Кеңес өкіметінің солақай саясаты «дін жоқ, Құдай жоқ» деген бағытты ұстанды. Осыған қарамастан ата-бабаларымыз ұрпағына діни оқуды жасырын оқытып, ұстанымдарды жасыра үйретті. Жасырын ілім үйреніп, діни білім жиғандардың бірі – Рахымберген қажы Бекбосынұлы. Талғар қаласында алғашқы мешіттің ашылуына атсалысып, ескі ғимаратты жөндеуден өткізген атамыздың есімі ел ішінде әлі күнге дейін үлкен құрметпен аталады.
Рахымберген атамыз сол заман туралы: «Өткен ғасырдың 70-жылдары мен Алматы колхозының №2 сүт фермасында жұмыс істеп жүргенде намаз оқып отырғанымды көрген біреу үстімнен арыз жазыпты. Арыз Талғар аудандық Ішкі істер бөлімініне түсіп, онда мені «молда, дінді насихаттаушы» депті. Бұл мекеме ол арызды Талғар аудандық атқару комитетінің «идеология» бөлімінің басшысына жібереді. Идеолог мені шақырып алып ренжіп, біраз әңгіме айтты. Мен оған: «Ешкімді намаз оқы деп үгіттемедім. Бір ұлым – Алматыдағы мал дәрігерлік, екінші ұлым – Омбы қаласындағы жоғарғы оқу орнында оқиды, кішілерім мектепте. Менің жеке басымда не шаруаларың бар? – дедім. Сонда әлгі басшы орнынан тұрып: «Аға, елге көрсетпей оқыңызшы!» – деп өтініш білдірді», – деп еске алатын. Р. Бекбосынұлы 1923 жылы Алматы облысы Талғар ауданы, бұрынғы Бесағаш ауылында дүниеге келген. Еңбек жолын Ленин орденді Алматы ұжымшарында шопан болып бастаған. Тұрар Рысқұлов атындағы ұжымшарда зейнеткерлікке шыққанша сүт фермасында жұмыс істеген. Ол кісінің өмірбаяны «Ислам әлемі» баспасынан шыққан Сейсенхан Орынбекұлы Маханбеттің «Қазақстан қажылары дерекнамалық альбом-кітабының» қажылар тізіміне кірді. 1986-1991 жылдан бастап елімізде Наурыз мейрамын тойлауға және дінге, намаз оқып, мешіт ашуға рұқсат етілді. Осы кезде Рахымберген атамыз Мекке қаласына сапар шегіп, Алла алдындағы бес парызының бірі – қажылық борышын өтеп қайтты. Келе салып Талғар қаласындағы ескі балабақша үйін аудан әкімшілігінің рұқсатымен мешітке айналдырып, жұртшылықты имандылыққа үндеді. Алғашқы кезде бұл іске тосырқай қараған, шошынған жамағат та аз болған жоқ. «Мешітке жақын отырғанның иманы көбейеді», – деп тегін айтылмаса керек. Ай артынан жыл өтіп, мұсылмандықтың адам өміріне, тіршілігіне, қоғамға зияны жоқтығына басшылардың да, қарапайым халықтың да көзі жетті. Талғар қаласындағы алғашқы мешіттің ашылуы жайлы атамыздың шәкірті Мұрат Ерниязов былай деп еске алады: «Балабақша құрылысы ескі, бөлмелері шағын, сүрілудің алдындағы ғимарат еді. Рахымберген ата екеуіміз ғимаратты мешітке айналдыруға келісіп, төбесіне мұнара, бөлмелеріне жарық қойып, жамағаттың намаз оқуына лайықты жарақтауды ұйғардық. Осы мақсатпен аудандық кәсіпорындарға, шаруашылықтарға барып, басшыларынан қаржылай көмек сұрадық. Кейбіреуі мешітке көмек дегенді естіп, сырт беріп, құрғақ уәдемен шығарып салды. Жүрегінде иманы бар кейбір басшылар қолдарынан келгенше көмек берді. Ақырында дегенімізге жетіп, мешітке сай ғимаратқа айналдырдық». Талғар жерінде мұсылман мешіті ашылған күннен бастап азан шақырылып, намаз оқыла бастады. Халық жұма намазын оқуды әдетке айналдырып, халықтың дінге деген құлшынысы артып, мешітке келушілер көбейді. Әсіресе қасиетті жұма намазын өтеуге келген көпшілік шағын мешітке сыймай жатты. Атамыз осы мешітке бас имам болды. Түркия елінен келген дін қызметкерлері мешітті көріп халықтың дінге деген ынтасына риза болды. Талғар қаласына заманауи мешіт салып беруге уәде беріп, келісімшарт жасалды. Нәтижесінде Талғар қаласында еңсесі биік мешіт салынып, Рахымберген қажы Талғар ауданының бас имамы болып тағайындалды. Жаңа мешітке қаладағы бүкіл жамағатпен бірге іргелес жатқан Қызыл Қайрат, Алмалық т.б. елді мекендердің халқы келіп жұма намазын оқып, парыздарын өтейді. Бүгінгі күні, Талғар ауданын айтпағанда, Талғар қаласының өзінде бес мешітте жамағат Алла алдындағы парызын өтеп, жастарға дәріс оқылып, үздіктері Қазақстанның Ислам институтында, шетелдің жоғары діни оқу орындарында, медреселерде білім алуда. Рахымберген Бекбосынұлы Талғар ауданының бас имамы қызметін абыроймен атқарып, денсаулығына байланысты міндетін Тыныштық қажы Яқияұлына тапсырды. Өмірінің соныңа дейін мұсылмандық парызын өтеп, көптеген шәкірттер дайындады. Бүгінде олардың көбі Талғар ауданындағы мешіттерде имам, көмекші имам болып қызмет етіп жүр. Биыл Рахымберген Бекбосынұлы атамыздың туғанына 100 жыл толады. «Жақсының аты өлмейді, ғалымның хаты өлмейді» деген, есімін есте сақтау мақсатында (өзі салынатын жерін таңдап, бой көтеруіне атсалысқан) Талғар қаласындағы мешітке қажының есімін берсе нұр үстіне нұр болар еді.
Тұрсынқожа Тұрлыбеков