Ұлттық қордың жыл сайынғы инвестициялық табысының 50 пайызын балалардың арнаулы жинақтаушы есепшотына аударуды ұсынамын. Қаржы әр бала 18 жасқа толғанға дейін аударылып тұрады, оны мерзімінен бұрын есепшоттан шығарып алуға болмайды. Жинақталған қаржы балалар кәмелет жасына толғаннан кейін олардың баспана немесе білім алуына жұмсалатын болады. Бұл қаражат өскелең ұрпақтың үлкен өмірге қадам басуына мүмкіндік береді. Қор, шын мәнінде, ұлттық мәртебеге ие болып, халқымыздың игілігіне қызмет етеді. Бастаманы мұқият әзірлеу қажеттігін ескере отырып, жобаны 2024 жылғы 1 қаңтардан жүзеге асыра бастауды тапсырамын.
Қасым-Жомарт Тоқаев,
ҚР Президенті
«Ұлттық қор – балаларға» атты жаңа ған байланысты «Қаржы әр бала 18 жасқа толғанға дейін аударылып тұрады, оны мерзімінен бұрын есепшоттан шығарып алуға болмайды. Жинақталған қаржы балалар кәмелет жасына толғаннан кейін олардың баспана немесе білім алуына жұмсалатын болады. Бұл қаражат өскелең ұрпақтың үлкен өмірге қадам басуына мүмкіндік береді. Қор, шын мәнінде, ұлттық мәртебеге ие болып, халқымыздың игілігіне қызмет етеді. Бастаманы мұқият әзірлеу қажеттігін ескере отырып, жобаны 2024 жылғы 1 қаңтардан бастап іске қосуды тапсырамын» деген президент тапсырмасына сәйкес Үкімет отырысынан кейін тілшілер қауымының сұрақтарына жауап берген Ұлттық экономика министрі Әлібек Қуантыров Ұлттық қордың инвестициялық табысының 50 пайызын арнаулы есепшотқа аударуға қатысты былай деді: «Жыл сайын есептеу жүргізіледі. Өткен жылдың инвестициялық кірісі алынып, шоттар арасында бөлінеді. 2024 жылдың 1 қаңтарынан бастап балаларға 2023 жылдың табысынан қаражат есептелетіні белгілі болды. Ұлттық қордың жыл сайынғы инвестициялық кірісінің 50 пайызын мерзімінен бұрын алу құқығынсыз, кейін оларды тұрғын үй сатып алуға және білім алуға пайдалану мүмкіндігімен аударуды көздейтін «Ұлттық қор – балаларға» жобасын іске қосу жоспарланып отыр. 3 мың доллар – ол орташа есеппен айтылған қаражат. Қазіргі кезде бұл көрсеткіш қосымша есептеліп жатыр. Бұл жүйе 2024 жылдан іске қосылады. Осы кезде аталған жүйеде бала бір немесе екі жыл ғана (18 жасқа толғанда) болуы мүмкін. Бұл тұрғыда есепшотқа аударылатын қаражат сомасы да аз болады. Механизм қазір тиісті мемлекеттік органдармен бірлесіп талқыланып жатыр. Қазақстан азаматы болып саналатын балаларға шот бірден ашылады. Бұған қатысты тиісті ақпарат деректер базасында бар. Қажетті деректер Әділет министрлігінің базасынан автоматты түрде түсіп отырады. 2024 жылдан бастап осы жүйе енгізіледі. Жалпы бүкіл Қазақстан бойынша 18 жасқа толмаған балалардың бәрі саналатын болады. Тек қана жаңа туған емес, барлық балаларға аударылады. Ұлттық қордағы қаражат 100% доллармен сақталады. Өйткені қордың бүкіл активтері шетелде, яғни шетелге инвестицияланған». Министрдің айтуынша, бұл қаражаттың доллармен есептелу себебі – есепшоттағы салымды инфляциядан қорғау. Ұлттық қорд ан балалар шотына аударылатын ақшаны ата-аналары пайдалана алмайды. Бала кәмелет жасына толғаннан кейін ол ақшаға үй алуға немесе білім алуға жұмсауды өзі шешеді. Ал жалпы қаражат сомасы 2024 жылы баланың жасына қарай есептеледі. Алматы қаласында өткен баспасөз мәслихатында Қаржы министрі Ерұлан Жамаубаев: «Қазақстанда қазіргі таңда 18 жасқа дейінгі 6,5 млн-нан астам бала бар. Олардың өздерінің арнайы шоты болуы керек. Біз бұл мәселені қарастырып жатырмыз. Алдағы уақытта оларға арнайы шот ашылады. Бұл шотқа жыл сайын қаражат түсіп отыруы керек. Бала 18 жасқа толғанға дейін ол қаржыны алуына мүмкіндік болмайды. 