Көктем келіп, қар еріп, жердің беті лай-теңіз болған шақта балшыққа батып, топыраққа шыланып қалған машинаны жуудың машақаты басталады. Айтпағымыз ол емес, мынау: Бәрінің десек артық айтқан болармыз, бірақ қалтаны қағатын қаптаған көлік жуу орталықтарының бағасы қызметіне сай емес.
Мысалы, 100 теңге салып машинаның сыртын шайқап алуға болатын болса, көбінде ақшаны салып, су шашатын батырманы басқанда неге екені белгісіз, автомат экранындағы уақытқа тиесілі сан 100-ден емес, 98-97-ден басталады. Енді есептей беріңіз, күніне әр 100 тг-ден мұндай ақша жеп жатқан кәсіпкер заңсыз қызметі үшін қанша пайда табады? Көлік жуушыдан естуімізше, 100 теңгеге кемінде 2 минут беріледі екен. Көбінде екі минут тұрмақ, 1 минутқа жетпейтін уақыт беріледі. Ал мұнан жеп жатқан ақшаны қосыңыз. Олар көрсететін тағы бір қызмет – шаңсорғышпен тазалау. Оның ақшасының далаға кететіні өз алдына, шаң соратын қауқары да жоқ, қирап жатыр. Бірақ ақша алатын тұсы мінсіз жұмыс істейді. Қылсаптары (щетка) сынық, оған жалғанған түтіктері қырық жамау. Қырып ақша алғанды білген кәсіпкерлер қылатын қызметіне де жауапкершілікпен қараса игі еді деп қынжыласың. Дәл осындай жағдай Талғар-Алматы тас жолының бойындағы Талдыбұлақ ауылының кіреберісіне орналасқан «Лондон» көлік жуу орталығында. Бір емес, бірнеше рет тексерген соң айтып отырмын. Өзі көрсетіп отырған қызметтің сапасынан орталық иесі хабарсыз дегенге кім сенеді? Алқам-салқам боп тұрған автоматтар арқылы ақша тауып отырған адамдар елдің қамына алаңдар деп ойлаудың өзі артық болса да, «Өлімнен ұят күшті» екенін білсе дейсің… Қаладан шеткерірек болғандықтан мұнда келетіндердің қарасы аз емес. Өйткені қалаға жақын маңдағыдай емес, мұнда ұзақ уақыт кезек күтіп сарылмайсың. Былай қарасаң бағасы да өзгелерден қымбат емес. Бірақ жоғарыдағы жағдай осы көлік жуу орталығына да тиесілі. Жай-жапсарды біліп, ақша салатын құрылғының жұмысы дұрыс емес екенін ескертіп сол жердегі қызметті бақылап отырған үлкен кісіні сөзге тарттық. «Бүгін ғана осы қызметке келдім», – деген ол: «Иә, келгендердің бәрі осылай ескерту жасап жатыр. Жаңа біреу 1500 теңгем кетті деп зарлап кетті. Басшыларға айтамын. Мен ештеңе білмеймін», – деп ақ безер де, көк безер болды. Жасы үлкен адам болған соң сөзіне сендік. Көлігін жуып жатқан бірнеше жүргізушімен де сөйлестік. «Амал жоқ, жуып жатырмыз. Мынадай кезде басқа жерлерде қырғын кезек. Салған ақшаға сай уақыт берілмейді. Бір айналып шайып шыққанша уақыты бітіп қалады. Сапасыз болса да, әупірімдеп жуып жатырмыз…» дегенге саяды. Енді қараңыз, өзіне-өзі қызмет көрсететін мұндай орталықтарға көбінесе айлығы шайлығына жетпей, жоқтан бар жасап жүрген, онсыз да қалтасы жұқа қара халық келеді. Ал оларды таскенеше жабысып сорып жатқан кәсіпкерлерге жейтін нанының адалдығы емес, қалтасының толып, қара басының қамы жасалса болғаны. Тападай тал түсте көзіңді бақырайтып қойып тонап отыр. Олардың жұмысын бақылайтын құзырлы орындар қайда қарап отыр деген ой келеді. Әлде көңілі толмаған істің бәріне «мұның бәрі ауыз жаласқан жемқорлар» деп қарайтын халық пікірінің шындығы ма? «Аңқау елге арамза молда» онсыз да жетерлік қой… Қалай болғанда да, аудандық әкімшілік пен құзырлы орындардың құлағына алтын сырға. Халыққа қызмет көрсететін мұндай орталықтардың жұмысын қатаң қадағалап, бақылауға алмаса, мына қымбатшылықта жыртығын тесікпен жамап, жанын жалдап, тісін қайрап зорға күн көріп отырған халықтың қара нанына ортақтаса берудің арты жақсылыққа апармасы анық. Арам мен адалды ажырата алатын ел едік қой. Ішер асының адалдығын халық қана емес, халыққа қызмет ететін әр қызметкер, әр кәсіпкер ойлауы керек. Өйткені сол халықтың арқасында біреу жұмысын жүргізіп отырса, біреу халыққа салынған салықтан айлық алып отыр. Халықтың қазынасына ортақтасып отырғандар халыққа қылар қызметін де ұмытпаса екен дейміз. Ас адал, бас аман болсын, ағайын!
Жанбота Сұлтанмұратқызы