МЕЙІРІМГЕ ТОЛЫ МЕРЕКЕ

МЕЙІРІМГЕ ТОЛЫ МЕРЕКЕ

Ұзынағаш ауылындағы Жамбыл аудандық мәдениет үйінде 8 наурыз — Халықаралық әйелдер мерекесіне орай өткен салтанатты кешке Қазақстан Республикасы Президентінің кеңесшісі Мәлік Отарбаев, Жамбыл ауданының әкімі Нұрлан Ертас, ауданның әр саласында қызмет атқарған ардагер аналар, білім беру және медицина саласында жемісті еңбек етіп жүрген қыз-келіншектер қатысты. Аталған шараның шымылдығын ашқан «Сүйінбай» театры әйелдер мерекесіне арналған «Ана жүрегі» қойылымын көпшілік назарына ұсынды. Сахналық көріністе күйбің тірліктің жетегінде кеткен көп адамның анасына бір сәт көңіл бөлмейтіні, кейде тіпті ренжітіп алатыны да бейнеленді. Көз алдындағы келеңсіз көріністің өмірдің өзінен алынғанын көрген көрермен көздеріне еріксіз жас алды.

Осыдан соң М. Нұржанұлы мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың аналарға арнаған құттықтау сәлемін жеткізіп, ардагер аналарға президенттің Алғыс хатын тапсырды.
— Құрметті аналар, аяулы арулар! Сіздерді мемлекет басшысы, ел президенті Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевтың атынан шын жүректен құттықтаймын! Жамбыл ауданы – қасиетті мекеннің бірі. Бұл жер – кешегі сөз дүлдүлі Сүйінбай мен Жамбыл, Қарасай, Наурызбай, Сұраншы, Сауырық сынды батырлар шық­қан киелі топырақ. Сондықтан осы өлкенің өрісін кеңейтіп, өресін биіктетіп отырған аналардың көктеммен қатар келген төл мерекесі құтты болсын! Жүздеріңізден шуақ, езулеріңізден күлкі кетпесін! — деген президент кеңесшісі аяулы аналарға арнал­ған ізгі тілегін де жеткізді. Өз кезегінде әйелдер қауымын төл мерекесімен құттықтаған аудан әкімі Нұрлан Ертас ауданның әлеуметтік-экономикалық дамуына үлес қосып жүрген әр саланың қызметкерлерін құрмет грамотасымен, Алғыс хаттармен марапаттады. Шара соңы мәдениет үйі қызметкерлерінің концерттік бағдарламасымен жалғасты.

Ерлан Төлегенов
Жамбыл ауданы