18-ге толғанда бала ол қаржыны үйіне немесе оқуына жұмсауға мүмкіндік алады. Қазір біз «Балаларға арналған ұлттық қордың» концепциясын әзірлеу үстіндеміз. Тапсырма бойынша ол 2024 жылдың 1 қаңтарында жұмысын бастауы тиіс», – деген мәлімдеме жасады. Бұған дейін президенттің баспасөз хатшысы Руслан Желдібай Ұлттық Банк пен Үкіметтің есептеулеріне сүйене отырып еліміздегі әр баланың шотында 18 жасқа толған кезде 3000 доллар көлемінде қаражат болатынын айтқан. Оның айтуынша, елімізде жыл сайын орта есеппен 400 мың бала өмірге келеді. Ал мәжіліс депутаты Аманжан Жамалов 7 қыркүйек күні өткен төменгі палатаның отырысында Ұлттық қорды «Резервтік қор» және «Ұлттық қор – балаларға» деп екіге бөлуді ұсынды. Себебі «қазіргідей Ұлттық қор қаражатын республикалық бюджет тапшылығын жабу үшін және түрлі мемлекеттік бағдарламаларға аударып пайдалану инвестициялық кірісті ұлғайту саясатына қайшы келеді. Үкімет балаларға ақша аудару үшін Ұлттық қордан ақша ала отырып та инвестициялық табысты азайта түседі. Бұл проблеманы шешу үшін Ұлттық қорды екіге бөлу керек. Оның біріншісі – резервтік қор. Ол бюджет қажеттілігін қаржыландыру үшін пайдаланылады. Тап қазіргідей. Екіншісі – «Ұлттық қор – балаларға». Онда Ұлттық қор актвитерінің 50 пайызы беріледі. Ондай жағдайда әр бала үшін арнайы шот ашылып, барлық инвесттабыс үлестіріледі». Белгілі экономист Мақсат Халық балалардың 18 жыл ішінде шамамен қанша қаржы жинап үлгеретінін есептеп көрді. «Қазіргі уақытта ұлттық қорымызда 52,5 миллиард доллар бар. Алайда бүгінгі таңда инвестициялық табыстың көрсеткіші сын көтермейді. Бірақ соған қарамастан жылына 10 пайыздық кіріске қол жеткізуге болады. Ол үшін сол жолда жақсы жұмыс жасалуы керек. 52,5 миллиард доллардың 10 пайызы шамамен 5 миллиард доллардан асып жығылады. Оның 50 пайызы, яғни 2,5 миллиард доллар 6 миллион 100 мың балаға беріледі. Бұл дегеніміз жылына әр бала 400 доллар, теңгеге шаққанда 200 мың теңгеден алады деген сөз. Менің ойымша, бұл – жақсы инвестициялық бастама. Алдағы уақытта Ұлттық қордың түсімдері артып, инвестициялық кірістілігі өсетін болса, сол жолда білікті мамандар жұмыс жасайтын болса, балалар 18 жылда болашағына деген белгілі бір қаражатты жинақтап үлгере алады», – дейді маман. Дегенмен экономист алдағы уақытта балалардың туу көрсеткіші өсетін болса, онда әр балаға бөлінетін қаражат та бала санының көбеюіне байланысты азаюы мүмкін деген болжам жасады. Айта кетейік, қазіргі уақытта бұдан бөлек жәрдемақылардың бұдан бөлек бірнеше түрі бар. 2022 жылы айлық есептік көрсеткіш (АЕК) көлемінің өсуіне байланысты әлеуметтік төлемдер мен жәрдемақылар мөлшері де өзгерген. Мемлекеттік қызметтер және онлайн ақпарат беретін egov.kz порталының мәліметінше 2022 жылдың 1 қаңтарынан бастап ең төменгі күнкөріс деңгейі мен ең төменгі есептік көрсеткіштің 36 018 теңгені құрайды. АЕК көлемі – 3 063 теңге.
