Синоптиктердің болжамы бойынша маусым және шілде айларының шіліңгір ыстық болуына байланысты құрғақшылық болады. Алда ауа темперетурасы +45 градусқа дейін жетеді деп болжанған. Осындай аптап ыстықта суға жарымай отырған ауылдардың қатары көп. Ал Бесағаш ауылында баяғыдан су бірде бар, бірде жоқ. «Тас-Құм» ЖШС сумен қамтамасыз ететін Байтұрсынов, Жұмабаев, Қарасай батыр сынды көшелерде екі апта бойы бір тамшы су болмаған.
Маусымның 13-і күні аудан әкімі Таңат Айдарбеков және Талғар аудандық тұрғын-үй коммуналдық шаруашылығы бөлімінің мамандары су мәселесі бойынша Бесағаш тұрғындарымен кездесті. Жиынға «Тас-Құм» ЖШС-нің өкілі де қатысты. Сусыз отырған халық жауапты тұлғаларға жанайқайын жеткізді. Талғар күре жолының бойында орналасқан тойханалар мен бассейндер ауыз суды шамадан тыс пайладанатындықтан судың қысымы азайып, халыққа жетпей жатқаны да сөз болды. Мемлекетке салық төлеп, халықты жұмыспен қамтып отырған тойханаларды мүлдем сусыз қалдыра алмаса да тиісті шаралар қолданатынын айтқан Таңат Айдарбеков күн тәртібінде тұрған мәселені назардан тыс қалдырмайтынын атап өтті. Алматы сынды алып мегаполистің іргесіндегі ауылда ресми түрде 29 538 тұрғын тіркеуде тұрғанымен, бейресми дерек бойынша 40 мыңнан астам адам бар деген болжам айтылады. Ал 1968 жылы мың адамға шақтап су тарата бастаған «Тас-Құм» ЖШС бүгінгі таңда 11 мың адамды сумен қамтамасыз етуде. Алайда ауыл тұрғындары осы күнге дейін тіршіліктің тамырына қан жүгіртетін су тапшылығын тартып отыр.
Осы ауылда он төрт жылдан бері тұратын зейнеткер Амангелді Сандыбайұлы: «2015 жылдан бастап судың қысымы азайып кетті. Қыста күндіз су болғанымен, жаз шыға бере суға жарымаймыз. Таңертең сағат 9-10 арасында өшірсе, кешке 7-8 арасында келеді. Түнгі 10-нан кейін тағы жоқ. Осы уақыт аралығында үйдегі барлық шұңғыл ыдыстарға су толтырып үлгеруіміз керек. Үлгермесең дүкенге барып сатып алуға тура келеді. Ондағы су да жетпей, таласып-тармасып жатамыз. Тіпті таңдайымыз кеберсіп кештің батуын сарыла күткен кездеріміз де аз емес. Бірнеше күн бойы сусыз қалатын кездеріміз көп. «Адам үш күннен кейін көрге де үйренеді» демей ме?! Су келісімен босаған ыдыстарымызды толтырмай, көңіліміз толмайды. Қайтеміз, «Басқа түссе баспақшыл» деген бар. Мөлдіреген суы, жайқалған нуы бар Алатаудың етегінде қоныстанған халықтың сусап отырғаны намысыма тиеді. Дубайда болдым. Шөл далада, құмды алқаптағы қала біздің Алматыдан да жап-жасыл. Сусыз далада жасыл желек жайқалтып, өмір сүруге қолайлы орта жасап отырған елден қай жеріміз кем? Жер асты байлығымыз да олардан артық болмаса кем емес. Менделеев кестесіндегі элементтер барлығы табылатын, жерінің асты мен үсті қазынаға толы өлкеде тұрып құдайдың жаратқан суына жете алмай отырғанымызға кім кінәлі? Бұл жағдай кеше-бүгін пайда болған жоқ. 30 жылдан бері дендеген дерт. Қолында билігі барлар құлқынының құлы емес, ұлтының опалы ұлы болса бәрі басқаша болар ма еді?!» – деп налыды.
