, Ұлы Отан соғысы ардагерінің өсиеттерін тыңдады. Мұндай ұлы адаммен өткен шара да аудандық газетте жазылды.
Әрине, айта берсек БАҚ бетінде жарияланған жақсылықтар мен тосын оқиғаға негіз болған мақалалар жетерлік. Жаңалықтың жаршысына айналған басылымның орны қашанда бөлек дегім келеді. Биыл, міне аудандық газеттің құрылғанына 90 жыл толып отыр екен. Бұл өте айтулы дата дер едім. Осы ретте редакция ұжымын аудандық газеттің мерейтойымен шын жүректен құттықтаймын! Шығармашылық табыс тілей отырып, оқырмандардың сүйікті газеті болып қала беруіне тілектеспін.
Қасен ШАЛАБАЕВ
Ақсай ауылдық округінің 2007-2009 жылдардағы әкімі, Қарасай және Балқаш аудандарының Құрметті азаматы,
Қырғауылды ауылының тұрғыны.