2022 жылғы 1 сәуірден бастап:
— Жәрдемақыларды және өзге де әлеуметтiк төлемдердi есептеу үшiн айлық есептiк көрсеткiш – 3 180 теңге.
— Мемлекеттік базалық зейнетақы төлемінің ең төмен мөлшері – 20 191 теңге.
— Зейнетақының ең төмен мөлшерi – 48 032 теңге.
— Базалық әлеуметтiк төлемдердiң мөлшерлерiн есептеу үшiн ең төмен күнкөрiс деңгейiнiң шамасы – 37 389 теңге.
Бала туғанда берілетін жәрдемақының мөлшері:
— Бірінші, екінші және үшінші балаға – 38 АЕК (116 394 теңге);
— Төртінші және одан да көп балаларға – 63 АЕК (192 969 теңге).
— Бала бір жасқа толғанға дейін оның күтіміне байланысты ай сайынғы жәрдемақы бала күтімін жүзеге асыратын және міндетті әлеуметтік сақтандыру жүйесінің қатысушылары болып табылмайтын жұмыс істемейтін әйелдер мен ер азаматтарға тағайындалады.
Жұмыс істемейтін әйелдер мен ерлер үшін бала бір жасқа толғанға дейін оның күтімі бойынша ай сайынғы жәрдемақының мөлшері:
— Бірінші балаға – 5,76 АЕК (17 643 теңге)
— Екінші балаға – 6,81 АЕК (20 859 теңге)
— Үшінші балаға – 7,85 АЕК (24 044 теңге);
— Төртінші және одан жоғары – 8,90 АЕК (27 261 теңге).
Төрт және одан да көп кәмелетке толмаған балалары немесе 23 жасқа дейінгі күндізгі бөлімде оқитын студенттері бар отбасылар үшін жәрдемақы отбасының табысына қарамастан тағайындалады:
— Төрт балаға – 16,03 АЕК (49 100 теңге);
— Бес балаға – 20,04 АЕК (61 382 теңге);
— Алты балаға – 24,05 АЕК (73 665 теңге);
— Жеті балаға –28,06 АЕК (85 948 теңге);
— Сегіз және одан да көп балаға – 32,06 АЕК (98 200 теңге), оған қоса әрбір келесі балаға 4 АЕК-тен.
2022 жылы мүгедектігі бойынша жәрдемақы мөлшері:
— І топ – 1,92 ПМ (69 155 теңге)
— ІІ топ – 1,53 ПМ (55 108 теңге)
— ІІІ топ – 1,04 ПМ (37 459 теңге).
Мүгедек балалардың барлық топтары үшін жәрдемақы мөлшері 16,7%-дан 37%-ға дейін өскен.
Асыраушысынан айрылу жағдайы бойынша айлық жәрдемақы:
— Отбасының еңбекке жарамсыз бір мүшесі болған жағдайда 0,86 ПМ (30 975 теңге) мөлшерінде;
— Отбасының еңбекке жарамсыз барлық мүшелеріне екі – 1,49 ПМ (53 667 теңге) болған кезде;
— Отбасының еңбекке жарамсыз барлық мүшелеріне үш – 1,85 ПМ (66 633 теңге) болған кезде;
— Отбасының еңбекке жарамсыз барлық мүшелеріне төрт – 1,96 ПМ (70 595 теңге) болған кезде;
— Отбасының еңбекке жарамсыз барлық мүшелеріне бес – 2,03 км (73 116 теңге) болған кезде;
— Алты және одан көп болған кезде – отбасының еңбекке жарамсыз барлық мүшелеріне 2,11 км (75 998 теңге).
— Ата-анасының екеуі де айырылған жағдайда жетім балаларға асыраушысынан айрылу жағдайы бойынша жәрдемақы әр балаға 1,18 ПМ (42 501 теңге) мөлшерінде, отбасының еңбекке жарамсыз қалған мүшелеріне — 0,54 ПМ (19 450 теңге) мөлшерінде, бірақ отбасының еңбекке жарамсыз барлық мүшелеріне 2,56 ПМ (92 206 теңге) аспайтын мөлшерде тағайындалады.
Жанбота Сұлтанмұратқызы