Мұндағы мәселенің мән-жайын жұрттың бәрі біледі. БАҚ өкілдері де жарыса жазған. Десе де ол мәселенің беті бері қараған емес, «Баяғы жартас – сол жартас». Ауылды ауыз сумен қамтамасыз етуге жауапты азуын айға білеген «Тас-Құм» ЖШС-іне ешкімнің тісі батпай отыр. 212 миллион теңге берешегі бар мекемені мемлекет меншігіне қайтару үшін үш жылдан бері сот процесі жүріп жатқанымен, еш нәтиже болмаған. Құзырлы орындардың құзіреті жүрмейтін, мемлекет пен халықтың қаһарынан айылын тартпақ түгілі, ешкімнің сөзін құлаққа ілмеген бұл мекеме кімдікі?! Енді қанша күтерін, кімге сенерін білмеген жұртшылық әлі де жақсылықтан үмітті. Тілге тиек етіп отырған мәселенің тағы бір ұшы арық жүйесінің ретсіздігіне келіп тіреледі. Мақатаев көшесінде тұратын Алтынбек есімді азамат осыдан екі-үш жыл бұрын ауыл ішіне салынған арықта ешқашан су болмағанын жеткізді. Ауласына шағын көкөніс, жеміс-жидек еккенімен, су тапшы болғандықтан өнім ала алмай отырғанына күйінді. Базарда жемістің түр-түрі болғанымен, қолжетімсіз бағасы мен дәрі-дәрмекпен өндірілген өнімнің сапасына наразы. Өз қолымен өсірген жемістің еш залалсыз, дәмді әрі дәруменге бай өнімді тек үйдің ауласында ғана өсіре алатынын айтып: «Мұндағы жұртшылықтың бәрі бірдей ауласында көкөніс өсірмесе де, жаз бойы ауласында бассейн жасап, гүл-шөптерін суғарады. Сондықтан судың қысымы айтарлықтай азайып, су тапшылығы туындайды. Әп-әдемі бетонмен жасалған арықта бір тамшы су жоқ. Қоқысқа толып, қураған ағаш пен шөп басып жатыр. Су жібере алмаса сонша шығындалып мұны неге жасағанын түсіне алмадық? Арық ауылдың жоғары жағындағы Мақатаев-1 34А мекен-жайындағы үйдің қасынан аяқталады. Яғни бас жағы жоқ. Үй салынған, көше түскен т.б. Мұны тергеп-тексеріп жатқан ешкім жоқ. Жол жиегін бойлай аққан су шағын арна қалыптастырып, асфальт жолдың жиегін бүлдіріп, үйлердің ауласына кіріп кетеді», – деп тағы бір шындықтың шетін шығарды. Дәл осындай жағдай ауданымызға қарасты барлық ауылдық округтерде де кездеседі. Мысалы, Талдыбұлақ ауылы Тебереков көшесіндегі арықта соңғы жылдары мүлде су ақпайды. Ал жазда ауыз су азайып, тіршілік нәрінен таршылық көрген жұрт шулай бастайды.
Кездесуде Талғар аудандық тұрғын-үй коммуналдық шаруашылығы бөлімінің бас маманы Айбек Ақылжанов аталған ауылды сумен қамтамасыз етуге арналған «Оңтүстік» жобасы туралы толығырақ таныстырды. Алайда тұрғындар сарыла күткен жобаның тек жобалық-сметалық құжаттамасы ғана дайын екені белгілі болды. Сонымен қатар іс оңына басса тек келесі жылы ғана бұл жобаға қаржы бөлінуі мүмкін екені де айтылды. Тумаған сиырдың уызынан дәметіп отырғанын түсінген халық «мына ыстықта үйінде бір тамшы суы жоқ ел не істейді?» деген сұрақты төтесінен қойды. Халықтың жанайқайын түсінген әкімшілік тиісті орындарға тапсырма жүктеп, халықты сусыз қалдырмауға уәде берді. «Тас-Құм» ЖШС-нің өкілі Ернар
Татанов күрделі жөндеу көрмеген нысанның ескіргенін мойындап, су тапшылығының басты себебін тұрғындар санының артуы мен су қолданушылардың көптігімен түсіндірді. Судың қысымын арттыру үшін түрлі шараларды қолданғанымен мәселені толық шешуге қауқарсыз болып отырғанын айтқан ол «Алматы суға» 216 миллион теңге берешегі бар мекемені мемлекет меншігіне қайтару мәселесі туралы іс сотта қарастырылап жатқанын да жеткізді.
Зорагүл Әбдіқадір